NIS оқушылары бәрінен озып тұр
Жақында Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары жасанды интеллект бағыты бойынша өткен «Fizmat AI Olympiad» халықаралық олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, III орынды жеңіп алды. Сонымен қатар жас дарындар – Нұрасыл Серіков, Улугбек Османов және Исламнур Хусаинов 100 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
«Fizmat AI Olympiad» халықаралық олимпиадасы – жасанды интеллект, бағдарламалау және деректерді талдау саласындағы білім мен практикалық дағдыларды бағалайтын беделді халықаралық білім сайыстарының бірі. Биылғы жарысқа 7 елден келген командалар қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылардың жалпы саны жүзден асып, олардың арасынан тек ең мықтылары ғана келесі кезеңдерге жолдама алды.
Іріктеу кезеңінің өзі өте жоғары деңгейде өтті. Білім бәйгесінде бақ сынаған үміткерлердің ішінен небәрі 150 қатысушы ғана келесі турға өтті. Ал қорытынды кезеңге шыққан 50 үздік команданың қатарынан табылған тараздық оқушылар өздерінің терең білімі мен жоғары дайындық деңгейін дәлелдей білді.
Финалдық кезең Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің базасында ұйымдастырылды. Мұнда қатысушыларға нақты практикалық тапсырмалар беріліп, алгоритмдік ойлау қабілеті, жасанды интеллект модельдерін құру, деректерді өңдеу және оңтайлы шешім табу сияқты күрделі міндеттер жүктелді. Осындай сындарлы кезеңде тараздық команда жинақылығы мен табандылығының арқасында үздіктер қатарынан көрінді.
Оқушылардың бұл жетістігі – олардың жеке еңбегінің ғана емес, сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебіндегі сапалы білім беру жүйесінің, білікті ұстаздардың еңбегінің нәтижесі. Оқушылардың айтуынша, олимпиадаға дайындық барысында олар күнделікті бірнеше сағаттарын бағдарламалау мен теориялық білімді жетілдіруге арнаған.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ