Әлеумет

«Жас сақшы» полиция сыныбының берері көп

Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында облыстық полиция департаменті мен мектеп әкімшілігінің ұйытқы болуымен «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымы мен тәрбиесі қатар өрілген жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар, ұстаздар қауымы және оқушылар қатысты.

Бұл бастама өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, құқықтық сауаттылықты арттыру және болашақ кәсіби бағдар беруге бағытталған. Полиция сыныбы оқушылардың ішкі істер органдары қызметімен жақынырақ танысуына, азаматтық жауапкершілікті бойларына сіңіруіне ықпал етеді.

Облыстық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ғалымжан Оразбековтің айтуынша, бұған дейін облыс бойынша 20-дан аса «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, бүгінде нәтижелі жұмыс атқарып келеді.

Әрі қарай «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылуына белсене атсалысқан қызметкерлер марапатталды. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов пен мектеп директоры Айнұр Егетайқызы құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманың жүзеге асуына атсалысқан ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар олар жас сақшыларға білім мен тәртіпті қатар ұстанып, елге адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуларына тілектестік білдірді.

Мерекелік жиын оқушылардың «Батыр бабам Бауыржан» әнін орындауымен, күмбірлеген күймен көркем әрленіп, соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тарқасты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ