Алдағы міндеттер ауқымды
Мемлекеттік жастар саясатын жүйелі түрде жүзеге асыру – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің, болашаққа сенімді қадам жасаудың маңызды тетігі. Осы бағытта Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы 2025 жылы ауқымды әрі нәтижелі жұмыстар атқарды.
Қазіргі таңда ауданда 14-35 жас аралығындағы тұрғындар саны 17 мыңнан асады. Бұл аудан халқының 33,7 пайызын құрайды. Жастардың басым бөлігі Аса, Айшабибі, Гродеково, Қызылқайнар, Бесағаш ауылдық округтерінде шоғырланған.
Жастарды жұмыспен қамту – маңызды міндет. Былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 1 415 жас тартылды. Саралай айтсақ, 799-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 183-і ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. 166 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 45-і «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысты.
Сонымен қатар 27 жас мемлекеттік грант иегері атанса, 76 жас «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгерді.
Бүгінде аудан бойынша 391 жұмыссыз жас есепте тұр. Жұмыссыз жастармен жеке жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтиежелерге қол жеткізілді. NEET санатындағы жастар да назарымыздан тыс қалған емес. Атқарылған жүйелі жұмыстардың арқасында NEET жастардың саны 82,3 пайызға (917-ден 352-ге) дейін азайды. Өткен жылдың басынан бері 38 адрестік жұмыс жүргізіліп, нақтылау нәтижесінде көптеген жастың жұмыспен қамтылғаны, кейбірі білім алып жатса, тағы бірінің басқа өңірге көшкені анықталды. Бұл бағытта 15 кеңес беру алаңы, 18 қоғамдық қабылдау, 4 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
2025 жылы пробация есебінде тұрған азаматтардың қатысуымен 26, нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу мақсатында 15 профилактикалық іс-шара өтті. Одан бөлек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, спорттық жарыстар, кино көрсетілімдер, құқықтық және психологиялық кездесулер ұйымдастырылып, жастарды қоғамға бейімдеуге басымдық берілді. Өткен жылдың 11 айында 11 бағытта 1 164 іс-шара қолға алынып, 19 727 азамат қамтылды. Сонымен қатар волонтерлік бағытта 684 іс-шара өткізіліп, 10 721 жамбылдық өрен ерікті ретінде атсалысты. Волонтерлік қызмет бірнеше саланы қамтыды.
Тағы бір айта кетер жайт, жыл ішінде бірқатар тың әрі сұранысқа ие жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Шаштараз» әлеуметтік жобасы, «Кітап ал – кітап сыйла», «АуылBAY» кәсіпкер жастарды насихаттау, «Мерген» – дәстүрлі садақ ату, «Қараоқы кеші», «Кино тайм», «Кофе тайм», «Сөз мергені», «English Speaking Club», «JaSStarga kenes» рубрикасы секілді жобалардың жастарға берері мол болды.
Сондай-ақ «Отбасы банк» кеңес беру орталығы арқылы 3 000-ға жуық азаматқа кеңес беріліп, 1000-ға жуық жастың атынан депозит ашылды.
Жыл бойы осындай аудандық деңгейде және облыстық деңгейде ірі-ірі іс-шаралар ұйымдастырылып, өз нәтижесін берді. Ұлы тұлғалардың мерейтойлары, ұлттық спорт түрлері, интеллектуалдық ойындар, экологиялық акциялар, шығармашылық байқаулар мен форумдар жастардың белсенділігін арттырды.
Жалпы 2025 жыл Жамбыл ауданындағы жастар саясаты үшін жүйелі жұмыс пен нақты нәтижелер жылы болды.
Жастар ресурстық орталығы тарапынан жастардың әлеуетін ашуға, олардың әлеуметтік-экономикалық, рухани және мәдени дамуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жастар аудан дамуының негізгі қозғаушы күшіне айнала беретін болады.
Жандар ТОҚСАБА,
Жамбыл аудандық жастар ресурстық
орталығының директоры