Таразда құрдасын ұрып өлтірген мектеп оқушысына сот үкімі шықты
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушылар арасындағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды arainfo.kz
Іс материалдарына сәйкес, Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 9-сыныпта оқитын кәмелетке толмаған Р. өзімен қатар оқитын құрдасы А.-мен жанжалдасып, оған күш қолданған. Салдарынан жәбірленуші ауыр мойын жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
Сотта айыпталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жасөспірімге 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал марқұмның жақындары моральдық зиянды өтеуді талап етті.
Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелетке толмағанын, істеген әрекетіне өкінетінін және жағымды мінездемелерін ескеріп, жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда кәмелетке толмағандарға қатысты арнайы нормалар қолданылып, жаза ең төменгі шекте белгіленді.
Сот үкімімен Р. кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот сотталушының заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндіруді міндеттеді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.