Жаңалықтар

Жаркентте кішкентай баласын аяусыз ұрған ана абақтыға түсті

Аталған дерек бойынша 28 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды arainfo.kz

Әлеуметтік желілерде жылыту батареясына байланған баланы қатыгездікпен ұрып-соғып жатқан сәт түсірілген бейнежазба тарады. Оқиға кезінде бөлмеде өзге балалардың да болғаны көрінеді.

Аталған дерек бойынша 28 жастағы әйел ұсталды. Оның жеке басы анықталып, оқиғаның Жаркент қаласында болғаны белгілі болды. Бұл туралы Жетісу облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Зардап шеккен бала мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді, ал баланың анасы уақытша тергеу изоляторына қамалды.

Сондай-ақ кәмелетке толмаған тағы екі баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Анасына қатысты ата-ана құқығынан айыру мәселесі бойынша ресми өтініш жолданбақ.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, видеоны журналист Жанар Нұртазина Instagram әлеуметтік желісіне жариялаған.