Цифрлық Қазақстан

Марқұмның бейнесін ЖИ арқылы «тірілтуге» болмайды

Соңғы жылдары жасанды интеллект көмегімен марқұм адамдардың фотосуреттерін «жандандыру» кең тарай бастады. Қоғамда түрлі пікір туғызған осы үрдіске қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми ұстанымын білдірді.

ҚМДБ мәліметінше, Deep Nostalgia (дипностальгия) — нейрожелілік алгоритмдерге негізделген, статикалық портреттерді анимациялау технологиясы. Ол көбіне марқұмдардың бейнесін қозғалысқа келтіру үшін қолданылады.

Бұл мәселенің үкіміне қатысты қазіргі ғалымдардың арасында бірнеше көзқарас бар:

«Дипностальгия технологиясын қолдануға болмайды». Олардың негізгі дәлелдері төмендегідей:         

а) Марқұмдарды қорлауға, құрметсіздік көрсетуге шариғатта тыйым салынған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлгендерді сөкпеңдер. Өйткені қазір олар істегендерінің нәтижесін көріп жатыр»[1], – деген. Марқұмның артынан орынсыз сөйлеу, оның бейнесін анимациялап өзгерту құрметсіздікке жатады.

ә) Технология арқылы марқұмның күліп немесе қабағын түйіп тұрған бейнесін көрсету ғайыпты болжау болып саналады. Бұл шариғатқа қайшы. 

б) Марқұмның рұқсатынсыз бейнесін өзгерту оның жеке құқығын бұзу болып табылады. Бұл этикалық әрі діни тұрғыдан дұрыс емес[2].

«Дипностальгия (Deep Nostalgia) технологиясын қолдануға болады». Олар «әрбір нәрсенің негізі рұқсат» деген қағидаға сүйеніп, төмендегі шарттарға сай қолдануға рұқсат етеді:     

а) Марқұмды кемсіту, мазақ ету немесе қорлау мақсатында емес;

ә) Біреуге зиян келтірмеу; Жасалған бейне туыстарының қайғысын арттырмауы керек.

б) Туыстарының рұқсатының болуы; Марқұмның суреті – оның жеке құқығы. Сондықтан оны пайдаланбас бұрын туыстарынан рұқсат алу қажет.

в) Алдамшылық болмауы тиіс. Мұндай бейнелерді ресми құжаттарда немесе шын видео ретінде қоғамға таратуға қатаң тыйым салынады[3].

Психолог мамандардың айтуынша, дипностальгия технологиясы бастапқыда жұбаныш сезімін берсе де, уақыт өте келе эмоционалдық және психологиялық күйзеліс туғызуы мүмкін. Бұл адамды депрессияға, ұйқының бұзылуына, психологиялық тәуелділік және қоғамнан оқшаулану секілді кері әсерлерге алып келуі ықтимал.

Шешім:

Дипностальгия технологиясын қолдану барысында алдамшылық, марқұмды кемсіту, туыстарының қайғысын күшейту секілді жағдаяттар орын алса, оны қолдануға тыйым салынады.     

Қажеттілік жағдайда дипностальгияны жоғарыдағы шарттар негізінде қолдануға рұқсат.

                                                                     «AR-AI»-ақпарат