Қоғам

Барымызды бағалайық

Жуырда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінде «Барыңды бағала» тақырыбында студенттермен кездесі өтті.

Жиынның модераторы, облыстық Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева жастардың құқықтық мәдениеті ел болашағының кепілі екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін әрбір азамат заң талаптарына бағынуы тиіс екеніне тоқталып, студенттерді ашық пікір алмасуға шақырды.

Мұнан соң сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали жастарға аналық ақыл-кеңесін айтып, адамгершілік пен тәрбиенің заңнан биік тұратынын жеткізді.

Осы ойды сабақтаған облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев жастарды вандализм мен мәдени ескерткіштерге зиян келтіруден аулақ болуға үндеп, ата-бабадан қалған жәдігерлерді сақтау – заң алдындағы ғана емес, тарих алдындағы жауапкершілік екенін айтты.

Ал облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Азат Пирматов студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары мен жауапкершілік жүгі туралы нақты мәліметтер берді. Баяндамасында жастар арасында жиі кездесетін тәртіп бұзушылықтардың зардабын түсіндірді.

Өз кезегінде сөз алған Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Сара Даузова салауатты өмір салтын ұстану мен жат қылықтардан аулақ болудың маңызы туралы ойын ортаға салды.

Кездесудің қорытындылаған колледж директоры Фарида Нақыш білім беру ордасының негізгі міндеті маман даярлау ғана емес, сонымен бірге заңға бағынатын, елін сүйетін тұлға тәрбиелеу екенін атап өтіп, қонақтарға ризашылығын білдірді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ