Жамбыл жаңалықтары

Жұмыс сапасы жұмыр жоспарға байланысты

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен қорытынды алқа мәжілісі өтті. Өңірдің идеологиялық жұмысына қатысты мәселелер талқыға салынған жиынға саланы үйлестіретін барлық өңірлік атқарушы органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары, сондай-ақ жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері қатысты. Алқа мәжілісінде ақпарат және қоғамдық даму, мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, білім, дін істері салалары бойынша басқарма басшыларының есептері тыңдалды.

Басқосуда алдымен облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев баяндама жасап, аймақта  діни ахуалдың жай-күйі тұрақты екенін, ол бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын сөз етті.

Өз кезегінде Серік Жақсылықұлы өңірде конфессияаралық келісімнің сақталуына, діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету ісіне, радикалды идеологиялардың алдын алуға, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесіне баса назар аударды.

Келесі кезекте есеп берген облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов жетістіктермен қатар спорт саласының қазіргі даму жағдайына байланысты өңірде қалыптасқан бірқатар проблемалық мәселелерді де тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған алдын ала есептерге сәйкес облыс бойынша осы жылдың қаңтар-ақпан айларында жоспарланған 36 оқу-жаттығу жиыны мен 25 жарысқа қатысу үшін қомақты қаржы қажеттілігі туындаған. Сондай-ақ спорттық іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда едәуір қысқарған.

Мұнан соң облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай аталған салада жоспарланған шаралар мен көзделген индикаторларды орындау мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Облыс көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 506 мекемеде 3 648 қызметкер нақты жұмыс атқарып жатыр екен. Оның ішінде шығармашылық саласындағы 2 029 қызметкердің 1 719-ы кәсіби сала мамандары көрінеді.

Басқосуда тарихи-мәдени мұраны сақтау, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту, шығармашылық ұжымдардың жұмысын қолдау, тұрғындар үшін мәдени қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы атқарылған жұмыстарды күшейтуге басымдық берілді.

Ал облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолда аймақтың қоғамдық-саяси ахуалы, ақпараттық кеңістік, азаматтық қоғам институты, жастар саясаты туралы баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, қоғамдық -саяси ахуал мекеме тарапынан тұрақты бақылануда. Бұл бағытта жедел штаб отырыстары жүйелі түрде өткізіліп, құқық қорғау органдарымен бірлескен алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде. Өткен жылы облыста бейбіт жиналыстар өткізуге қатысты 11 хабарлама тіркеліп, ол бойынша тараптарға заң талаптарына сәйкес жауаптар беріліпті. Мониторинг нәтижесінде анықталған тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін мәселелер республикалық деңгейдегі «Қауіп-қатерлер» картасына енгізіліп, бүгінде онда 10 мәселе тіркелген көрінеді. Оның ішінде 8-і әлеуметтік шиеленіс ошақтары болса, екеуі жылу желілері, ағынсу секілді жүйелі проблемалық мәселелер екен. Олардың шешілуі қазіргі таңда қатаң бақылауда тұр.

Облыста 95 бұқаралық ақпарат құралы есепке алынған болса, оның 74-і тұрақты жұмыс істеп жатыр. Өңірдегі негізгі ақпараттық құрылтайшы – «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жалпы өңірде 125 ақпарат саласы қызметкері еңбек етсе, оның 50-і кәсіби журналистік дипломға ие. Өзекті мәселелерді жарыққа шығару мақсатында бекітілген медиа-жоспар аясында жыл ішінде 10 мыңға жуық материал жарияланыпты. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында бірнеше баспасөз туры ұйымдастырылған.

Облыста мектепке дейінгі тәрбие мәселесі басты назарға алынған. Бүгінгі күні облыста 619 мектепке дейінгі ұйымда 63 645 бала тәрбиеленуде. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және әрбемен қамту үлесі 1-6 жас аралығында 98,4 пайыз болса, 2-6 жас аралығында 99 пайызға жетіп,3-6 жас аралығындағы көрсеткіш 100 пайызды құраған. Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар толық автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыруға көшкен. Бұл туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков өз есебінде айтты.

Бұл ретте де білім саласында оқыту сапасын арттыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін кеңейту, педагогтердің біліктілігін жетілдіру, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы білім алу ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өз кезегінде Серік Жақсылықұлы әр салада жүзеге асырылған бастамаларға оң баға бере отырып, белгіленген мерзімде орындалмаған бірқатар жұмыстар бойынша жауаптыларға сын-ескертпе жасады.

Жалпы, басқосу барысында осы жылға арналған міндеттер айқындалып, жауаптыларға салалар бойынша жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ