Алимент төлемеген 89 борышкер қамаққа алынды
Облыста балаларды асырап-бағу үшін алимент өндіру туралы 16 515 өндіріс тіркелген, олардың қарыз сомасы 4 407 074 770 теңгені құрайды. Оның ішінде алимент төлеуден мүлдем жалтарып жүрген проблемалық алимент саны 225 болса, олардың қарыз сомасы 244 785 547 теңге көлемінде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Мейіржан Исабеков мәлімдеді.
2025 жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндаған спикердің айтуынша, қазіргі таңда облысымызда 216 нотариус, 206 адвокат және 203 заң кеңесшісі қызмет атқарып жүр екен. Былтыр жасалатын нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығы және нотариаттық іс жүргізу қағидаларының сақталуы тұрғысынан 9 жоспарлы, 4 жоспардан тыс 13 тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 1 нотариус әділет органдарының бастамасы бойынша нотариаттық қызмет жасау кезінде бірнеше рет өрескел заңбұзушылық айқындалуына байланысты лицензиясынан сот арқылы айырылыпты. Үш адвокаттың лицензиялары қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты тоқтатылса, 1 адвокат заң көмегін көрсету кезінде заң нормаларын өрескел бұзуына байланысты әділет органдарының бастамасымен лицензиясынан сот арқылы айырылған екен.
Өткен жылы аталған жеке сот орындаушыларының өндірісінде жалпы саны 588 654 атқарушылық іс болған екен. Жыл қорытындысы бойынша оның 271 525-і аяқталған. Оның ішінде 135 084-і іс жүзінде толық орындалса, қалған 317 129 іс келесі кезеңге қалдық ретінде көшіріліпті. Әрбір істің артында өндіріп алушы мен борышкердің мүддесі тұрғандықтан, халық тарапынан сот орындаушыларының жұмысына қатысты сұрақтар көп туындайды. Осы орайда, қордаланған мәселелерді тез арада шешу және тараптардың өзара қарым-қатынасын оңтайландыру үшін бүгінде бұл салада цифрлық технологияларды пайдалану аясы кеңейіп келеді. Соның бірі – «Робот-сот орындаушы» жобасы. Бұл жүйе мемлекет пайдасына 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі берешектерді автоматты түрде өндіріп, азаматтардың жеке сот орындаушы қызметіне кететін шығындарын үнемдеуге көмектеседі. Жүйенің өзі азаматқа хабарлама жолдап, есеп шоттарын тыйымға қояды, шотта ақша бар болса оны автоматты түрде өндіріп алады. Былтыр осы тәртіппен 27 974 іс аяқталып, 562 миллион теңге автоматты түрде өндіріліпті. Сол секілді робот сот орындаушысы арқылы жеке тұлғалар жеке сот орындаушысының қызметінің ақысына төленетін 140 592 289 тенгені үнемдеп қалған.
Сондай-ақ, алимент бойынша борышкерлердің жалпы 30 989 606 теңге берешегін өтеу мақсатында 7 жылжымайтын мүлік өндіріп алушыларға заттай мүлік ретінде берілген екен.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ