Қоғам

Ұрпаққа ұран болған Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан – еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін, халықтың қауіпсіздігін қорғауда ерекше орын алатын әскери құрылым. Ол мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, заңдылық пен тәртіптің сақталуына қызмет етеді. Ұлттық ұлан сарбаздары күн сайын жауапты міндеттерді атқарып, азаматтардың бейбіт өмір сүруіне жағдай жасайды.

Тараз қаласындағы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрамындағы 5513 әскери бөлімінің ел тыныштығын сақтаудағы орны бөлек.

Әскери бөлімді полковник Асылбек Солтанов басқарады. Бөлім командирінің айтуынша, жауынгерлік ұжым қала аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету, сотталғандарды айдауылдау және олардың тәртібін бақылау секілді жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Әскерилер өздеріне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, ел қауіпсіздігіне лайықты үлес қосуда.

Бөлім командирінің сөзіне сүйенсек, әскери борышын өтеуші жас сарбаздарға заман талабына сай барлық жағдай жасалған. Бөлімде медициналық қызмет тұрақты жұмыс істеп, жас сарбаздардың денсаулығын бақылап, қажетті медициналық көмек көрсетеді. Психолог мамандар әскери ортаға бейімделу кезеңінде моральдық-психологиялық қолдау көрсетіп, жеке құрамның рухани тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Бөлім командирі әскери борышын өтеуші жас сарбаздар тек күнделікті қала тыныштығын күзету, физикалық дене дайындығын шыңдау және жауынгерлік даярлық сабақтарына қатысумен ғана шектелмейтінін де тілге тиек етті. Олар үшін әскери қызмет – тәртіп пен табандылықты қалыптастыратын, рухани әрі зияткерлік дамуға жол ашатын үлкен мектеп. Сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру және болашаққа деген сенімін нығайту мақсатында бөлімде түрлі мәдени-танымдық шаралар тұрақты түрде өткізіледі. «Көңілді тапқырлар алаңы» әзіл-сықақ ойыны, «Сарбаз сәлемі» концерттік бағдарламасы, облыс көлемінде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік іс-шаралар мен театр қойылымдары жас жауынгерлердің рухани әлемін байытады. Сонымен қатар, әскери қызметін адал әрі үлгілі атқарған сарбаздарға «Sarbaz 2.0» гранты табысталып тұрады. Бұл бастама жас жауынгерлерді білімге ұмтылдырып, әскери борышын өтегеннен кейінгі өміріне нық қадам жасауына зор мүмкіндік береді.

 

АРМАНЫНА ЖЕТКЕН АЛЕКСАНДР

Былтыр 5513 әскери бөлімінде есте қаларлық ерекше оқиғалар орын алыпты.

Жаңа жыл қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздардың жүрек түкпіріндегі асыл армандарын жүзеге асыруға қолдау білдіреді. Жүргізілген сауалнама барысында жауынгерлер өз тілектерін шынайы түрде жеткізеді. Сарбаздардың көпшілігі сауалнамада жазған армандарының дәл осы қызмет кезеңінде орындалатынын күтпеген еді. Алайда ізгі ниет пен жанашырлықтың нәтижесінде сарбаздардың қарапайым тілектері шындыққа айналды. Сауалнамаға қатысқан бөлімнің сарбазы Александр Мирошин бұрын-соңды ұшаққа мініп көрмегенін және көкке көтерілуді армандайтынын жазған екен. Сарбаздың тілегі Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының қолдауымен орындалып, жас жауынгер Астана қаласындағы Ұлттық ұланның авиациялық қызметінің ұшағымен көкке көтерілуге мүмкіндік алды.

Ал жерге қонған соң Александрды тағы бір күтпеген қуаныш – анасымен қауышу күтіп тұрды. Сарбаздың анасы Наталья Мирошина бұл күн тек ұлы үшін ғана емес, өзі үшін де үлкен арманның орындалған сәті болғанын айтып, көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін шынайы алғысын білдірді.

Осындай жан-жақты қолдауды сезінген жас жауынгерлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында да қырағылық пен адалдықтың жоғары үлгісін көрсетіп жүр.

Өткен жылы әскери бөлім қызметкерлері түзету мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізіпті. Соның айқын дәлелі – 5513 әскери бөлімінің сарбаздары түзету мекемесіне есірткі өткізу әрекетінің алдын алғаны. Келушілерді тексеру барысында аға нұсқаушы Нұрбахыт Есенгелдиевтің қарауындағы Зара атты қызметтік ит күдікті иісті сезіп, ішінде есірткі оралған бумалары бар аяқ киімді тіміскілеп жүріп дәл табады. Әскери қызметшілер болған жағдайды кезекші бөлімге жедел баяндап, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылады. Осылайша жауынгерлердің кәсібилігінің арқасында тыйым салынған заттарды өткізу әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылды.

Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансейітовтің айтуынша, былтыр қыркүйек айының соңына таман қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілер бір күннің ішінде бірнеше рет жоғары қырағылық пен кәсіби шеберлік танытыпты. Олар басынан жарақат алған 9 жасар балаға көмек көрсетіп, қолында пышағы бар жасөспірімді ұстаған.

Батылдығы әрі табандылығымен көзге түскен осындай жігіттердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететін мұндай сарбаздар әрдайым басшылықтың назарында болып, олардың адал қызметі мен үлгілі ісі лайықты бағасын табады.

 

ТӨРТ ЕГІЗ ЖҰП БОРЫШЫН ӨТЕУДЕ

Ұлттық ұлан сапында бір мезетте бірнеше егіз жұптың қызмет етуі – әскери құрылымдағы адамгершілік, бауырмалдық пен әскери тәртіптің үйлесімді көрінісі. Мұндай сирек жайттар әскери қызметтің тек қатаң талаптарға емес, рухани тұтастыққа да негізделетінін айқын дәлелдейді.

Мәселен бүгінде 5513 әскери бөлімінде 4 бірдей егіз жұп Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр.

Әскерге шақыру кезінде сарбаздардың егіз екені анықталса, әскери бөлім қолбасшылығы оларды бір-бірінен ажыратпай, қатар қызмет етуге жағдай жасайды. Бұл шешім тек тұрмыстық қолайлылық емес, әскери ортадағы психологиялық тұрақтылық пен өзара қолдауды нығайтудың тиімді үлгісі.

Ұлттық ұлан қатарына былтыр Алматы облысынан шақыртылған 22 жастағы Диас пен Ілияс Төлепбергендер нағыз қатарластарына үлгі етуге тұрарлық азаматтар.

Келесі егіз жұп 19 жастағы Эльхан мен Эльшан Нуриевтер үшін әскери қызмет спорттағы жетістіктерін жаңа деңгейге көтерудің мүмкіндігіне айналыпты. Олар әскерге дейін де, әскер қатарында да армрестлинг спорт түрінен үздіктер қатарынан көрініп келеді.

Түркістан облысынан шақыртылған 19 жастағы Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Беркішовтер егіз болғанымен, сыртқы келбеті мен мінез-құлқы бір-біріне қатты ұқсамайтын ерекше жұп. Алайда қызметке деген жауапкершілік пен тәртіпке адалдық оларды бір мақсатта тоғыстырады.

Шымкенттік Аман мен Есен Қонарлер – көпбалалы отбасының үлкендері. Олардың артынан ерген 2 ұл мен 4 қыз бар. Бүгінде егіз сарбаздар №58 түзеу мекемесінде қарауылдық қызмет атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып жүр.

 

ҚАТАРДАҒЫ САРБАЗДАН – ОФИЦЕРГЕ ДЕЙІН

Ұлттық ұлан қатарына Отан алдындағы борышын өтеуге келіп, өмірлік жолын әскери қызметпен байланыстыруды шешкен Балғын Айдынға тағдыр ерекше сый тарту етті. Ол үшін мерзімді әскери қызмет бір жылдан ғана тұрмай, кәсіби және тұлғалық өсудің бастауы болды.

Әскерге Талдықорған қаласынан шақыртылған 25 жастағы Балғын Айдын Тараз қаласындағы 5513 әскери бөліміне бірден кәсіби дайындықпен келді. Себебі ол Семей медициналық университетінде алған жеті жылдық білімі мен дәрігер-терапевт дипломы бар маман еді.

Алғашқы алты айда Балғын Тараз қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, патрульдік қызмет атқарды. Дәл осы кезеңде әскери ортада өз білімінің қажет екенін түсініп, Балғын Айдын Ұлттық ұлан қатарында келісімшарт негізінде қызмет етуге шешім қабылдайды.

Бүгінде Балғын Айдын әскери бөлімнің медициналық пунктінің бастығы лауазымын атқарады. Оның негізгі міндеті – жеке құрамның денсаулығын қадағалау, әскери қызметшілердің сауығып, қатарға тез оралуына жағдай жасау. Ол бұл міндеттерді дәрігерлік дәлдік пен әскери тәртіпті сақтай отырып, абыроймен орындап келеді.

Жақында Балғын Айдын лейтенант шенін алды.

Балғын Ұлттық ұландағы қызметін елге адал қызмет етудің нақты жолы деп санайды. Оның айтуынша, мұнда әрбір маман өз орнын таба алады, ал көрсетілген сенім мен қолдау жас әскери қызметшілерді жауапты шешім қабылдауға ынталандырады. Ол алғашқы офицерлік шен алу осы жолдағы ең үлкен жауапкершілік әрі жаңа міндеттерге бастар маңызды кезең екенін атап өтті. Сарбаздар үшін Ұлттық ұлан білім мен тәжірибені ұштастырып, әскери қызметті келісім шарт бойынша жалғастыруда саналы шешім жасауға мүмкіндік туғызатын орта екені даусыз.

 

8 БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Ал келесі кейіпкеріміз – 5513 әскери бөлімінің аға сержанты, жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман әрі жұбайымен бірге сегіз баланы тәрбиелеп отырған үлгілі әке Айбол Қоныспаев.

Ол әскери бөлімдегі 1-батальонның жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында аға маман – сапер лауазымында қызмет атқарады.

Ол үшін ең үлкен құндылық – отбасы. Қоныспаевтардың шаңырағында 3 ұл мен 5 қыз тәрбиеленуде. Балаларына әскери тәртіп пен отансүйгіштік рухын сіңіруді Айбол Қоныспаев басты міндет санайды. Үлкен ұлы Бақдәулет те әке жолын жалғап, болашағын Отанға қызмет етумен байланыстыруды көздеп отыр. Ол алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр.

Отбасындағы тәрбие тек сөзбен емес, нақты іспен де жүзеге асады. «Ашық есік» күндері аға сержант балаларын әскери бөлімге ертіп келіп, ұландықтардың күнделікті қызметін көрсетеді, әскери тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіреді.

Айбол Қоныспаев үшін қызмет тек жұмыс уақытымен шектелмейді. Жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет – оның өмірлік ұстанымы. Осы құндылықтарды ол Ұлттық ұлан қатарында да, отбасында да берік сақтап, балаларын жеке үлгісімен тәрбиелеп келеді. Осындай азаматтардың арқасында ұландық қызметтің абыройы артып, ел қауіпсіздігі нығая түсуде.

Тағы бір айта кетерлігі, 5513 әскери бөлімі әскери-патриоттық тәрбие бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның жарқын мысалы – «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы. Мәселен, Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округіндегі №6 орта мектеп базасында ашылған клуб жұмысының нәтижесінде соңғы үш жыл ішінде мектеп оқушылары арасында бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл оң көрсеткішке 2023 жылы мектеп пен 5513 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін қол жеткізілген.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ