Әлеумет

Медициналық көмек сапалы әрі қолжетімді болуы керек

Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемова облысымызға жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар медициналық нысанды аралады. Вице-министр алдымен облыстық көпбейінді ауруханаға барды.

Аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов медициналық ұйымның қызметі, заманауи материалдық-техникалық базасы, даму бағыттары және көрсетілетін медициналық көмек туралы баяндады.

150 жылдық тарихы бар аурухана өңір тұрғындарына жедел және жоспарлы мамандандырылған медициналық көмек түрлерін көрсетеді. Ұйым құрамында 14 бөлімше бар. Мұнда сондай-ақ нейрохирургиялық, кардиохирургиялық және интервенциялық операциялар жүргізіледі. Ұйым инфрақұрылымды белсенді дамытып, заманауи медициналық технологияларды енгізуде. Бұл пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Вице-министр кардиология бойынша кеңінен көмек көрсететін бөлімшелер жұмысын көріп, олардың жедел және жоспарлы коронарографиялық зерттеулерін жетілдіру бойынша жетістіктерін көрді.

М.Жұманқұловтың хабарлауынша, медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында нейроинсульт, реанимация және кардиохирургия бөлімшелерін Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтеріне сәйкес заманауи құрал-жабдықтармен толықтыру қажет. Бұл – жаңа жоғары технологиялық диагностика және емдеу әдістерін енгізуге, сондай-ақ заманауи емдік процедураларды жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді. Вице-министр құрылғыны сатып алу процесін жеделдету қажеттігін атап өтіп, бұл өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге қолжетімділікті және сапаны арттыратындығын айтты.

Әлия Шайзадайқызы келесі кезекте облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығына ат басын бұрып, мекеменің қызметімен танысып, қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз етілуін бағалады.

2023 жылдың тамыз айында ашылған облыстық онкология және хирургия орталығы 255 төсек орынға есептелген және онкологиялық аурулар мен ісікке дейінгі жағдайлар бойынша мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Орталықта рентгенологиялық, ультрадыбыстық, эндоскопиялық, радиологиялық және зертханалық кешенді диагностикалық тексерулер жүргізіледі.

2025 жылдың соңына қарай қатерлі ісік ауруларының көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 140-ты құрады, ал ерте анықтау деңгейі 29,8 пайызға жетіп, қатерлі ісік ауруларының кеш кезеңдерде анықталуы 9,6 пайызға төмендеді. Онкологиялық скрининг аясында сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және колоректальды қатерлі ісік бойынша скрининг жүргізілді, оның ішінде кейбір жағдайлар жасанды интеллект технологиясы арқылы анықталды.

Тапшы мамандарды тарту мақсатында орталықта тұрғын үймен қамтамасыз ету және жалақыны арттыру сияқты қолдау шаралары қарастырылған. 2026-2027 жылдары жаңа медициналық технологияларды енгізу, сонымен қатар, орталыққа жылжымалы медициналық кешен, ангиограф және екінші сызықтық үдеткіш сатып алу жоспарланып отыр.

Сапар барысында вице-министрге орталықтың ПАКС жүйесі көрсетілді. Аталған жүйе сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллектпен жұмыс істейді (x-Eye Mammo және x-Eye Toraks), ол ісіктерді 1 мм-ден бастап анықтай алады.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетованың төрағалығымен және Денсаулық сақтау вице-министрі Әлия Рүстемованың қатысуымен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңеске Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйым жетекшілері қатысты.

Жиында Денсаулық сақтау министрлігінің мониторингтік тобы жүргізген өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметіне қатысты талдау жұмыстарының алдын ала қорытындылары қаралды.

Айта кетейік, өткен аптада министрліктің жұмысшы тобы Жамбыл облысының барлық емдеу мекемелерін, оның ішінде 10 аудандық медициналық ұйымды аралап, әдістемелік көмек көрсеткен болатын.

Жиында алдымен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен 2026 жылға жоспарланған негізгі міндеттер туралы баяндама жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша саладағы анықталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты ұсыныстар айтылып, тиісті шешімдер қабылданды.

Кеңес барысында Айжан Серікбайқызы жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар мен міндеттемелер жүктеп, олардың шешімі бойынша нақты ұсыныстар айтты.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі