Цифрлық Қазақстан

«ChatGPT Edu»-ды білім беру жүйесіне енгізу басталды

OpenAI компаниясы OpenAI for Countries жаһандық бағдарламасы аясында Edu for Countries бастамасының алғашқы халықаралық тобын іске қосқанын жариялады. Қатысушы елдердің алғашқы легіне Эстония, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания, Грекия және Қазақстан кірді.

Қазақстанның бұл бастамаға қосылуы – жасанды интеллектінің білім беру саласына арналған мамандандырылған нұсқасы ChatGPT Edu-ды ұлттық білім беру жүйесіне жүйелі түрде енгізудің басталғанын білдіреді. Осылайша Қазақстан аталған халықаралық бағдарламаға қосылған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды.

Edu for Countries бастамасына қатысу елдің білім беру саясаты үшін стратегиялық маңызға ие. ЖИ-дің оқыту процесіне ықпалы жөніндегі жаһандық пікірталастар жағдайында Қазақстан жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайтынын, керісінше оның кәсіби мүмкіндіктерін күшейтетінін басшылыққа алады. ChatGPT Edu-ді қолдану педагогтердің әкімшілік және әдістемелік жүктемесін азайтуға, сондай-ақ оқыту сапасын арттыруға бағытталған.

Жоба 2025 жылғы 6 қарашада Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына сапары барысында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумы аясында қол жеткізілген уағдаластық негізінде іске асырылуда. Негізгі келісім OpenAI, Inc., Freedom Holding Corp. және өңірлік серіктес Bilim Group арасында жасалды. Жобаға мемлекеттік бюджет пен сыртқы гранттар тартылмайды. Жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бұл іскерлік қоғамдастық көрсетіп отырған қолдауды айқындайды.

ChatGPT Edu-ды Қазақстанда енгізу аясында елдің білім беру ұйымдарына 165 000 лицензияны тегін беру көзделген.

Оның ішінде 100 000 лицензия – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері үшін; 62 800 лицензия – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары мен әкімшілік қызметкерлері үшін; 2 200 лицензия – Astana Hub экожүйесінің қатысушылары үшін.

Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу педагог рөлін күшейтудің стратегиялық қадамы.

ChatGPT Edu педагогтерге тапсырмалар мен тестті, оқу материалдарын әзірлеуге, контентті білім алушылар деңгейіне бейімдеуге, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде материалдар дайындауға арналған құралдарды ұсынады. Жұмыстарды тексеру кезінде жүйе кері байланысу мен бағалау критерийлерін қалыптастыруда пайдаланылуы мүмкін, алайда бағалауға қатысты барлық шешімдер оқытушы құзыретінде қалады.

2026 жылғы қаңтардан бастап OpenAI мамандарымен бірлесіп ChatGPT Edu-ды білім беру, әкімшілік және зерттеу қызметінде қолдану бойынша тұрақты оқыту ұйымдастырылады. Бұл ЖИ-ді пайдалануда бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етуге және педагогтердің цифрлық әрі AI-сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Білім беру ұйымдары үшін ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін арнайы жұмыс кеңістігі қарастырылған.

Алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарында ChatGPT Edu-ды енгізудің халықаралық тәжірибесі білім алушылардың белсенділігінің артқанын, оқу материалдары сапасының жақсарғанын және оқытушылар уақытының оңтайландырылғанын көрсетіп отыр. Бұл нәтижелер технологияны Қазақстанның білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен енгізу барысында пайдаланылатын болады.

Айжан ӨЗБЕКОВА