Жаңалықтар

Мүгедектігі бар жандар мен қарттарға арналған күтім жүйесі өзгереді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға арналған шағын сыйымдылықтағы үйлер мен күндізгі күтім бөлімшелері үшін жаңа стандарттар әзірледі. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, деп хабарлайды arainfo.kz

Ведомствоның мәліметінше, жаңа стандарттарды енгізу арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызмет тиімділігін арттыруға және олардың түрлерін нақты айқындауға мүмкіндік береді. Бұған дейін аталған мекемелер стационарлық және жартылай стационарлық жағдайларда көрсетілетін қолданыстағы стандарттар бойынша жұмыс істеп келген.

Министрлік жеке, дербес стандарттарды қолдану арнайы әлеуметтік қызметтерді оңтайландыруға, сондай-ақ қажет болған жағдайда ұйымдардың нақты бір түрінің қызметіне нысаналы өзгерістер енгізуге жол ашатынын атап өтті.

Жалпы алғанда, бұл бастама өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдау нысандарын кеңейтуге және барынша инклюзивті әрі қолжетімді әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығына өзгерістер енгізу жобасы 2026 жылғы 2 ақпанға дейін «Ашық НҚА» интернет-порталында қоғамдық талқылауға шығарылды.