«Келешек мектептері» кемел ойлы ұрпақ тәрбиелейді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керектігін, сондықтан да білім беру саласына айрықша мән беретінін атап өтті.
Президент: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Осы уақытта 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1 200 мектеп ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 217 мектеп құрылысы жоспарланды. Қазір 128 мектеп салынды. Бұдан бөлек, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаржысына алпыстан астам мектеп салынды. Тағы 30-ға жуығы салынып жатыр», – деген еді Президент.
Бүгінде Президент тапсырмасына сәйкес ұлттық жоба аясында республика бойынша жаңа мектептер бой көтеріп, ескі мектептер жаңғыртылып, оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған инфрақұрылымдар қалыптасып келеді. Жалпы жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өткен жылдың желтоқсан айында Тараз қаласының «Шөлдала» алқабында 600 орындық жаңа білім беру мекемесі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде оқу ордасынан терең білім алған, ойы сергек, мақсаты айқын, еліне адал қызмет ететін жас ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына сенім білдірді.

Жуырда «Шөлдала» алқабына арнайы барып, ел игілігіне тапсырылғанына көп болмаған жаңа мектептің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Алыстан менмұндалап тұрған білім ошағы кең әрі жайлы, заманауи оқу құрал-жабдықтарымен толық қамтылған екен. Үш қабатты ғимаратта 33 оқу кабинеті, мәжіліс залы, асхана, екі спортзал, STEM және робототехника кабинеттері, екі компьютер сыныбы, кітапхана, үш зертхана, үш шеберхана және бес коворкинг орталығы бар. Бүгінге дейін домбыра, хореография, робототехника, футбол, волейбол, шахмат секілді 10-ға жуық үйірме ашылған.

Мектеп директорының жол бастауымен бірнеше кабинетке кіріп, оқу-тәрбие үдерісіне де қанықтық. Мәселен информатика пәнінің мұғалімі Дәурен Махамбетовтың айтуынша, мектепте жас таланттардың ғылыми жұмыстармен, заманауи техникаларды қолданып түрлі жобалармен айналысуына барлық жағдай жасалған.

Көп жобалардың арасынан әсіресе 8-сынып оқушысы Еділ Есбосынның шашылып жатқан кішкентай макеттерді жинап жүрген тазалықшы роботы қызығушылығымызды оятты. Робот жанындағы шашылған леголарды Еділдің басқаруымен оп-оңай жинап алды.

Келесі кезекте мектептің кітапханасына бас сұқтық. Кітапхана қорында 15 112 кітап бар екен.
«Шөлдала» алқабында ашылған №70 мектептің бүгінгі жай-күйін көзімізбен көрген соң «егер осындай білім ошақтары көптеп салынса, қала мен ауыл мектебінің оқушылары арасындағы білім алшақтығы анық азаяды» деген ойға қалдық.
Осы бағытта бүгінде облысымызда қыруар жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы өңірде 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 мектеп бар. Аталған мектептердің төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынса, қалған 4 нысан қолданыстағы мектептерге жапсарлас ғимарат ретінде бой көтерді. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар 5, тозығы жеткен 6 және асханасы жоқ 1 мектептің мәселесі оң шешімін тапты.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай жойылды. Қазіргі таңда облыста 1 апатты, 11 тозығы жеткен және оқушы орны тапшылығы бар 17 мектеп тіркелген.
Ал биыл 12 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның арқасында оқушы орны тапшылығы бар 2 мектептің, тозығы жеткен 4 мектептің, сондай-ақ спортзалы мен асханасы жоқ 6 мектептің мәселесі шешіледі.

Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, өткен жылы облыс оқушылары мен педагогтері бірқатар елеулі жетістікке қол жеткізіпті. Халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог жеңімпаз атанса, облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль иеленген. Дарынды оқушылар республикалық ғылыми жобалар конкурсында 16 жыл қатарынан «Үздік команда», ал республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алыпты.
Сымбат ҚУАНЫШ