Жамбыл жаңалықтары

Көрсеткіштердің орындалуы қатаң бақылауда

Әулиета өңірі үшін өткен жыл табыссыз болған жоқ. Оны қолда бар деректерден аңғаруға болады. Мәселен, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 1 триллион 550,6 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Ал жыл қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 108,9 пайыз болған. Алайда кейбір салалар бойынша өсім қарқынының көңіл көншітпеуі осы істің басы-қасында жүргендерді алаңдатуы тиіс. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде нақ осы мәселе назарға алынды.

Жиында облыстың 2025 жылғы қаңтар мен желтоқсан айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды. Алғашқы болып облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Салтанат Абдралиеваның баяндамасы тыңдалды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, экономикалық өсім базалық салалардағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етіліпті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,6 пайызға өссе, құрылыс саласында өсім 14,4 пайызды құраған. Байланыс саласында көрсеткіш 10,1 пайызға жетіп, көлік саласында 3,1 пайыз өсім тіркелген. Ауылшаруашылығында өндіріс көлемі 2,1 пайызға артса, сауда саласында өсім 0,5 пайыз деңгейінде қалыптасқан екен.

Есепті кезеңде ауылшаруашылығы саласында жалпы 514,8 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2024 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артып отыр екен. Облыста ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 639,7 мың гектарды құраса, жалпы 3,3 миллион тонна өнім жиналыпты. Малшаруашылығы өнімінің көлемі 220,7 миллиард теңгені құрап, ет өндіру 2,6 пайызға, сүт өндіру 1,6 пайызға артқан. Жұмыртқа өндірісі 16,9 пайызға төмендеген.

Облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы көтерме сауда көлемінің 98,1 пайыз деңгейінде қалыптасып, жоспарлы көрсеткіштің орындалмай отырғанына назар аударды. Аймақ басшысы осы мәселеге байланысты облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтан көрсеткіштің не себепті төмендегенін сұрады.

Аспандияр Мұраталыұлының айтуынша, көтерме сауда көрсеткішінің төмендеуіне шағын және орта бизнесті қаржыландыру тетігінің бір жарым жылға жуық уақыттан бері тоқтап тұруы негізгі себеп болған. Соның салдарынан кәсіпкерлер айналым қаражатына қол жеткізе алмай, соңғы екі жылда сауда мен қызмет көрсету саласында өсім болмапты. Сол себепті шағын және орта бизнесті қолдау үшін биыл 5-6 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастыру қажеттілігі туындап отыр екен.

Мұнан соң облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек облыстық бюджеттің жыл ішінде орындалуы жөнінде баяндады. Сонымен қатар облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев, Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев пен Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп берді.

Аймақ басшысы жиын қорытындысы бойынша көрсеткіші төмен қалыптасқан бірқатар аудан әкімдері мен салаға жауапты орынбасарлардан жауап алып, жұмысты жандандыруды тапсырды. Шаруаны шатқаяқтатқан кейбір жауаптыларға шара қолданылатын болды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ