Брифинг

Қаратау қарқынды дамып келеді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов шаһардың 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысы туралы баяндама жасады.

Қала әкімінің айтуынша, 2025 жылғы 1 шілдедегі статистикалық мәліметке сәйкес Қаратау қаласының халқы 28 309 адамды құрап отыр. Экономикалық белсенді халық саны 16 189 адамды немесе жалпы тұрғындардың 56,8 пайызын құрайды. Оның ішінде 14 181 адам жалдамалы жұмысшы, 1 668 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтыған, ал 340 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген.

Өнеркәсіп орындарының көбеюі бюджет кірісінің артуына оң әсерін тигізген. 2025 жылдың қорытындысымен қала бюджетінің кірісі 246,1 миллион теңгені құрапты. Бұл қаражат қаланың инфрақұрылымын дамыту мен әлеуметтік саланы қолдауға бағытталған.

Инфрақұрылымды дамыту аясында қала көшелерін жөндеу, жарықтандыру, газ және ауызсу жүйелерін жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда қала көшелерінің басым бөлігі асфальтталған, тұрғын үйлердің аулалары толық жарықтандырылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 91 пайыздан асып, ауызсу мәселесі толығымен шешілген. Жылу желілерін жаңғыртуға өткен жылы 211,7 миллион теңге бөлініп, ескі құбырларды ауыстыру жұмыстары аяқталған.

Тұрғын үй саласында да нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Өткен жылы 5 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, 372 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілген. Биыл тағы 3 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 225 адам жаңа баспанаға ие болмақ.

Әлеуметтік салада жұмыспен қамту көрсеткіші жоспардан асыра орындалыпты. Мансап орталығы арқылы 1 724 адам жұмыспен қамтылып, 79 тұрғын қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан.

Спорт және мәдениет салаларына да ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 125-ке жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 8 мыңға жуық қала тұрғыны қамтылған. Сонымен қатар, балалар ойын алаңшалары орнатылып, жасыл желектерді көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Өнеркәсіп саласында «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы іске қосылып, жаңа өндіріс орны жұмысын бастаған. Бұл жоба қала экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде.

Брифинг соңында қала әкімі алдағы жоспарларға да тоқталып өтті.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ