Жаңалықтар

Жамбыл облысында полиция қызметкерлерінің балалары ата-аналарының суретін салды

Жамбыл облысында «Адал полицей» акциясы аясында полиция қызметкерлерінің балалары арасында «Менің әкем (анам) — менің мақтанышым» тақырыбында облыстық сурет байқауы өтті

Іс-шараның мақсаты — полиция қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Қоғам мен полиция арасындағы сенім ең алдымен отбасында, бала жүрегінде қалыптасады. Балалар суреттері арқылы полиция қызметкерінің тек формадағы адам емес, ол – ата-ана, қамқор жан, ел тыныштығы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым адам екенін көрсетті. Барша қатысушыларға алғыс білдіреміз, — деп атап өтті ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі О.Жолдасов.

Байқауға 10 жасқа дейінгі балалар мен 11–14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысып, барлығы 30-дан астам бала өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды.

Сайыс нәтижесінде тақырыпты ашу және бояуларды қолдануда шеберлігін көрсеткен Ерғали Алихан және Ерлепесова Жанайым жеңімпаз атанып, ҚР ІІМ-де өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

Барлық қатысушылар ПД Алғыс хаттарымен, үздіктер дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ, балалар іс-шара соңында ата-ана, туған жер тақырыбында өлеңдер оқып, полиция қызметіне қатысты ойларымен бөлісті.

Іс-шара кішкентай қонақтардың ПД мұражайы мен Жедел басқару орталығына экскурсиясымен аяқталды.