Артында өшпес із қалдырған
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ақын, жазушы, драматург, ұстаз Әдібай Табылдиевтің 100 жылдығына арналған «Жырлайды жүрек» атты әдеби-танымдық кеш өтті.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Баймаханбет Ахмет, Әдібай Табылдиевтің ағайын інісі Орынбасар Әйтекеев пен келіні Күміскүл Әйтекеева қатысты.
Кеш барысында Әдібай Табылдиевтің сан қырлы шығармашылығы, педагогика мен әдебиеттегі орны, ұрпақ тәрбиесіне сіңірген өлшеусіз еңбегі кеңінен сөз болды.
Әдібай Табылдиев – бар ғұмырын бала тәрбиесіне, білім мен ғылымға арнаған кемеңгер ұстаз. Ол педагогика ғылымында ұлттық тәрбие, этнопедагогика мәселелерін терең зерделеп, ғылыми еңбектерімен қазақ білім беру саласының дамуына зор үлес қосты. Сонымен қатар балалар әдебиетінің қалыптасуына сүбелі еңбек сіңіріп, жас ұрпақтың таным-талғамын тәрбиелейтін көптеген шығармалар жазды.
Әдеби-танымдық кешке зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер қауыммен қатар жастар да қатысып, Әдібай Табылдиевтің адамдық болмысы, ұстаздық тұлғасы туралы естеліктерімен бөлісті. Сөз алғандар ғалымның қарапайымдылығы мен талапшылдығын, ұлт болашағына деген жанашырлығын ерекше атап өтті.
Кештің негізгі идеясы – жас ұрпақты рухани құндылықтарға баулу, ұлттық әдебиет пен білімге деген құрметті арттыру болды. Осы тұрғыдан алғанда, «Жырлайды жүрек» кеші өткенді ұлықтап қана қоймай, болашаққа бағдар берген тағылымды шара ретінде есте қалды.
Әдібай Табылдиевтің бай шығармашылық және ғылыми мұрасы – қазақ әдебиеті мен педагогикасының алтын қорына қосылған асыл қазына. Оның еңбектері бүгінгі ұстаздар мен оқушыларға, жас қаламгерлерге бағыт-бағдар беріп, рухани нәр сыйлауды жалғастырып келеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА