Жаңалықтар

Жамбыл облысында үздік полиция қызметкерлері марапатталды

Жамбыл облысы Полиция департаментінде тергеу, анықтау және жедел-криминалистикалық бөліністердің 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті.

Қылмыстық істерді тергеу, процессуалдық шешімдер қабылдау және заңдылықты қамтамасыз ету барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер ведомстволық марапаттарға ие болды.

Жыл қорытындысы бойынша:
-«Үздік тергеуші» атағы Байзақ аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Р. Нұрдәулетовке берілді;
-«Үздік анықтаушы» ретінде Тараз қаласы Полиция басқармасының анықтау бөлінісінің анықтаушысы А. Маханбет танылды;
-«Үздік криминалист» атағымен Байзақ ауданы полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының криминалисі Қ. Сатыбеков марапатталды.

Сонымен қатар, үздік анықтаушының жұмыс нәтижесі ерекше атап өтілді. Анықтаушы А.Маханбет ҚР Қылмыстық кодексінің 108-бабы бойынша қылмыстық теріс қылық дерегін 3 сағат 14 минут ішінде ашып, республика көлемінде осындай нәтижеге қол жеткізген жалғыз қызметкер атанды. 

Бұл көрсеткіш оның жеделдігі мен кәсіби даярлығының жоғары деңгейін айқын көрсетеді.

Аумақтық бөліністер арасында Тараз қаласының «Жібек жолы» полиция бөлімі үздік қалалық полиция бөлімі болып танылды.
Ал «Үздік аудандық полиция бөлімі» атағы Жамбыл ауданы полиция бөліміне берілді.