Мәдениет

Оқушылар айтысында салмақты ойлар айтылды

Өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты дәстүрлі облыстық оқушылар айтысы өтті.

Жыр додасына облысымыздың әр қиырынан жиналған жүрегі өлең деп соққан 12 жас айтыскер қатысты. Сөз сайысында айтыскер оқушылар жастарына сай әдемі әзілдесіп, қоғамдық мәселелерді де көтеріп, тақырыпты да тапқыр жырлай білді.

Ал айтысқа Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақов, «Еңбек ардагері» Ербол Қамбатыров және облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Медеу Мырзатай қазылық етті. Олар үміткерлердің сөз саптауын ғана емес, сонымен қатар терең ізденістері мен мазмұнды ойларын да жіті бақылады.

Сөз барымтасының қорытындысы бойынша, сөзден маржан тізіп, оқ бойы озық шыққан Інжу Жаңабай бас жүлдені иеленіп, жыр сүйер қауымның ықыласына бөленді. Жүйріктер арасынан суырылып шыққан Керімбай Райымбек 1-орынды қанжығасына байласа, 2-орынды Маржан Серік пен Досым Абай өзара бөлісті. Ал жүлделі 3-орынға Назгүл Ерланқызы мен Мирас Жамалбек лайық деп танылды. Сонымен қатар, Ұлбике ақын атындағы арнайы жүлде Әсел Мұратқызына, ал Кенен Әзірбаев атындағы сыйлық Алинұр Бектұрсынға бұйырды.

Өнер додасында өзіндік өрнегімен көзге түскен Ержігіт Ораз, Сұлтанхан Даниал, Сұлтанхан Айша және Еркежан Шамшархан арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Сымбат ҚУАНЫШ