Жамбыл облысында 155 рет жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші жауапқа тартылды
Жамбыл облысы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы «Қорғау» автоматтандырылған жүйесінің көмегімен жол жүрісі ережелерін өрескел әрі жүйелі түрде бұзып келген жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды arainfo.kz
Полиция мәліметінше, «Toyota Camry» автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін барлығы 155 рет бұзған. Оның ішінде 126 жағдайда жылдамдықты әдейі асырса, тағы 29 рет «тоқта сызығы» секілді жол белгілерінің талаптарын сақтамаған.
Құқық бұзушының жауапкершіліктен қашып жүруі биыл да жалғасқан. Атап айтқанда, 2026 жылдың қаңтар айының алғашқы 16 күнінің өзінде ол 18 рет жол ережесін бұзған.
Аталған дерек бойынша жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592 және 601-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көлік айып тұрағына қойылды.
Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін қасақана әрі жүйелі түрде бұзу жол-көлік оқиғаларына тікелей қауіп төндіретінін ескертіп, жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.