Салық төлеушілерге жасалған жеңілдік көп
Осы жылдың 5 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетінде «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты ауқымды сұхбаты жарық көргені белгілі. Онда Мемлекет басшысы еліміздегі өткен жылдың қорытындысы туралы, сондай-ақ болып жатқан өзгерістер мен әр түрлі бағыттар бойынша кеңінен әңгімеледі. Оның ішінде 2026 жылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі туралы да маңызды ақпарат берді.
Мәселен, аталған газеттің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы: «Былтыр жаңа Салық кодексі қызу талқыға түсті. Жұрттың көкейіне күдік-күмән ұялап, көптеген сауал туындады. Бір жағынан, қажетті экономикалық реформаларды жүргізуге мүмкіндік беретін, екінші жағынан, азаматтардың тұрмыс жағдайын төмендетіп жібермей, таразы басын тең ұстайтын тиімді жол бар ма?», – деген сұрақ қойды.
Өз кезегінде Президент: «Әрине, салық реформасы – өзекті мәселе және бұған қатысты пікірталастардың болуы әбден түсінікті. Дегенмен, ел ішінде дүрбелең туғызып, жұртты дүрліктірудің ешқандай жөні жоқ. Мұндай реформа көптеген елде жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресейде қосымша құн салығы жуырда 22 пайызға дейін көтерілді.
Біздің реформамыз – қатардағы «фискалдық науқан» емес, салық жүйесін қайта құру деген сөз. Алдымызда тұрған басты міндет – экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Үкіметке ашық әрі ұғынықты Салық кодексін әзірлеу тапсырылды. Министрлер кабинетінің бұл тапсырманы қаншалықты табысты орындап шыққанын биыл көретін боламыз.
Бұрынғы Үкімет қосымша құн салығын, тіпті, 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Олар фискалдық саясатта қателік жіберілгенін ескере отырып, мұндай қадамның өте қажет екенін мойындады. Талқылау барысында қазіргі Үкімет те қосымша құн салығын 20 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Алайда, мен Үкіметке оның жоғарғы шегін 4 сатыға төмендету туралы тапсырма бердім.
Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі.
Бүкіл әлемде фискалдық саясаттың тиімділігі оны жүргізудің сапасымен, жұрттың салық жөніндегі сауатымен және қоғамның сана-сезімімен өлшенеді. Салық төлеу мәдениеті дәл осылай қалыптасады. Салық төлеу бұрын міндет болса, енді отаншылдықтың озық үлгісіне айналады. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам құрудың төте жолы деуге болады. Себебі, салығын адал төлейтін азаматтар өз қаржысының алаяқтардың қалтасында кеткенін мүлдем ұнатпасы анық», – деп жауап берді.
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа Салық кодексі елдегі салық жүйесін біршама өзгертіп отыр. Бұл құжаттың басты мақсаты – салықты түсінікті ету, әділдікке жақындату және кәсіпкерге де, қарапайым азаматқа да ыңғайлы жағдай жасау. Енді салық бәріне бірдей емес, табысы мен қызмет түріне қарай есептеледі. Яғни, сараланған салық ставкалары енгізіліп, кімнің табысы көп болса, салынар салық салмағы да соған сай болмақ. Бұл әдіс әлеуметтік теңгерімді сақтауға бағытталған.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) да қайта қаралып, реформаланды. Оның тәртібі жеңілдетіліп, есептеу мен төлеу жолдары түсініктірек болады деп күтілуде. Бұл әсіресе кәсіпкерлер үшін артық қағазбастылықты азайтып, жұмысын жеңілдетуге тиіс.
Жаңа кодексте «Сән-салтанат салығы» деген ұғым пайда болды. Бұл қымбат көлік, элиталық тұрғын үй, бағалы мүлік секілді аса қымбат дүниелерге қатысты. Яғни күнделікті тұрмысқа қажет емес, бағасы жоғары дүниелерге қосымша салық салу арқылы әлеуметтік әділдікке қол жеткізу көзделіп отыр.
Арнайы салық режимдері де өзгеріске ұшырады. Бұған дейінгі кейбір жеңілдетілген тәртіптер қайта қаралып, шағын және орта бизнеске түсінікті әрі нақты ережелер белгіленеді. Сонымен бірге салық жеңілдіктерін алу тәртібі ашық етіліп, кімге, қандай жағдайда берілетіні нақты жазылады.
Салықтық әкімшілендіру толықтай цифрландыру бағытына бет бұрды. Енді көп мәселе электронды түрде шешіліп, салық органдарының кеңсесіне бару, аяқпен мекемелердің табалдырығын тоздыру азаяды. Мемлекет «сервистік модельге» көшуді көздеп отыр, яғни салық қызметі бақылаушы емес, кеңес беруші, көмектесуші рөл атқаруы керек.
Тағы бір айта кетер маңызды жайт, салық есептілігінің нысандары шамамен 30 пайызға қысқарды. Бұл дегеніміз есеп беру жеңілдеп, уақыт пен жүйкені үнемдеуге мүмкіндік туады деген сөз. Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексі салық жүйесін қарапайым әрі өмірге жақын етуге бағытталған.
Жаңа Салық кодексінде ең басты назар жеке азаматтар мен кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктерге аударылған. Осыған байланысты біз жаңа Салық кодексіне талдау жасап, жеке тұлғаларға қатысты негізгі жеңілдіктер бойынша енгізілген өзгерістерге тоқталдық. Алдымен, жеке тұлғаларға салынатын көлік құралдары салығы жөнінде айта кеткен жөн. Жаңа Кодекске сәйкес, пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл автомобильдерге көлік салығын есептеу тәртібі өзгертілді. Енді мұндай көліктерге салық есептеу кезінде 0,7 түзету коэффициенті қолданылады. Бұл дегеніміз бұрынғыға қарағанда көлік салығы 30 пайызға төмендейді деген сөз. Ал пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан жеңіл автокөліктер үшін 0,5 түзету коэффициенті белгіленген. Яғни, бұл санаттағы көліктерге салынатын салық көлемі 50 пайызға азаяды. Мысал ретінде айтар болсақ, егер сіз 2004 жылы шыққан жеңіл автокөлікке осы уақытқа дейін жыл сайын 20 мың теңге көлемінде көлік салығын төлеп келген болсаңыз, енді 2026 жылдан бастап бар болғаны 10 мың теңге ғана төлейтін боласыз. Бұл өзгеріс әсіресе ескі көлік мініп жүрген азаматтар үшін айтарлықтай жеңілдік болып отыр.
Сонымен қатар жаңа Салық кодексінде шаруа және фермер қожалықтарына қатысты да маңызды жеңілдік қарастырылған. Атап айтқанда, шаруа және фермер қожалықтары өз меншігіндегі бір пикап көлігі бойынша көлік салығын төлеуден толықтай босатылады. Бұған дейін қолданыста болған Салық кодексінің нормаларына сәйкес мұндай жеңілдік барлық жағдайда бірдей берілмейтін. 2026 жылға дейін автокөліктің қозғалтқыш көлемі 2500 текше сантиметрге дейінгілері ғана босатылатын. Биылдан бастап көлік құжатында «пикап» деп көрсетілсе және ол шаруа қожалыққа тиесілі болса, онда көліктің қозғалтқыш күшіне қарамастан салықтан босатылады. Яғни, бұрынғы талап қазір алынып тасталып отыр. Бұл өзгеріс ауылдағы кәсіп иелерінің шығынын азайтып, шаруашылылығын кедергісіз жүргізуді жеңілдетуге бағытталған.
Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексінде енгізілген бұл жеңілдіктер қарапайым азаматтардың да, кәсіпкерлердің де қаржылық жүктемесін азайтуға, әсіресе ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген адамдарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған.
2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген, яғни дайындалған немесе жиналған, сондай-ақ Қазақстанның аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды. Бір сөзбен айтқанда, егер көлік құралы 3000 текше метрден асып (көлем 3,5), Қазақстанға 2014 жылдан бері кірген болса, мысалы Қырғызстаннан, онда ол көлікке ерекше ставкамен, теңгеге шаққанда 162 мың теңге салық салынады. Ал көлік Қазақстанға 2014 жылға дейін кірген болса, оған 60 мың теңге салық қарастырылған. Осы айырмашылық алынып тасталды, 2026 жылдан бастап бірыңғай салық ставкамен көлік салығы төленетін болады, ол 60 мың теңге көлемінде. Бұл ретте 2026 жыл үшін көлік салығын төлеу мерзімі 2027 жылдың 1-сәуірі болып қаралатынына назар аудару қажет, яғни бұл өзгерістің пайдасын азаматтар 2027 жылдын 1 сәуірінде ғана көре алады. Өйткені 2026 жылдың 1 сәуірінде 2025 жылдың салығын төлеу мерзімі болып есептеледі.
Жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы алынып тасталды, ол – алкоголь өнімдерін сату. Өз сөзімізбен айтқанда, дүкендер алкоголь өнімдерін, яғни арақ-шарап, сыра сату үшін лицензия алу керек. Бұл тұрғыда лицензиялық алымды, яғни 100 АЕК – 393 мың теңге және лицензия пайдаланғаны үшін төлемақыны жылына төрт мезгілге бөліп төлейді. Келесі жылдан бастап, тек лицензия алғаны үшін алым төленеді (бір рет), ал лицензия пайдаланғаны үшін төлемақы төленбейді.
Сонымен қатар базалық салықтық шегерім қолданысқа енгізіледі. Атап айтқанда, базалық салықтық шегерім айына 30 АЕК (123 870 тенге) мөлшерінде, бірақ күнтізбелік жыл үшін 360 еселенген АЕК-тен (1 486 440 теңге) аспауға тиіс. Осы сома аясында, яғни айына 123 870 теңге шеңберіндегі табысқа салық салынбайды. Әр шегерім жеке-жеке есептелмей жалпы тәртіппен қолданылатын болды. Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялауды және әкімшілендіру процесін оңайлату мақсатында жеке табыс салығы бойынша асып кетуді қайтаруды болдырмау бөлігінде оқытуға, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыға, көпбалалылар үшін салық шегерімдерінің орнына оның шегін айына 30 АЕК-ке дейін ұлғайта отырып, стандартты шегерімге ауыстыру қарастырылған.
Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін – салық шегерімдері 882 еселенген айлық есептік көрсеткіштен, 5000 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін (20,6 миллион теңге) ұлғайтылды. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың 5000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі, яғни 20,6 миллион теңгеге дейінгі табыстарына жеке табыс салығы салынбайды. Қалған әлеуметтік осал топтар бойынша әлеуметтік шегерім 882 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қалдырылып отыр.
Зейнетақы төлемдері мен біржолғы зейнетақы төлемдері үшін жеке табыс салығын салудан босату көзделген. Бұл жаңа норма, қазір өзіміз білетіндей, міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алған кезде, жеке табыс салығы есептелінеді. Енді 2026 жылдан бастап бұл норма жойылады, яғни міндетті зейнетақы төлемдерін, оның ішінде артық сомаларды, ипотекалық несие алуға, ипотекалық несиені төлеуге немесе денсаулық сақтауға алу кезінде жеке табыс салығы салынбайды.
Салықтық есептіліктері 30 пайызға қысқарту және тапсырылмаған есептіліктер нөлдік көрсеткішпен тапсырылған есептілігіне теңестірілетіні туралы да айта кеткен жөн. Жаңа Салық кодексі шеңберінде қолданыстағы 39 салық есептілігінен 12 салық есептілігі, яғни 30 пайыз жойылады. Олардан бізде жиі кездесетіні жеке табыс салығының 240.00 нысанындағы декларация (жеке нотариус, адвокат, жеке сот орындаушылар тапсыратын), қазір олар 270.00 нысанының қосымшасын тапсырады.
Ай сайыңғы акциз есеп-қисабы 421.00 (400.00-де қосымша), көлік құралдарының, жер салығының ағымдағы төлемдердің есеп-қисаптары 701.00, 701.01, сондай-ақ мүлік салығының егер салық міндеттемесі 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, нақты айтқанда, 1,2 миллион теңгеден аспаса, есеп-қисабын тапсыру міндеттемесі жойылады.
Патент құнының, бөлшек салықтың есеп-қисаптарын және тағы басқа есептіліктерді тапсыру міндеттемесі де жойылады (911.00, 912.00, 913.00).
Сонымен қатар салық есептілігі белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, мұндай есептілік «0»-дік көрсеткішпен ұсынылған болып есептеледі. Салық төлеуші осы салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін ұсына алады. Салық есептілігін ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жойылады. Салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту мен кері қайтарып алу қарастырылмаған. Барлық өзгерістер қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады.
Мысалы, кезінде кәсіпкерлік ашып бизнеспен айналыспай, декларация тапсыруды ұмытып кеткен едік, енді біраз уақыт өткен соң, біздің банктегі шотымызға кірістер органы шектеу қойды. Сол кезде біз салық органына барып декларация тапсырылмай қалғанын, тапсыру керектігін, әкімшілік іс қозғалатыны жөнінде бірақ білдік. Шотты ашу үшін, халыққа қызмет ету орталығына барып, электрондық цифрлық қолтаңба алып, кілт ашу керек. Өзіміз тапсыра алмасақ, онда декларация тапсыратын қызметпен айналысатын консалтинг ұйымдарға бару керектігіне, декларация тапсырғаннан кейін шоттың ашылғанын күту қажеттігін көз жеткіздік. Қазір ол үшін кірістер органдары сізге бірінші хабарлама жібереді. Екінші декларация тапсырылмаса, банк шоттарына бұғат қойылады. үшінші әкімшілік жауапкершілікке тартады. Осының барлығы келесі жылдан бастап жойылуы көзделген, яғни салық төлеушілерге қолдаудың бір түрі болып табылады.
Жаңа өзгерістейге сәйкес, салық берешегінің шекті мөлшері ұғымы енгізілді. Салықтық берешектің шекті мөлшері айлық есептік көрсеткіштің 20 еселенген мөлшерінде айқындалып, ол салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі немесе салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке-жеке қолданылатын болды.
Өндіріп алудың жаңа тәртібіне сәйкес 20 айлық есептік көрсеткішке (86 500 теңге) дейін хабарламаны жолдау және өсімпұлды есептеу ғана қолданылады. 20 АЕК-тен (86 500 теңге) асса хабарлама жіберу, өсімпұл есептеу, шоттарды бұғаттау және инкассалық өкімдер шығару қарастырылған. 45 АЕК-тен (194 625 теңге) астам болса, мүлікке тыйым салуды, дебиторлардан өндіріп алуды қоса алғанда, барлық өндіріп алу шаралары жүргізіледі. 27 000 АЕК-тен (116,7 миллион теңге) астам – шетелге шығуға тыйым салынады (сот шешімі бойынша 3 айдан астам берешек өтелмеген жағдайда).
Сонымен қатар Әлеуметтік төлемдерге тоқталатын болсақ, тәуекел дәрежесін есепке алмай, әлеуметтік төлемдер бойынша 6 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 25,9 мың теңгеден асқан жағдайда ғана берешекті өндіріп алу қарастырылып отыр. Түсінікті тілде айтсақ, 2025 жылдағыдай міндетті зейнетақы жарналарының 1 теңге қарызы үшін банк шоттарына шектеу қойылмайды.
Ерлан НҰРМАХАНБЕТОВ,
облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті
түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы
басқармасының басшысы