Денсаулық

Медициналық көмектің сапасын арттыру – күн тәртібінде

Жуырда облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты арасында жасалған өңірлік денсаулық сақтауды дамыту жөніндегі меморандум аясында Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында мазмұнды жұмыс кездесуі өтті.

Басқосуға облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Жәмилә Кайбуллаева, сондай-ақ аурухана басшылығы мен жетекші мамандары қатысты.

Жиынға «Клиникалық даму, оқыту және ғылымды ілгерілету» тақырыбы өзек болды. Тараптар аурухана базасында клиникалық тәжірибені нығайту, өңір тұрғындарына көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жолдарын жан-жақты талқылады.

Әсіресе гематология, ревматология, гастроэнтерология, кардиохирургия, эндокринология, интервенциялық кардиология және неврология бағыттарын дамытуға басымдық берілді. Заманауи клиникалық хаттамаларды тәжірибеге енгізу, ғылыми сүйемелдеу жүйесін күшейту және медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мәселелері кеңінен қарастырылды.

Сондай-ақ кездесуде алдағы кезеңге арналған төрт басым ғылыми бағыт айқындалды. Олар: ревматология, қан айналымы жүйесінің аурулары, гематология және эндокринология.

Жиынның ресми бөлігі аяқталғаннан кейін облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы, облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұлов, бас дәрігердің орынбасарлары мен бейінді бөлімше меңгерушілері жеке кеңес өткізіп, бірлескен ғылыми жарияланымдар мен зерттеулерге қатысты ықтимал тақырыптарды пысықтады.

Аталған кездесу ғылыми-клиникалық әріптестікті нығайтудың маңызды қадамы болып, облысымызда медицина, ғылым және кадр даярлау жүйесін жүйелі дамытуға берік негіз қалады. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің сапасын арттыруға және өңірлік денсаулық сақтау саласына заманауи инновациялық тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау

басқармасының баспасөз қызметі