Конституциялық реформа халық таңдауын айқындайды
Қазір ел назары Астанаға ауды. Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия (Конституциялық комиссия) өз жұмысын бастап, бүгінге дейін алғашқы үш отырысын өткізіп үлгерді. Айта кету керек, Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты былтырғы Жолдауы мен Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтай отырысында берген маңызды тапсырмаларын орындауға арналған комиссия құрамына түрлі саланың өкілдері енген. Оған Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова жетекшілік етеді. Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағаның орынбасарлары болып бекітілген. Бас қаладағы байыпты басқосуларды бұқара БАҚ арқылы бақылап отыр. Бұл тұрғыда заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері де кеңінен қолданылып, тікелей эфирлер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар ұсыныс-тілектерді жолдауға да жағдай жасалған. Ең бастысы жұртшылық ел өміріндегі маңызды оқиғалардан қалыс қалмай, өзіндік үнін қоса білуі керек.
КЕҢЕСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ
Конституциялық комиссияның алғашқы жиынын кіріспе сөзбен ашқан Эльмира Әзімова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтергеніне, осыған орай Парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылғанына тоқталды.
Сонымен қатар Эльмира Әзімова Конституциялық реформаның басты мақсат-міндеттері жайында айта келе, аталған комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өту ретінде қарастыру қажет екенін тілге тиек етті. «Оның алдында айрықша миссия тұр: бір жағынан конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан заманауи сын-қатерлерге қатысты ұстанымымызды лайықты айқындауға мүмкіндік беретін Ата заңның тиісінше теңгерімін қамтамасыз ету, – деді ол.
Конституциялық комиссияның құрылуын тарихи оқиға деп бағалаған Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин оны осы уақытқа дейін жұмыс істеген Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы екенін жеткізді.
Жалпы, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберген, сондай-ақ «е-Otinish» және «eGov» порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түскен.
Осы аралықта жұмыс тобының алты отырысы өткенін айтқан Е.Қарин 20 қаңтарда Қызылордада шақырылған V Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы еліміздің алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап, жұмыс тобы әзірлеген жалпы тәсілдердің негізгілерін халық назарына ұсынғанына тоқталды.
Сондай-ақ Е.Қарин болашақ Құрылтайдағы депутат саны, үміткерлерге қойылатын талаптар, Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі, олардың өкілеттілік мерзімі, тағы да басқа басымдықтар жайында ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, Құрылтайға 145 депутат сайланады. Қазіргі заң бойынша жасы 25-тен асқан азаматтарымыз Мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ олар кейінгі 10 жылда еліміздің аумағында тұрақты тұруы шарт. Ең бастысы, елге қызмет етемін деген азаматтардың халық қалаулысы атануға мүмкіндігі болуы қажет. Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін.
ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Комиссия отырысында Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтқанын тілге тиек етті.
Оның айтуынша, аталған маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді. Сонымен қатар ол Қазақстанның Халық кеңесіне артылатын негізгі міндеттемелер жайында жан-жақты айтып өтті.
Жиында ұтымды ұсыныстар айтылып, орамды ойлар ортаға тасталуда. Мысалы, алғашқы отырыста Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Конституциялық реформаның аясында Ата заңның преамбуласын жаңғыртып, мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру қажет екеніне тоқталды. Ол преамбуланы жаңарту тек редакциялық түзету емес, ұлттық мемлекеттілікті нығайтатын, елдің идеялық бағдарын айқындайтын маңызды қадам болуға тиіс екенін айтты.
Ал «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы білім жүйесі мен мәдениеттегі зайырлылық Ата заңда нақты көрініс табуы – зиялылық дәстүрдің талабы екенін жеткізді. Мемлекеттік білім мен тәрбие жүйесі үшін зайырлы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар – өркениет темірқазығы саналатынын еске салған ол дамудың даңғыл жолына түскен алдыңғы қатарлы елдерде солай болғанын және бола беретінін тілге тиек етті.
Сол сияқты Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев еліміздегі ғылыми қызметтің Ата заң деңгейінде нақты реттелмегенін, соның салдарынан ел дамуын қамтамасыз етудегі ғылымның рөлі мен мәртебесі төмен екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі басты басымдықтың бірі – заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға негізделген білім мен инновацияға сүйенген экономиканы қалыптастыру. Бұл бағыт еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оның геоэкономикалық және геосаяси кеңістіктегі ұстанымын айқындай түседі.
Сол сияқты Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов алдағы реформалардың негізгі басымдықтарына тоқталып, олардың ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Депутаттың сөзінше, қуатты ішкі негізсіз сыртқы тұрақтылықты қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан елімізде конституциялық орнықтылықты қамтамасыз ету ерекше мәнге ие. Маңызды қадамның бірі – бір палаталы Парламентке көшу екенін, бұл жоғары өкілді органның жұмыс тиімділігін арттыратынын айтты. Бұған қоса, депутат шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ шетелдік қатысуы бар отандық заңды тұлғалардың саяси партияларды қаржыландыруына жол бермеу маңызды екенін атап өтті.
ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ – ОРТАҚ МІНДЕТ
Конституциялық комиссияның кейінгі отырыстары да қызу пікірталасқа толы болды. Конституциялық соттың төрағасы Эльмира Әзімова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын әрі реформаға деген қызығушылық жоғары екенін айқын көрсетеді.
Басқосулар барысында комиссия мүшелері кезекпен сөз алып, реформа аясында қолға алынуға тиіс ұсыныстарын ортаға тастады. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке көшу – еліміздің саяси жүйесін дамытудың қисынды жалғасы екенін жеткізіп, «Ақ жол» партиясы Мемлекет басшысының бастамасына нық қолдау білдіргенін еске салды.
Оның айтуынша, екі палаталы Парламент – бұл федералдық мемлекеттік құрылым институты, онда Сенаттың міндеті – федерация субъектілерінің заңнамасын ұсыну мен үйлестіру.
А.Перуашевтің айтуынша, бүгінгі таңда бір палаталы Парламенттің мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленген. Сонымен қатар Конституцияда оның мәртебесін бекіте отырып, Халық кеңесі жоғары консультациялық органын құру туралы бастама түрлі этностар өкілдерінің билік жүйесіне қатысуын 8 есе кеңейтеді, өңірлердің мүдделерін білдіруді бекітеді әрі азаматтық қоғам көшбасшыларының саяси жүйеге тартылуын қамтамасыз етеді.
Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым өз сөзінде жаңа Парламент – Құрылтайдың қызметіне қатысты 50, 51 және 53-баптарға ерекше назар аударды. Ол барлық ұсыныс Мемлекет басшысының Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларын ескере отырып әзірленгенін атап өтті.
Оның айтуынша, болашақ Құрылтайдың жұмысына қатысты ең мазмұнды әрі тұжырымдамалық өзгерістер 53-бапта қамтылған. Бұл өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару құрылымы мен жүйесін елеулі түрде өзгертіп, тұрақтандыруға, билік тармақтары арасындағы қажетті тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ өкілді, атқарушы, сот билігі арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған.
Жиында сөз алған саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституцияның преамбуласы елдің тарихи тамырын, құндылық бағдарлары мен мемлекеттің қызмет ету қағидаттарын кешенді түрде айқындауға тиіс екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, преамбула қоғамға «біз кімбіз, қайдан келдік, қайда бара жатырмыз» деген идеяларды айқын жеткізіп, құндылықтарды қалыптастыруға тиіс.
Саясаттанушы преамбула елдің тарихи негіздерін көрсетумен қатар, ғылым мен инновация жетістіктеріне негіз қалап, жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеуге тиіс екенін айтты. «Болашақ «алма піс, аузыма түс» дейтіндер мен инфоалаяқтарға емес, жоғары технология мен инновациялық салаларда еңбек ететін білімді, мәдениетті адамдарға тиесілі», – деді ол.
Сондай-ақ преамбула сыртқы әрі ішкі аудиторияға арналған маңызды мазмұндық мәнге ие екенін, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын бекітіп, бейбіт ниеттерді көрсететінін, заңдылықты, әділеттілікті, азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңызын айқындайтынын еске салды.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров өз сөзінде мемлекеттің тиімділігін арттыру мен азаматтардың мүдделерін қорғау үшін конституциялық өзгерістердің маңызын атап өтті. «Respublica» партиясы атынан сөз сөйлеген ол реформаларды толықтай қолдайтынын мәлімдеп, институттарды нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, нормативтік иерархияның айқындығы мемлекеттік тиімділік пен биліктің орнықтылығына жағдай жасайтынын атады.
Мәжіліс депутаты сондай-ақ қоғамдық диалогтің әрі Қазақстанның Халық кеңесі тетігінің азаматтар мен билік арасындағы тұрақты кері байланыс алаңы ретіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, реформа жас буынға бағдарланған, сондай-ақ экономиканы, кәсіпкерлікті, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайды.
Сонымен бірге Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев та сөз алып, комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін Ата заңды дайындауға бағытталғанын, «AMANAT» партиясы реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысып отырғанын әрі Президент бастамаларын толық қолдайтынын айтты.
Депутаттың сөзінше, комиссия ашықтық қағидаттары мен барлық саяси партиялардың пікірін ескеру негізінде жұмыс істейді, ал конституциялық өзгерістер институционалдық тұрғыдан мықты Парламент қалыптастыруға бағытталған.
Ол бір палаталы Парламентке көшу заң шығару ісін жеделдетіп, саяси партиялардың рөлін күшейтетініне әрі депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынына назар аударды.
Сондай-ақ Е.Бейсенбаев: «Барлық заңдар бір Парламентте үш оқылымнан өтеді: алғашқы екеуі – ашық түрде, үшіншісі – Конституция мен ұлттық заңнамаға сәйкестігін тексеру үшін. Бұл лоббистік ықпал мен жеке мүдделердің араласуын толықтай жоққа шығарады», –деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар депутат пропорционалды сайлау жүйесінің және партияішілік праймериздің маңызын айтты. Оның сөзінше, бұл тетіктер сайлаушылар мен Парламент құрамы арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз етеді, оның ішінде жеке азаматтардың өкілдері де болады.
Айта кету керек, комиссияның төртінші отырысы бүгін өтеді.
Асан ТІЛЕМІСОВ