Орманшылардың жағдайы оңалып келеді
Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 4 миллион 414 мың гектарды құрайды. Орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев баяндады.
Спикердің айтуынша, облыстың 2021-2027 жылдарға арналған орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспарына сәйкес, орман қоры аумағында 140,8 миллион ағаш отырғызу жоспарлануда. Мәселен, 2021-2025 жылдары 110,1 миллион ағаш отырғызылса, биыл 16 миллион көшет отырғызылады деп күтілуде.
Өткен жылы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында жергілікті бюджеттен 100 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. Жоспарға сәйкес, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтарды сатып алу кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Қазіргі таңда 9 патрульдік автокөлік сатып алынып, орман шаруашылығы мекемелеріне таратылып берілді. Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелерінің арнайы есепшоты есебінен 1 дана «Нива» автокөлігі сатып алыныпты.
«Бұдан бөлек, Өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру аясында облыстың орман шаруашылығы мекемелеріне жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеге 59 өрт сөндіру техникасын сатып алу жоспарлануда. Қазіргі таңда 15 «JAC» маркалы кіші кешенді өрт сөндіру автокөлігі алынды.
Сондай-ақ, Жамбыл табиғат қоғамдық қоры есебінен 9 «Соболь» қызметтік автокөлігі, 17 мотоцикл, 4 «Toyota Hilux» және 15 пилотсыз ұшу аппараттары алынып, орман шаруашылығы мекемелеріне берілді.
Сонымен қатар, орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын одан әрі жаңарту мақсатында Өнеркәсіпті дамыту қорынан лизингтік қаржыландыру арқылы қосымша 29 МТЗ тракторы және 15 өрт сөндіру автокөлігін алу жоспарлануда. Бұл шаралар облыстағы орман шаруашылығы мекемелерін өртке қарсы техникамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Н.Егембердиев.
С.НҰРБОЛҚЫЗЫ