Әлеумет

Бала еңбегіне ақылау қажет

Өмір болған соң сан алуан тағдыр иелерін кездестіретініміз заңдылық. Кейде тағдырдың жазған сынағы адамды тым ерте есейтіп, балалық шақтың базарлы күндерін еңбекпен алмастыруға мәжбүр етеді. Студенттік жылдарда жақын араласқан бір құрбымның тағдыры осының айқын дәлелі еді.

Оның балалық шағы әкесі мен анасының ажырасуымен басталған ауыр кезеңдерге тап келді. Не әкенің, не ананың қасында ұзақ тұрақтай алмай, екі арада жаутаңдап жүрген күндер оның бойында ерте есею мен төзімділікті қалыптастырды. Анасының қарауында өзінен кейінгі бес бауыры болса, әкесінің жүрегі неге екені белгісіз, өз перзентіне тым суық еді. Мұндай жағдайда ол ешкімге салмақ салмай, өз жолын өзі табуды ерте түсінді. Сондықтан еңбекке тым ерте араласты. Қатарластары ойын қуып, демалыс күндерін асыға күтетін 8-9 сыныптарда, құрбым даяшы, сатушы, тіпті дүкендерде ауыр жұмыстарды атқарып, өзін-өзі асырауға машықтанды. Оқу формасы, мектепке қажетті құрал-жабдықтар былай тұрсын, қыстың қаһарлы суығында киетін күртешесі мен етігін де өз маңдай терімен тапқан қаражатына сатып алатын. Бір таңғалдыратыны, ол тек өзін ғана емес, ауық-ауық қолына тиген ақшасына анасына азық-түлік апарып, бауырларына да қарайласуды ұмытпайтын.

Қазіргі уақытта да бұғанасы қатпастан екі қолға бір күрек іздеп кететін өрендерді аз кездестірмейміз. Қуанышқа бара қалсақ даяшы, дүкенге кіре қалсақ сатушы, ал енді бірі көлік жуу орталықтары мен кілем жуу цехтарында бел жазбай еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүреді. Әсіресе аптап ыстық орнайтын жаз мезгілінде көше бойында тәтті жүгері, тәтті мақта, балмұздақ, кейде тіпті қарбыз сатып тұрған балаларды жиі кездестіреміз. Олардың әрқайсысының артында бір-бір тағдыр, бір-бір мақсат жатыр. Бірі ата-анасына қолғабыс қылғысы келсе, бірі жаңа оқу жылына өз бетінше дайындалуды жөн санайды.

Жақында «Facebook» әлеуметтік желісінен белгілі кәсіпкер Жұмасейіт Нұрбаевтың та осы бір өзекті мәселені көтеріп, көптің көкейіндегі түйткілді дөп басқан жазбасын көзім шалып қалды. Кәсіпкердің сөздерінен оның ағалық, аталық жүрегімен шырылдап, бұғанасы қатпаған өрендердің тағдырына шын алаңдағаны сезіледі.

Расында да заң бойынша елімізде 18-ге толмағандардың барлығы «бала» деген санатқа кіреді. Осы орайда өрендерді денсаулығына қауіп төндіруі, білім алуына кедергі келтіруі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысқа тартуға тыйым салынады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің басшысы Жанат Мұхатаеваның айуынша, заң бойынша 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шарты еркін жасалса, 15 жасқа толғандар орта білім алған жағдайда, ал 14 жасар оқушылар оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келмейтін жұмыстарға орналаса алады. Сондай-ақ, кинематография немесе цирк саласында 14 жасқа толмаған балалардың да еңбек етуіне рұқсат етілген, бірақ мұндай жағдайда келісімшартқа міндетті түрде баланың заңды өкілі қол қоюы керек.

Балалардың жұмыс істеуге асығуына бүгінде түрлі жайттар себеп болып отыр. Кейбір жасөспірімдер ата-анасына салмақ салмай, ақшалай тәуелсіз болғысы келсе, енді біреулерін тағдырдың тауқыметі мен тұрмыстық жағдайлар ерте есейтуге мәжбүрлейді. Осындай қиындыққа жасымай, кәмелетке толмаған шағынан-ақ ауыр жұмысты жатсынбай, өз-өзін жетілдіре білген өреннің бірі – тараздық тұрғын Ақжарқын Мырзатайдың ұлы.

Жасөспірімдердің ерте еңбекке араласуының артында олардың құқықтық қорғалуы, техникалық қауіпсіздігі мен еңбекақысының әділ төленуі секілді маңызды мәселелер тұрғаны анық. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бізді осы сауал толғандырды. Осы орайда, өңірдегі мән-жайды білмек мақсатта облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әлішер Қалышевпен байланысып, атқарылып жатқан жұмыстарға қанықтық. Полиция өкілінің мәлімдеуінше, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе олардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруі мен заңсыз еңбекке тартылуы ювеналдық полиция бөлімшелерінің тұрақты бақылауында.

Мәселен, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында облыс аумағында «Жасөспірім – заң – қауіпсіздік», «Түнгі қаладағы балалар» және «Қауіпсіз мектеп» сынды жедел-профилактикалық іс-шаралар жүйелі жүргізіліп келеді. Аталған іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшелері, жастар ресурстық орталықтары және прокуратура қызметкерлерінен құралған мобильдік топтар былтыр 4 965 рейдтік іс-шара ұйымдастырыпты. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің түрлі баптары бойынша 15 141 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 723 жасөспірім түрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін полиция бөлімдеріне жеткізіліпті.

Баланың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, заң талаптары қатаң сақталып жатса, оның демалыс мезгілінде жеңіл-желпі жұмыс істеп, еңбектің дәмін татқанынан келер-кетер зиян жоқ шығар бәлкім. Керісінше, еңбек өрендердің жауапкершілікті сезінуіне, ақшаның құнын білуіне және өмірлік тәжірибе жинақтауына септігін тигізуі мүмкін. Алайда,  қарадомалақтарымыздың жыл он екі ай бойы сабағын екінші орынға ысырып қойып, нәпақа табу үшін қара жұмысқа жегілуі құптарлық іс емес. Сондықтан, бала еңбегі мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы тиіс.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ