Брифинг

Вакцинация – қызылшадан қорғанудың сенімді жолы

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың қатысуымен «Жамбыл облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап облыста қызылшаның 191 жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 80 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Оның ішінде бір жасқа дейінгі балалар арасында 43 жағдай, 1 жастағы балаларда 42 жағдай, ал 2-5 жас аралығындағы балалар арасында 54 жағдай анықталған. Тіркелген жағдайлардың 81 пайызы, яғни 155 жағдай Тараз қаласына тиесілі. Қалған аудандарда қызылша ауруының 1-ден 14-ке дейінгі жағдайлары тіркелген.

Науқастардың 85 пайызы вакцинацияланбаған. Бұған екпеден бас тарту, медициналық қарсы көрсетілімдер және екпе жасына жетпеу негізгі себеп болып отыр.

Қызылша – ауа-тамшы жолымен таралатын аса жұқпалы жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол адамдар көп жиналатын орындарда қысқа мерзімді байланыс кезінде де жұғады. Вирус жабық үй-жайларда бір сағатқа дейін сақталып, науқас адам лифтпен жүргеннен кейін де жұқтыру қаупі жоғары болады.

Облыста 2025 жылғы желтоқсан айынан бастап қосымша жоспардан тыс иммундау жұмыстары қолға алынып, 9-10 айлық екпе алмаған балалар мен 2-18 жас аралығындағы балалар қамтылған. Қазіргі уақытта қызылшаға қарсы екпені 4 мыңнан астам бала алған.

Айжан ӨЗБЕКОВА