2025 жылы елге оралған қандастар саны 16,8 мыңнан асты
2025 жылдың қорытындысы бойынша 16 805 этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келіп, қандас мәртебесін алды.
Ал 1991 жылдан бері республикаға жалпы саны 1 млн 164,8 мың этникалық қазақ қоныс аударған.
Елге келген қандастардың басым бөлігі Өзбекстан (44,5%) мен Қытайдан (44,1%). Сондай-ақ 4%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Моңғолиядан, 2,5%-ы Ресейден және 1,9%-ы басқа мемлекеттерден көшіп келген.
2026 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сәйкес, этникалық қоныс аударушылардың 57,4%-ы еңбекке қабілетті жаста, 34%-ы еңбекке қабілетті жастан кіші, ал 8,6%-ын зейнеткерлер құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 15%-ы жоғары білімді, 27,5%-ы орта кәсіби, 51,2%-ы жалпы орта білімге ие, ал 6,3%-ының білімі жоқ.
Қандастар еліміздің әр өңіріне орналастырылуда. Еңбек күші тапшы аймақтар ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары айқындалған.
2025 жылы қоныстандыру өңірлеріне 2 309 қандас көшіп барды. Бұл белгіленген жылдық квотаға толық сәйкес келеді. Аталған өңірлерге қоныстанған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі: көшуге отағасына және әр отбасы мүшесіне бір реттік 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде субсидия беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеуге бір жыл ішінде 15–30 АЕК (59–118 мың теңге) көлемінде қаржы қарастырылған.
Өткен жылы 1 834 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетіліп, оның ішінде 428 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, ерікті қоныс аударуды ынталандыру мақсатында солтүстік өңірлерге көшетін азаматтарды қабылдайтын жұмыс берушілерді қолдауға бағытталған институционалдық шаралар енгізілді.
Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты іске қосылды. 2025 жылы бұл сертификатты 586 отбасы алды.
Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап сертификат мөлшері 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.