«Мен болсам сені шақырып бірге, жоғымды іздеймін қоғамнан...»
Шапағат Әбдір – есімі елге етене таныла бастаған, жыр сүйер жұрттың ықыласына бөленген жас ақын. Бірнеше мәрте жыр мүшәйралары мен әдеби байқауларда топ жарып, жүлдегер атанған қалам иесінің өлең өрімі өмірдің өзінен нәр алған шынайылығымен, көркем кестесімен және ой тереңдігімен дараланады. Оның поэзиясынан жүрек лүпілі, уақыт тынысы, адам жанының алуан күйі айқын сезіледі.
Қазіргі таңда ол елордадағы беделді басылымдардың бірі – «Астана ақшамы» газетінде жемісті еңбек етіп келеді. Бұған дейін де облыстық «AR-AI» газетінде қалам тербеп, оқырманға өзіндік қолтаңбасын танытып, сөзге жауапкершілікпен қарайтын, ізденісі мығым журналист-ақын ретінде танылғаны белгілі.
Бүгін біз әріптесіміз, жас та дарынды ақын Шапағат Әбдірдің жүректен туған, ойдан өрілген таңдаулы өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН
ТАҒДЫР
Хан боламын деп қасам ішіп ем,
Бұл қоғам мені құл қылды.
Иілмеймін деп қасарысып ем,
Тағдырым мені сындырды.
Көкте бір жұлдыз сөнбесін деп ем,
Ол да енді жерге құлапты.
Жасымды дұшпан көрмесін деп ем,
Достарым мені жылатты...
Кеткенін сезбей пышақтап оның,
Жүрегім әлі күтеді.
Раушан гүлін құшақтап едім,
Қолыма кірді тікені.
КӨШПЕНДІЛЕР
(Микро поэма)
Боз армандармен бозала таңды атырып,
Боз балалары боз жусан кешкен жапырып.
Бозарған дала тасын исінтіп,
Боздаған бота даусынан,
Бозқараған көктер бозторғай үнін сапырып.
Сыңсыған желдің сыңсуын қосып,
Сыбызғы қылған аққудың мойнын қатырып.
Қара даласына қараған көзің талатын,
Қараған сайын қымтана түсер,
Қара топырақ,
қара түн.
Алатауында арландар азу жарғанда,
Қаратауында қарғалдақ қауыз жаратын.
Үлпілдеп тұрған қыздары тағар,
Үлпілдек үкі қанатын.
Сардарларының дулығасына,
Самұрық ұя салатын.
Көшпенділер-ай!
Ана алғысын жұмаққа барар жол қылған,
Ата ақылын ап, теріс пиғылын оң қылған.
Жартыкештеніп ымыртта туған жаңа айға,
Ақсұңқар құсын қондырған.
Қанжарыменен қақырата жыртып іңірден,
Қағандарым-ай қара шаңыраққа ту ілген.
Тұлпарының тостаған қылып тұяғын,
Қабылан сүтін сімірген.
Әруағы қозса, тұрса да қарсы оқ борап,
Оғыңды тауысып, омыртқаңды үзіп тоқтамақ.
Ашуы қозса теріс ағызып өзенді,
Басылады әрең әлемді мынау отқа орап.
Ұстаған олар далама келген жау түгіл,
Құйынның өзін ноқталап.
Қарғана қалса жақынның өзін жат қылып,
Алдана қалса жаманыңды да жақсы қып.
Мақтанар болса алысқа садақ аттырып,
Шаттанар болса лақ қылып жауын лақтырып.
Зеріге қалса, арыстаныңды ат қылып,
Ақ серек ойнап сап құрып.
Ойнайтын еді қыз балалары,
Бұрымына гүл тақтырып,
Ұл балалары жыланды жыланға байлап,
Араны араға шақтырып.
Қаһарланса қара жерді де қақ тіліп,
Қағанат құрған Сақ, Түрік.
Құлының өзі тәж киіп көрген тах мініп.
Еркектің арын намысына қойған күзетіп,
Әйелдің арын ұятына келген бақтырып.
Ақ некесіне пәк тұнық, салып,
Ақ құлып.
Ақ сүйек ойнап алатын кілтін таптырып.
Көшпенділер-ай!
Тоқалдарының бармақтарынан бал тамып,
Бәйбішелері құс жолын таққан алқа қып.
Бақсысы тіпті қураған гүлге жан салып,
Батыры жауға шауыпты айды балта қып...
Көктеулігінде туыла қалса еңілік,
Қыстаулығында азуы қақсар бөрі ұлып.
Көшпенділер-ай, керегедей боп керіліп,
Кер құла атпен тізесі темір, белі нық,
Топқа кіретін тебініп.
Хандары оның найзағайды ұстап қамшы қып,
Ерлері болды жылауды білмес егіліп.
Қорықса олар қорықты, қалам деп емес жеңіліп,
Қашудан қорықты шегініп.
Өлімнен қорықты ұятты,
Кетуден емес тірідей жерге көміліп.
Қазынасын да құлыптамайтын халық ол,
Қайыршысы тұрар алтынды алуға ерініп.
Жұлдыздар мүмкін сақинасы ғой
кесілген,
Сақ бикештерінің саусағынан түскен төгіліп.
Көшпенділер-ай!
Аңқасын кептіріп, адастырса да құмға сап,
Ақтабан жылдар шұбырын.
Шомылдырып алтын буға сап,
Сүтке жүздірген сұлуын.
Айдаһардың бас сүйегіне,
орнатқан қыран тұғырын.
Қондыгерінің қамшысы үшін,
жоғалтқан бұлан ғұмырын.
Қобызына қасқыр асығын тиек қып,
Қыл қылып таққан қаршыға қанат суылын.
Домбырасына ішек қып таққан,
Ғұн жылқысының дүбірін.
Аюының өзі апанын қызғанар,
Іргесінен қазса суыр ін.
Жұмақ даламның арасы да алтын қанатты,
Күміс қанатты шыбыным.
Бұл жерге келген жат арландардың,
Сақ қақпаны қияр сіңірін.
Жырауларының кеудесін кернеп жыр қысқан,
Бұл жалған оның тіл ұшындағы тым қысқа ән.
Халықпыз сондай саптаяғынан тағдырдың,
Уқорғасын жұтып, у құсқан.
Қанды тарихтың нүктесін қойды,
Тәуелсіздіктің кіндігінен тамған тұңғыш қан.
Домбырасына ҚОРҒАСЫН ЕМЕС,
КӨЗ ЖАСЫН құйған ШЫҢҒЫСХАН!
Көшпенділер-ай!
Көшпенділер-ай!!!
БАҒЗЫЛЫҚ БАЯНЫ
Ала таңды да арқандаған біз ала ат қып,
Қара түнді де ноқталаған біз қара ат қып.
Күннің өзін күлше қып,
Жұлдызды жүрдік сағат қып.
Жайдың отымен қазан қайнатып,
Айдың өзін табақ қып.
Қайғыра қалсақ,
Қасқалдақ қанын шарап қып.
Қуана қалсақ, жұмаққа кірмей жатып-ақ,
Жемісін жедік тамақ қып.
Жерден салған тонарымызға,
Құс жолын шоқ қып қалаттық.
Жазу жазғанбыз қарағайды қалам қып,
Қара тасты парақ қып.
Ханзадаларым,
Қабыланның құйрығын қамшы қып,
Таутекенің мүйізін иді садақ қып.
Ханшаларым,
Аққудың ұясын жастық қып,
Періштелердің қауырсындарын тарақ қып.
Жалаңаштанған әлемді киіндіргенбіз,
Жер шарының жыртығы болса жаматтық.
Жауыздықпен емес жанашырлықпен,
Төрт құбыланы қабағымызға қараттық.
Көктен кітап түспей жатып- ақ,
Ұятты өткенбіз сабақ қып.
Ибамызды заң қып,
Иманымызға сайтанның өзін сабаттық.
Мынау әлемнің әліппесін жасап, әріптер құрап,
Аюға да сан санаттық.
Итіміздің итаяғын да күміс қып,
Қарғыбауына алтын жалаттық.
Тобылғы көрсек қамшыға сап қып,
Долана көрсек домбырамызға шанақ қып.
Жебеміздің ұшына дейін,
Желді байладық қанат қып.
Алты құрлық, бес мұхитқа,
Өркениет пен мәдениетті тараттық.
Адамды құдай жаратты,
Бірақ...
Азияны біз жараттық.
Бейішті құдай жаратты бірақ,
біз алдық,
Туған жерімізді жәннәт қып...
***
О ұлы далам, сенің тауыңдай болғым келеді сабырлы.
Сенің қарағашың да жанарлы, қара тасын да бауырлы.
Сенің бір тал гүлің үзілсе,
Менің жүрегім ауырды.
Аспаның менің терезем,
Мен түгіл сені құшақтап алар көп өзен.
Сонау қиыр шетіңде сенің, тартылса егер бір өзен,
Менің кебеді кенезем.
О туған далам, не деген ыстық, жылы едің,
Мен сен боп өмір сүремін.
Сондықтан сенің амандығыңды қорғап үретін,
Итің ашықса да тастауға дайын жүрегін.
Мен сенен туған ұл едім!...
ҚАРҚАРА
Қарқара бойы қара түн,
Қара түнді тілгілеп,
Қарға қағар қанатын.
Қарқара бойы қарағай,
қарағайды паналап,
қаршыға ұя салатын.
Қарқара бойы көп қазақ,
Суғарып сенен ала атын,
Суын да сенен алатын.
Жетімін біреу қарғаса,
Қарқара жылап қалатын.
Жесірі жылап зарласа,
Қанға өзгеріп ағатын.
Қарқара бойы қия бет,
Қия бетті тоздырған,
Қара малдың тұяғы от.
Қарқара деген қара су,
Басталған жері ұжымақ,
Баратын жері қиямет.
Қаламгер болам дегеннің,
Қаламына сия боп.
Қара балшығының өзі,
Қарлығашқа ұя боп.
Қарасып ағып жатқандай.
Жарасып ағып жатқандай.
Қарқара емес қайғырып,
Алашым ағып жатқандай.
Қарқара емес қазақтың,
Қарашығы ағып жатқандай.
Қымызыңды емес келгендер,
Көз жасыңды ішті шөміштеп.
Өзіңді қорғап өлгендер,
өзіңе шықты жеміс боп.
Қайранда, қайран Қарқарам,
Жеріңнің асты кеніш боп.
Қазғанда орыс, неміс кеп.
Орыңды қазақ толтырды,
Сүйегіменен тегістеп.
Көбелегі ұшар көлбеңдеп,
Ебелегі ұшар елбеңдеп.
Серілер келсе серуендеп,
Перілер көшкен керуен боп.
Қасиетті су Қарқара!
Қасиетіңді сыйлап мен сенің-
Дәрет суын атамның,
Сенен алып көргем жоқ.
Иман суын әжемнің,
Сенен алдым өлген жоқ.
Арғымағымнан басқаға,
Алақаныммен ап бергем жоқ.
Садағаң кетейін Қарқара!
Ешкіңе жем болайын,
Ернеуіңде өскен ермен боп.
Мен сен боп ағып көргім бар,
Өмір сүріп көр сен мен боп.
Үркінде сонау бір түнде,
Сені қимай кетпеп пе ем.
Сен сонда жылап аққансың,
Еңіреп жатып екбеттен.
Көз жасым толтырған арнаңды,
Бұлақ боп құйып бет-беттен.
Ерінін малған дұшпанның,
Өзегіне құйдың от боп сен.
Саусағын малған мыстанның,
Тырнағына қаттың кек боп сен.
Қайранда қайран, Қарқарам,
Мекендеп бабам Мекке еткен.
Тауға бұрсаң арнасын,
Шөлейтіңді шөпті еткен.
Құмға бұрсаң арнасын,
Қурайыңды көктеткен.
Қайранда менің, Қарқарам!
Саған бабам суғарып,
Құлын алған қысырдан.
Ауруынан айыққан,
Адам ішсе ұшынған.
Жұмыртқасын аққудың,
Балапан ғып ұшырған.
Жұдырығын досына,
Алақан қып ұсынған.
Тасбих болар анама,
Қара тасың да мұсылман!
Сағасында ел аунаса,
Тұнып аққан Қарқарам.
Жағасында ел жаураса,
Жылып аққан Қарқарам.
Жайлауына ел келсе,
Құт байланған Қарқарам.
Жетім лағы шөлдесе,
Сүтке айналған Қарқарам.
Қарқара деген хан жайлау,
Көбелегіне отау- Қышы, Ермен.
Жетім құлыны қолдан сүт ішкен,
Құмай тазысы құс емген.
Қарқара деген сұлу қыз,
Енді ғана асқан мүшелден.
Қарқара деген еркіндік,
Босанған ат ол арқаннан,
Шешілген қол ол кісеннен.
Қарқара деген ағын су,
Ағынын кессе кісі өлген.
Кірден емес күнамнан,
Арылу үшін түсем мен!
ТАЛАСЫМ МЕНІҢ-ТАҒДЫРЫМ
Жанымның қозғап ескі жарасын,
Қоюлаттың сен мұңымды.
Таласым неге өксіп ағасың,
Кім түсінеді мұныңды.
Өксіп ағасың,
Естіп ағасың,
Ешкім тыңдамас жырымды.
Орманыңның біз кестік ағашын,
Көшіріп тындық құмыңды...
Долданып кейде тасып ағасың,
Арманды іздейсің бұрынғы.
Ал менің тамып тасыңа жасым,
Арнаңды іздеймін бүгінгі...
Сен болсаң тулап, аһ ұрып бірде,
Жолыңды іздейсің жоғалған.
Мен болсам сені шақырып бірге,
Жоғымды іздеймін қоғамнан.
Сөйлесем сенімен жел тілінде мен,
Таңбалы тасың танитын ...
Таласым асау толқыныңменен,
Жазылды қанды тарихым...
Алаш азайса Талас жоқтады,
Арнасын теуіп кеңейтіп.
Талас азайса Алаш жоқтады,
Көз жасыменен көбейтіп...
Ағасың кейде сарқырап өрге,
Жағаңда жуам жан кірін.
Тартыла көрме,
Тартыла көрме,
Таласым менің-Тағдырым!...
Шапағат ӘБДІРҰЛЫ