Қылмыстың басым бөлігі мас күйде жасалады: Мәжілісте алкогольге шектеу ұсынылды
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкоголь айналымын қатаң бақылауды ұсынды, деп хабарлайды arainfo.kz
Депутат Ішкі істер министрлігінің статистикасына сүйене отырып, қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік масаң күйде жасалатынын атап өтті. Атап айтқанда, әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші зорлау мен бұзақылық дерегі ішімдікпен байланысты. Сондай-ақ әр төртінші ұрлық, жол-көлік оқиғасы және отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері алкогольдің әсерінен болады.Әсіресе жасөспірімдер арасында алкоголь тұтынудың артуы қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа алып келетінін айтты. Оның сөзінше, бүгінде барлық сатушыларды толық бақылау мүмкін емес, сондықтан спирттік ішімдіктің 18 жасқа толмағандарға сатылмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Депутат қылмыспен күресті оның салдарымен емес, негізгі себебінен бастау қажет екенін жеткізді. Осыған байланысты ол алкоголь өнімдерін мектептер мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста сатуға тыйым салуды, сондай-ақ алкоголь сататын сауда орындарының санын шектеуді ұсынды.
Магеррам Магеррамов Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға көшіру, алкоголь сатуға рұқсат етілген нақты сауда нүктелерін белгілеу және басқа жерлерде сатуға тыйым салу қажет. Бұдан бөлек, дүкендерде алкоголь сатуды кешкі 20:00-ден кейін, ал кафе мен мейрамханаларда 22:00-ден кейін шектеу, сондай-ақ спирттік ішімдіктерді онлайн сатуға толық тыйым салу ұсынылды.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат, Білім, Ғылым және Денсаулық сақтау министрліктеріне жастар арасында алкогольдің зиянына қарсы біртұтас алдын алу бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.