Азаматтар құқығы – басты назарда
Өткен жылы облыс прокуратурасы заңдылық пен тәртіпті сақтау жолында айтулы белестерді бағындырып, жылды табысты жетістіктермен түйіндеді. Жұмыс сапасын арттыру мақсатында прокуратура қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге басымдық беріп, қадағалау қызметінде тиімді тәсілдерді қолданған.
Облыс прокуроры Берік Әбіловтің айтуынша, өткен жылы облыстық прокуратура қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау барысында құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін 36 «қызыл аймақ» анықталған.
Прокурорлар тарапынан заңдылықты қамтамасыз ету барысында былтыр қамаудан 30 адам, қызметтік үй-жайлардан 23 адам және уақытша ұстау изоляторынан 7 адам босатылған екен. Адам өлтіру қылмыстарын тергеп-тексеру оңтайландырылып, 2024 жылы 10 тәулікке дейін 9 іс аяқталса, өткен жылы 3 тәулікке дейін 5 іс аяқталып сотқа жолданыпты. Барлығы 152 қадағалау актісі енгізіліп, қылмыстық қудалау органдарының 446 қызметкері, оның ішінде облыстық деңгейде 10 және аудандық деңгейде 31 басшы құрам тәртіптік жауапкершілікке тартылған екен.
Сол секілді былтыр Сот төрелігі саласында мемлекеттік айыптаушылардың қатысуымен 1 649 адамға қатысты 1 412 іс қаралып, 1 330 адамға қатысты 1 145 айыптау үкімі шығарылыпты. Прокурорлардың өтінішхаттары бойынша апелляциялық сотта 78 адамға қатысты қаралған 78 істің 66-сы заңға сәйкестендірілсе, Жоғарғы Сот кассациялық тәртіпте сот актілерін қайта қарау туралы прокурорлардың 11 өтінішхатын қанағаттандырған. Жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 31 ашық сот отырысы өткізіліпті.
Қоғамдық мүдделерді қорғау саласында 73 953 азаматтың құқығы қорғалған, оның ішінде конституциялық құқықтар 6 451-ді құрап, түрлі жауаптылыққа 1 671 адам тартылыпты. Бюджетке 2,4 миллиард теңгеден астам қаражат және 8,2 миллиард теңгеге мүлік қайтарылған екен. Сондай-ақ 50 миллион теңге айыппұл төленіпті. Бюджеттен 9,8 миллиард теңге негізсіз шығындар алынып, 29 миллиард теңгеге 95 заңсыз мемлекеттік сатып алу тоқтатылған. Салық түсімдерінің толықтығын талдау нәтижесінде 1 миллиард теңге өндіріліп, мемлекеттік кірістер органдарының 11 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылыпты.
Еңбек саласында 1 213 жұмысшыға 241 миллион теңге жалақы қарызы өтеліп, 2 403 жұмысшыға 231 миллион теңге міндетті зейнетақы жарналары аударылған. Жалпы осы бағытта өткен жылы прокурорлар 16 мыңнан астам жұмысшының 470 миллион теңгеге құқықтарын қорғаған екен. «Қауіпсіз еңбек» жобасы аясында қаладағы ірі кәсіпорындарға QR-кодтар жүйесі енгізіліпті. Бизнесті қорғау бағытында 15 лауазымды адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 26 инвестордың құқығы қорғалыпты. Жалпы прокурорлар 3,1 триллион теңге көлеміндегі 62 инвестициялық жобаны бақылауына алған.
Былтыр сондай-ақ қайталанатын қылмыс деңгейін төмендету аясында «Сотталғандардың өңірде қылмыстық жауапкершілікке әсерін азайту» жобасы кеңейтіліп, «Қайта құқықбұзушылықтардың превенциясы» жобасына ауыстырылған. Нәтижесінде пробация есебіндегілер арасында қайта қылмыс айтарлықтай төмендеген.
Өткен жылды көңіл көншітерлік көрсеткішпен аяқтаған облыс прокурорлары 2026 жылды да жақсы жетістіктермен бастап отыр. Жақында Тараз қаласының прокуратурасы әлеуметтік осал топтардың мүддесін қорғау мақсатында жүргізген талдау жұмыстарының нәтижесінде айтарлықтай заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, қала прокурорларының араласуымен нарықтық құны 100 миллион теңгеден асатын 10 пәтердің жеке тұлғалар тарапынан заңсыз иеленгені белгілі болды.
Нақты бір мысалға тоқталсақ, қала прокурорының наразылығы негізінде апелляциялық сот бірінші сатыдағы шешімді бұзып, құны 15 миллион теңгелік екі бөлмелі пәтерді мемлекетке қайтарды. Бұл істе азамат баспананы тек қолхат арқылы алып, кейін оны заңдастырмақ болған, алайда оның пәтерде ұзақ уақыт тұрғанын немесе сатып алғанын дәлелдейтін құжаттары болмай шықты.
Бұдан бөлек, прокуратураның қадағалау актісінен кейін қала әкімдігі иесіз қалған нысандарды түгендеп, құны 30 миллион теңге болатын 3 мүлікті атап айтқанда, 2 пәтер мен 1 жер учаскесі бар үйді коммуналдық меншікке өткізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ