«Сергек» камерасына оқ атқан жамбылдық азамат жауапкершілікке тартылды
Жамбыл облысы Байзақ ауданында ер адам «Сергек» камерасына оқ атқан. Осыған қатысты бөтеннің мүлкін қасақана жою ісі әкімшілік сотта қаралды, деп хабарлайды arainfo.kz
2026 жылғы 19 қаңтарда Байзақ аудандық соты бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша істі қарады. Сотта анықталғандай, 2025 жылғы желтоқсан айында сотталушы «Сарыкемер – Түймекент – Ақшолақ» автожолында пневматикалық мылтықтан оқ атып, жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін «Сергек» камерасын қасақана зақымдаған.
Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген залалдың бір бөлігі өтелгенін мәлімдеді. Алайда жәбірленуші тарап материалдық шығынның толық көлемде өтелмегенін көрсетті.
Сот ер адамның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полицияның хабарламасымен, жәбірленушінің жазбаша арызымен және құқық бұзушының айғақтарымен дәлелденгенін атап өтті.
Нәтижесінде сот қаулысымен ер адам Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 196 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енді.