Жаңалықтар

Таразда ҚАЖ мекемесінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде жиын өтті

«Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және ішкі істер органдары қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде мазмұнды жиын өтті. Басқосуға өңірлік департаменттің өзіндік қауіпсіздік тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, әділет майоры Аят Тұрсынбек қатысты.

Аят Бақытжанұлы өз сөзінде қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің жеке құрам қызметкерлеріне заң талаптарын қатаң сақтап, адал қызмет ету қажеттігін баса айтып, тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығы жөнінде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Сондай-ақ жиын барысында ҚАЖ қызметкерлеріне тұрғын-үй төлемдері бойынша жан-жақты мәлімет берілді. Тиісінше, мекеме қызметкерлері көкейлеріндегі сұрақтарына нақты әрі толық жауап алды. Айта кетейік, мұндай форматтағы басқосулар жас қызметкерлердің құқық қорғау саласында адал, жауапты және ел мүддесіне сай жұмыс істеуіне оң ықпалын тигізеді.