Жаңалықтар

Алдағы күндері Қазақстанда қар, тұман және көктайғақ болады

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 2026 жылдың 26–28 қаңтары аралығында Қазақстанның бірқатар өңірлерінде қауіпті метеорологиялық құбылыстар күтіледі, деп хабарлайды arainfo.kz

Алматы облысында солтүстік және оңтүстік аудандарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. 27–28 қаңтарда облыстың шығысында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Алматы, Қонаев қалаларында түнгі және таңғы уақытта тұман мен көктайғақ сақталады.

26 қаңтарда Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі. Кей өңірлерде жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін. Орал, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған қалаларында тұман болжануда.

Маңғыстау облысында және Ақтау қаласында көктайғақ пен тұман күтіледі. Қостанай мен Ақмола облыстарында тұман, кей жерлерде қар мен бұрқасын болады.

Қызылорда облысында және Қызылорда қаласында тұман түсіп, күндіз көктайғақ байқалады. Түркістан облысында, Шымкент пен Түркістан қалаларында тұман, көктайғақ, тау асуларында желдің күшеюі (15–20 м/с) болжанып отыр.

Жамбыл облысында қар, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі. Тараз қаласында да жолдар тайғақ болады. Жетісу облысында, соның ішінде Талдықорған қаласында қар жауып, тұман мен көктайғақ байқалады, таулы аудандарда жел күшейеді.

Мамандар тұрғындарды жолға шығарда сақ болуға, ауа райының қолайсыздығын ескеруге және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.