Әлеумет

МӘМС жүйесінің мәні неде?

Халық даналығында «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз тектен-тек айтылмаған. Аталы сөздің астарын әрбір азамат жете түсінуі керек. Түсініп қана қоймай, денсаулығын жақсартуға жіті көңіл бөлгені абзал. Бұл тұрғыда салауатты өмір салтын ұстанудың, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаудың, дұрыс тамақтанудың, тұрақты скринингтік тексеруден өтудің маңызы зор. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесін пайдаланудың да тиімділігі мол.

Баршаға белгілі, 2026 жылғы 1 қаңтардан елімізде Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталды. Өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес жүзеге асырылады және денсаулық сақтау саласында негізгі мемлекеттік кепілдіктерді орындауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, барлық қатысушылардың әділ, ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге және жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында көзделген және үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген. Бұл пакеттер арасындағы қайталануды жоюға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арасын нақты бөлуге және пациенттер мен медициналық қызметкерлер үшін медициналық қызметтердің тізімін айқын әрі ашық етуге мүмкіндік береді.

Мысалы ерте диагностика және скрининг ТМККК мен МӘМС арасын нақты бөліп, қызметтердің қайталануын жоюды, ауруларды ерте алдын алу шараларының қолжетімділігін арттыруды, әлеуметтік маңызды ауруларды ерте анықтау бойынша кепілдіктерді кеңейтуді, ресурстарды қайта бөлу арқылы жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуді, толыққанды медициналық сақтандыру моделіне жақындауды көздейді.

Бірыңғай медициналық көмек пакеті шеңберінде МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан онкологиялық ауруларды, артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома және қант диабетін ерте анықтауға арналған скринингтер барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ.

Сонымен қатар ТМККК пакеті шеңберінде онкоскринингтердің қолжетімді болуы қатерлі істіктерді ерте сатысында анықтап, емдеуге мүмкіндік береді. Жүрек-қан тамырлары ауруларын, глаукома және қант диабетін уақытылы анықтау асқынулардың алдын алуға және мүгедектік деңгейін төмендетуге жағдай жасайды.

Айта кету керек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде 11 әлеуметтік маңызды ауруды күдік туындаған жағдайда диагностикалау қолжетімді. Соның ішінде туберкулез, созылмалы вирус гепатиттері мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі істіктердің ерте сатысы, өткір миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай), сирек кездесетін аурулар, эпилепсия, инсульттер және басқа ауыр жағдайлар қамтылады. Қазір ТМККК шеңберінде тек туберкулез және АИТВ-инфекциясын диагностикалау жүргізілсе, басқа әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүзеге асырылады.

Осылайша, сақтандырылмаған азаматтар базалық медициналық көмек пакетіне қол жеткізе алады. Оған емханадағы алғашқы медициналық қаралу, артериалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома, қант диабетін, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалды обырды ерте анықтауға арналған вакцинация және скринингтер, 11 әлеуметтік маңызды ауруға күдік туындаған жағдайда диагностикалау, өмірге қауіпті жағдайларда жедел және шұғыл медициналық көмек, барлық әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жұқпалы аурулар кезінде медициналық көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ауыр науқастарға ұзақ мерзімді күтім сияқты қызметтер кіреді.

Тағы бір айта кетерлігі, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі 13 әлеуметтік маңызды аурудың тізімінен қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, қосылыстық тіндердің жүйелік зақымдануы және ревматизм диагноздары МӘМС жүйесіне көшеді. Бұл аурулар динамикалық бақылауға алынатын жағдайлар тізіміне енгізіледі. Сонымен қатар медициналық көмек толық көлемде МӘМС шеңберінде көрсетіледі.

Жаңа өзгерістер шеңберінде әлеуметтік осал топтардың да жағдайына баса назар аударылған. 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағдайы дағдарыстық немесе шұғыл деңгейде (Д және Е категориялары) болатын шамамен 1 миллион азаматты қосымша қамтитын болады. Бұл ел халқының тағы 5 пайызына жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігін береді.

Бұрын хабарланғандай, бұл санаттағы азаматтар үшін жарналар медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан төленеді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттер ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарналарды төлеуге жауапты болады.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап МӘМС жарналарын өздігінен үздіксіз бес жыл төлеген азаматтар үшін төлемдер уақытша тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебені сақтау жеңілдік мерзімі алты айға ұзартылды. Бұрын бұл мерзім үш айды құрайтын.

Бұл шара халықтың МӘМС жүйесімен максималды қамтылуын және уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды қолдауды көздейді. Айта кету керек, кейін сақтандырылған мәртебесінен айырылмау үшін төлемдерді өткізіп алған кезеңдер үшін жарналарды төлеу керек болады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінде МӘМС жүйесінде 16,9 миллион адам сақтандырылған. Бұл ел халқының 82,6 пайызын құрайды. Олардың ішінде шамамен 12 миллион адам мемлекет тарапынан төленетін жеңілдік санаттарына жатады.

Қазіргі таңда шамамен 3,4 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Жұмысқа қабілетті азаматтар айына 4 250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлеп, МӘМС шеңберінде ұсынылатын медициналық қызмет көлеміне қол жеткізе алады.

Барлық көзделген өзгерістерді жүзеге асыру әділ медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау жүйесінің профилактикалық бағыттылығын күшейтіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделінің тұрақтылығын арттырады.

Гулам УМАРОВ,

облыстық қан орталығының директоры,

облыстық мәслихаттың депутаты