Милан-2026: қысқы Олимпиадаға қай өңірден неше спортшы барады?
Санаулы күндерден кейін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпия ойындары басталады, деп хабарлайды arainfo.kz
Төрт жылдықтың басты додасына әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған.
Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде биылғы қысқы Олимпиадаға тоғызыншы мәрте қатыспақ. Ұлттық құрама сапынан Италиядағы додада жалпы саны 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) ел намысын қорғайды. Салыстыру үшін айта кетсек, бұдан төрт жыл бұрын Қытайдың Бейжің қаласында өткен қысқы Олимпиадаға Қазақстан атынан 34 спортшы (17 ер, 17 әйел) бақ сынаған еді.
Осы орайда Туризм және спрот министрлігі назарларыңызға қысқы Олимпиадада Қазақстан намысын қай өңірден неше спортшы қорғайтынын ұсынады.
Өздеріңізге мәлім, елімізде қысқы спорт түрлері негізінен солтүстік және шығыс өңірлерде жақсы дамыған. Дегенмен Олимпиадаға қатаң климаты мен қалың қары бар өңірлермен қатар, қары аз оңтүстік аймақтардан да спортшылар қатыспақ.
Өңірлер бойынша Италиядағы қысқы Олимпиадаға ең көп спортшыны Алматы қаласы ұсынып отыр. Оңтүстік астанадан Миланға 5 спорт түрінен 7 спортшы аттанады. Екінші орында 2 спорт түрінен 6 спортшысы бар Ақмола облысы тұр.
Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы, сондай-ақ Астана және Шымкент қалалары түйіндеп отыр. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласынан 1 спорт түрінен 4 спортшыдан қатысса, Астана қаласынан 3 спорт түрінен 4 спортшы өнер көрсетеді.
Кейінгі орындарға Павлодар облысы (3 спортшы, 3 спорт түрі), Алматы облысы (3 спортшы, 1 спорт түрі), Қостанай облысы (2 спортшы, 1 спорт түрі), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстары (әр өңірден 1 спортшы, 1 спорт түрі) жайғасқан.
Айта кетейік, XXV қысқы Олимпия ойындары 6-22 ақпан күндері өтеді.