Жаңалықтар

Ұлттың болашағы айқындалған Құрылтай

Қызылорда облысында өткен Құрылтай ел өміріндегі кезекті жиындардың бірі болып қалған жоқ. Халқымыз үшін маңызды басқосу мемлекеттің алдағы бағыт-бағдары айқындалған, саяси жүйенің өзегіне жаңаша тыныс берілген тағдырлы кеңес болды. Ұлт тарихында Құрылтай қашанда елдік мәселе таразыға түскен тұста шақырылған. Бұл жиын да сол дәстүрдің заңды жалғасы іспетті.

Мемлекет басшысының болашақ Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөніндегі пікірі — тарихи жадыны тірілтіп қана қоймай, мемлекеттік басқару мәдениетін ұлттық негізге қайта байлауға бағытталған қадам. Бұл атау халқымыз үшін жат ұғым емес. Ол – хан мен қара тең отырып кеңескен, ел тағдыры ортақ ақылмен шешілген кезеңдердің белгісі. Сондықтан Құрылтайды маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтау – саяси реформаға рухани мазмұн дарытатын шешім.

Президент ұсынған басты ұстанымның бірі – заң шығару ісінің сапасын арттыру. Парламент жұмысының пәрмені депутат санына емес, олардың білім деңгейі мен азаматтық ұстанымына байланысты екені ашық айтылды. Осыған сәйкес мандат санын 145-пен шектеу, комитеттерді сегізден асырмау – жүйені ықшамдап, шешім қабылдау үдерісін ширақ етуге бағытталған нақты қадам. Басқару құрылымындағы артық буындар қысқарып, жауапкершілік салмағы айқындала түсті.

Алдағы саяси жаңғырудың өзегі – Конституциялық өзгерістер. Бұл түзетулер ел дамуын тежеген ескі тетіктерден арылып, мемлекетті басқарудың әділетті үлгісін орнықтыруды көздейді. Мұндай сәтте жалғыз биліктің емес, тұтас қоғамның ортақ ойы қажет. Сондықтан заңгерлердің, сарапшылардың, қоғам белсенділерінің, депутаттардың ұсыныстары кеңінен ескерілуі – халық сенімін күшейтетін маңызды алғышарт.

Парламентті жасақтауда пропорционалды жүйенің енгізілуі – саяси партиялардың жауапкершілігін арттыратын шешім. Бұл партияларды ұранмен емес, нақты бағдарлама, жүйелі идеология арқылы жұмыс істеуге жетелейді. Ал аймақтарда мажоритарлық тәртіптің сақталуы — ел ішіндегі сенім көпірін үзбеудің жолы. Халық өз өкілін өзі таңдап, оның уәдесін бетпе-бет отырып сұрай алуы — саяси мәдениеттің тірі көрінісі.

Президент квотасы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы квотасының алынып тасталуы — саяси алаңдағы тең мүмкіндікті орнықтыратын батыл қадам.Байыпты бастама билікке апарар жолдың баршаға бірдей екенін көрсетеді. Енді қоғамдық сенім артықшылыққа емес, азаматтық салмаққа сүйенеді.
Ал әлеуметтік квоталардың сақталуы — мемлекеттің адам тағдырына бейжай қарамайтынын аңғартты. Жастардың үні, әйел затының зары, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мұңы қағаз жүзінде емес, нақты өкіл арқылы айтылуы тиіс. 

Кешегі Құрылтай ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Онда көтерілген бастамалар уақытша науқан үшін емес, ертеңнің іргесін бекемдеу үшін ұсынылды. Тағдырлы шешімді билік пен халықтың арасына сенім дәні себілген сәт деп қабылдадық.

Алдағы өзгерістердің баянды болуы әр азаматтың ұстанымына байланысты. Ұлт тағдыры талқыға түскен тұста бейтарап қалу – жауапкершіліктен қашумен тең. Елдік мұратқа жұмылған жұрт қана жаңарған Қазақстанның еңсесін биіктете алады.

Ерғали Әбуғали,

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы»

жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы