Руханият

Кітапханаларға келушілер саны 57 миллионға жетті

Бүгінде республикада жалпы қоры 72,5 миллионнан аса сақтау бірлігі бар 3 887 қоғамдық кітапхана жұмыс істейді. Жыл ішінде оқырмандарға әртүрлі тақырыптағы 88 миллионнан аса материал берілген.

2024 жылмен салыстырғанда тұрақты пайдаланушылар саны 4,1 пайызға артып, 5 539 969 адамға жетсе, оқырмандар Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстарында көп тіркелген.

Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы келушілер санының көптігінен айқын байқалады. Кітапханалық қызметке жүгіну көрсеткіші рекордтық деңгейге жетіп, жалпы саны 57 миллион рет келу көрсеткіші тіркеліпті.

Сонымен қатар, мерзімді басылымдарға деген сұраныс көп. Бір жыл ішінде Ұлттық кітапханасына газеттер мен журналдар бойынша 1 миллионнан аса сұраныс түскен.

Кітапханаларға ең көп келушілер – жастар. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада оқырмандардың ең көп бөлігін 17-25 жас аралығындағы жастар, одан кейін 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Ал сұранысқа ие әдебиеттердің қатарында көркем шығармалар, тарих пен этнографияға арналған басылымдар, ғылыми-көпшілік, психологиялық және медициналық кітаптар, сондай-ақ жаңа технологиялар туралы басылымдар бар.

Жалпы кітапханалар оқырмандармен жұмыс жүргізумен қатар, мәдени өмірдің маңызды орталығы ретінде де маңызды рөл атқарады. Бір жыл ішінде кітапханаларда 258 мыңнан астам мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырылған.

Кітапханалар желісін дамыту барлық өңірлерде қарқынды жүргізілуде. Мәселен Қызылорда облысында «Руханият» орталығы пайдалануға берілсе, Батыс Қазақстан облысында 25 ауылдық кітапхананы жаңғыртуға арналған пилоттық жоба жүзеге асқан. Бұл бастамалардың барлығы кітапхананы оқырманға жақындатып, заманауи мәдени-ағартушылық орталыққа айналдыруды мақсат етеді.

Сымбат ҚУАНЫШ