Су тасқынына дайындық қандай?
Әне-міне дегенше қыстың екінші айының орта тұсына жетіп, көктем мезгілінің қарбалас шағына да таяп келеміз. Ал көктем жақындаған сайын көңілде алаң пайда болады. Себебі қар көбесі сөгіле бастағаннан өзен-көлдерге, суқоймаларына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын су тасқынының қаупі алаңдатып, үрей құшағында ұстайды.
Соңғы жылдары облыс аумағында қардың күрт еруіне байланысты төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, өткен жылы Сарысу ауданында және Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен ауылында болған су тасқындары тұрғындардың жадында әлі күнге дейін сақтаулы. Сондықтан көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу үшін ерте қамданып, сақтық шараларын күшейту аса маңызды. Осы орайда біз көктемгі су тасқынына қарсы облыста атқарылып жатқан дайындық жұмыстарының жай-күйін анықтап көруді жөн көрдік.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразаковтың айтуынша, өңірімізде су тасқыны қаупі бар аймақта 42 елді мекен орналасқан. Қауіпті аумақтағы 32 638 үйде 178 152 тұрғын тұрады. Жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде 34 елді мекенде су басу қаупі толықтай жойылып, тағы 2 елді мекенде қауіп айтарлықтай төмендетілген.
Т.Рысқұлов ауданында да бұл бағытта ілкімді істер атқарылуда. Мәселен Көкдөнен ауылында тау беткейлерінен келетін еріген қар суы мен нөсер жауын суларын елді мекен аумағынан бұрып әкету үшін инженерлік жұмыстар жүргізілген. Аудандық бюджеттен 9,8 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 2,5 шақырым жаңа арық қазылыпты. Сонымен бірге 2 шақырым ескі арнаның іші толық тазаланып, су өтуін қамтамасыз ету үшін 5 көпір орнатылған. Ауыл ішіндегі 1,5 шақырым арық тазаланып, су жиналу қаупі бар аумақтар ретке келтіріліпті.
Сол секілді Құлан ауылы, Өтемісұлы көшесі бойымен 600-700 метр аралығында жаңа арық қазылып, судың өткізу көлемін ұлғайту үшін сыйымдылығы жоғары 4 су өткізу құбыры орнатылған. Құлан ауылындағы Ұлтарақова көшесінде ұзындығы 5 шақырым дренаж жүйесі қазылып, ол алдыңғы 3 шақырым дренаж каналына қосылған. Нәтижесінде жерасты және жауын суларының жиналуы азайтылыпты.
Сарысу ауданында да су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жаңатас қаласында «Бүркітті» өзенінің қала көшелері бойымен өтетін бөліктерінде кешенді тазалау және кеңейту жұмыстары атқарылған. Атап айтқанда, Ш.Әлжанұлы, Цветочная, И.Тайманұлы, Көксу және Ы.Дүкенұлы көшелері аумағында өзен арнасы кеңейтіліп, жағалаулары нығайтылыпты. Табаны өсімдік тектес тал-бұтақтардан және қоқыстардан тазаланған.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел ден қою үшін облыс аумағында тиісті күштер мен құралдар толық дайындыққа келтіріліпті. Қазіргі уақытта төтенше жағдайларды жоюға 1 927 адам, 485 техника және 132 су айдау құралы әзір тұр. Бұл ресурстар ықтимал қауіп туындаған жағдайда бірден жұмылдырылуға арналған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамында 146 адам, 32 техника, 35 су айдау құралы, 19 жүзу құралы және 492 байланыс құралы тұрақты дайындық режимінде ұсталады.
Сонымен қатар көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан 290 инженерлік техника, зардап шеккен халықты эвакуациялауға арналған 25 техника және 964 жеке құрам дайындалыпты. Бұл күштер су тасқыны кезінде халықты көшіру, бөгеттерді бекіту және су басқан аумақтардағы жұмыстарды атқаратын болады.
Көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары азаматтық қорғау саласының ғана құзырындағы мәселе емес екені белгілі. Бұл бағытта су шаруашылығына жауапты мекемелердің де рөлі айрықша. Осыған орай біз «Қазсушар» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалына арнайы сауал жолдап, аталған саладағы дайындықтың жай-күйін білуді жөн көрдік. Сұрағымызға филиал басшысы Қайрат Аманов жауап беріп, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды.
Филиал басшысының айтуынша, мекеме тарапынан 9 гидротехникалық құрылыста ағымдағы жөндеу және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нартай Егембердиев те облыстағы суқоймалары, көлдер мен тоғандардың жағдайы бақылауда екенін жеткізді. Алайда жауын-шашын мөлшері көбейген жағдайда қауіп туындауы мүмкін, сондықтан қосымша талдау жүргізу қажеттілігі туындап отыр екен.
Жалпы басқарма қарамағында 113 су нысаны болса, олардың сыйымдылығы 136 миллион текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта суқоймаларының толу деңгейі 26 пайыз шамасында, бұл жауын-шашын мен қар қорының аз болуына байланысты қалыптасып отыр екен. Өткен жылы 6 суқоймасына 60 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 2 суқоймасында көпфакторлы зерттеу жасалған. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы көктемде вегетациялық кезеңнің басталуына байланысты су ресурстарын кезең-кезеңімен реттеу жұмыстары жалғасады, барлық су нысандары бақылауда ұсталады.
Биыл қыс мезгілінде түскен жауын-шашын мөлшері бұрнағы жылдармен салыстырғанда біршама төмен болғанымен, бұл су тасқыны қаупі толық сейілді дегенді білдірмейді. Сондықтан бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауға әлі ерте. Осыған байланысты біз су басу қаупі бар аймақтарға жақын орналасқан, тәуекел аумағындағы аудандардың қазіргі жағдайы мен дайындық деңгейін анықтап көрдік.
Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы 7 ауылдық округ су басу қаупі жоғары аймақ ретінде белгіленген. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтың мәліметінше, аудандағы 42 елді мекеннің 16-сы тау бөктеріне жақын орналасқан. Соның ішінде 7 ауылдық округ қауіпті аймақта екен. Көктем мезгілінде қардың күрт еруі және нөсерлі жауын-шашын салдарынан су басу қаупіне бейім осы 7 ауылда су басу жағдайларының алдын алу мақсатында өткен жылы дренажды каналдар қазылып, су бұру жұмыстары толық жүргізілген.
Меркі ауданы бойынша да су тасқыны қаупі бар аймақтар мен су нысандары тұрақты бақылауда. Аудан аумағында 24 су бөгеті, 2 өзен және 1 суқоймасы орналасқан.
Жамбыл ауданында да дайындық жұмыстары жоғары деңгейде. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аудандағы барлық су бөгеттері мен дренаж каналдар тазартылып, олардың өткізу қабілеті қалпына келтіріліпті. «Қазсушар» мекемесі тарапынан да каналдар мен су арналарының төменгі бөлігі тазаланып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан бойынша Аса өзенінің жағалауын нығайтуға арналған жоба әзірленген.
Су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанымен, оның нақты нәтижесін алдағы уақыт көрсетпек. Табиғаттың тосын мінезі мен ауа райының құбылмалы сипаты сақтықты босаңсытуға жол бермейді. Сондықтан жауапты мекемелердің жүйелі жұмысы мен тұрғындардың қырағылығы қатар жүргенде ғана ықтимал қауіптің алдын алуға мүмкіндік туады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ