Әлеумет

Отандық өніммен қамту үлесі артып келеді

Халықты сапалы азық-түлік өнімімен тұрақты қамтамасыз ету – кез келген мемлекет үшін маңызды міндеттің бірі. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуда халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қолжетімді болуы, олардың бағасының тұрақтылығы, сапасы мен қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт.

Егер осы міндеттер мемлекет тарапынан жүзеге асырылмаса, ел ішінде халықтық толқулар пайда болатыны сөзсіз. Сол үшін де тиісті салаларда өнім өндіруді ұлғайту, қайта өңдеу ісін жандандыру, ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік секілді салалардың жұмысын жүйелеу, тұрақты қолдау көрсету маңызды. Сонда ғана ішкі нарық отандық өніммен ойдағыдай қамтылып, артылғаны шетелге экспортталады.

Қазіргідей жаһандану кезеңі мен сыртқы нарықтағы құбылмалы жағдай, логистика саласының кемшілігі, импорттың ішкі нарыққа әсері, инфилияция, климаттың өзгеруі мен геосаяси тәуекелдер әрбір мемлекетті өз-өзін азық-түлікпен лайықты қамтамасыз етуге итермелеуде. Осындай жағдайда азық-түлік қорын қалыптастыру ең алдымен ауылшаруашылығы өнімдерін көптеп өндірумен байланысты болатыны анық. Егіншілік пен малшаруашылығын дамыту елдің азық-түлік қорын жасақтауда басты негіз саналатыны белгілі. Сондықтан бұл салаларды дамыту, өнімділікті арттыру, өндірісті ғылыми негізде жүргізу аса маңызды іс.

Өнім өндіру көлемін арттыру үшін жерді тиімді пайдалану, су ресурстарын үнемдеу, заманауи агротехнологияларды енгізу қажет. Тұқым сапасын жақсарту, тыңайтқышты ғылыми нормамен қолдану, мал басын асылдандыру нақты нәтиже беретін шаралар болып есептеледі. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау арқылы өндірістің ауқымын кеңейту басты назарда ұсталатын мәселе. Осы арқылы нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп, соның нәтижесінде баға тұрақтылығы мен халықтың әлеуметтік жағынан лайықты қорғалуына қол жеткізуге болады. Ішкі нарықта отандық өнімнің үлесі артқан сайын сырттан келетін тауарларға тәуелділік төмендейді. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін маңызды. Ұн, нан, ет, сүт, қант, өсімдік майы, картоп, пияз, қарақұмық секілді басқа да күнделікті тұтынатын өнімдердің басым бөлігі ауылшаруашылық саласында өндірілетінін ескерсек, бұл бағыттағы өндірісті дамыту баға тұрақтылығының басты кепілі саналатыны айтпаса да түсінікті.

Осы ретте біз облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевты сөзге тартып, облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұраған едік.

Облыс көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 200-ге жуық кәсіпорын тіркелген. Бүгінгі таңда 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұрса, осы кәсіпорындарда 2,5 мыңнан аса адам жұмыс орындарымен қамтылған.

Сондай-ақ өңірде нан өнімін өндіретін 62 наубайхананың ішінде бөлке нан пісіретін 44 наубайхана бар екен. Сол секілдің жүн-теріні өңдеумен – 2, қант қызылшасын өңдейтін – 2, құс етін өндіретін – 5, жұмыртқа өндіретін – 1, макарон өнімдерін өндіретін – 8 және басқа да бірқатар кәсіпорындар ырғақты жұмыс істеп тұр.

Осы қоймаларда желтоқсан айында жалпы 452,6 мың тонна өнім сақталып тұрған болса, пияз – 437,2 мың тоннаны, алма – 100 тоннаны, картоп – 1825 тоннаны, сәбіз – 1340 тоннаны, басқа өнім түрлері 12,1 мың тоннаны құрайды.

Ауылшаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жаңа жылға дейін облыс бойынша 82 ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліпті.

Осы жәрмеңкелерде құны 1 миллиард 626 миллион теңгені құрайтын 1 296 тонна ауылшаруашылығы тауарлары сатылған екен. Оның ішінде 194,5 тоннасы ет, 103,7 тоннасы сүт өнімдері, 907,7 тоннасы жеміс-көкөніс болса, 90,8 тоннасы басқа да өнімдер көрінеді.

Міне, облыста халықты азық-түлік өнімімен қамтамасыз ету мақсатында былтыр ауылшаруашылық саласында осындай жұмыстар атқарылған екен. Бағаны тұрақтандыру, нарықты қажетті өніммен қамтамасыз ету, бағаны негізсіз көтергендерге шара қолдану, сапасыз және жарамдылығы өткен тауарды саудаға шығарғандарды жауапқа тарту секілді өзгеде жұмыстар әр сала бойынша алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ