Бейбітшілік пен тұрақтылыққа төнген қатер
Қазақстан – көпұлтты әрі көпконфессиялы мемлекет. Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміз ар-ождан және дін бостандығын демократиялық қоғамның негізгі құндылықтарының бірі ретінде бекітті. Әр азаматтың өз сенімін еркін ұстануына мүмкіндік беру – зайырлы мемлекеттің басты қағидаларының бірі. Алайда осы ашықтық пен еркіндік кей жағдайда қоғамға қауіп төндіретін теріс пиғылды, деструктивті діни ағымдардың белсенді әрекет етуіне жол ашқаны да жасырын емес. Солардың ішінде соңғы жылдары жиі айтылып жүрген, қоғамда алаңдаушылық туғызған ағымдардың бірі – салафизм.
Салафизм – ислам дінінің радикалды бағыттарының бірі ретінде танылған ағым. Бұл атау араб тіліндегі «сәләф» сөзімен байланысты, яғни «алғашқы буын», «алғашқы мұсылман ұрпақтары» деген мағынаны білдіреді. Салафилер өздерін Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) замандастары – сахабалардың және олардан кейінгі ұрпақтардың діни тәжірибесін бұлжытпай ұстанушылармыз деп есептейді. Алайда олардың бұл ұстанымы ислам тарихындағы бай мазмұнды, ғасырлар бойы қалыптасқан мәзһабтық, құқықтық және рухани мектептерді жоққа шығарумен ұштасып жатады.
Алғашқы кезеңде салафизм діни тазалық пен жаңғыруды мақсат еткен қозғалыс ретінде пайда болды. Дегенмен уақыт өте келе, әсіресе ХІХ-ХХ ғасырларда бұл ағым уахабилік іліммен астасып, саяси және идеологиялық сипат ала бастады. Қазіргі заманғы салафилік идеология көбіне Сауд Арабиясында қалыптасқан уахабизммен тығыз байланыстырылады. Бұл бағыттың кейбір тармақтары радикалдық көзқарасты ұстанып, діни төзімсіздік пен жихадшыл идеяларды алға тартатыны халықаралық тәжірибеде де дәлелденіп отыр.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қоғамда діни білім мен жүйелі діни саясаттың жеткіліксіздігі байқалды. Осы кезеңде ел аумағына шетелден келген түрлі миссионерлер, соның ішінде салафилік бағыттағы уағызшылар да өз ілімдерін тарата бастады. Діни вакуум мен ақпараттық бейберекеттік бұл ағымның белгілі бір өңірлерде кеңінен таралуына ықпал етті. Әсіресе Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында салафилік көзқарасты ұстанушылардың көбеюі байқалды.
Салафизмнің таралуына әсер еткен негізгі факторлардың бірі – діни сауатсыздық. Көптеген жастар ислам дінінің негіздерін терең білмегендіктен, интернеттегі немесе бейресми уағызшылардың айтқанына еріп кетіп жатады. Сонымен қатар әлеуметтік әділетсіздік, жұмыссыздық, өмірлік мақсаттың болмауы, рухани бос кеңістік те жастарды осындай ағымдарға бейім етеді. Қазіргі таңда радикалды идеялардың интернет пен әлеуметтік желілер арқылы еркін таралуы бұл мәселені одан әрі ушықтыра түсті.
Салафилік ағымның Қазақстандағы дәстүрлі ислам түсінігімен үйлеспейтін тұстары өте көп. Бұл ағым өкілдері ғасырлар бойы қазақ халқы ұстанып келген ханафи мәзһабын мойындамайды, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметіне күмәнмен қарайды. Олар сопылық бағытты, әулиелерді құрметтеу дәстүрін теріске шығарып, ұлттық діни тәжірибені «бидғат» деп бағалайды. Сонымен қатар кейбір салафилік топтар әйелдердің бет ашуына, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге, Әнұран айтуға, сайлауға қатысуға қарсы көзқарас білдіреді. Мұндай ұстанымдар зайырлы мемлекет пен ұлттық құндылықтарға тікелей қайшы келеді.
Салафизмнің қауіптілігі оның тек діни шеңбермен шектелмей, қоғамдық және саяси мәселеге айналуында. Бұл ағым қоғам ішінде діни алауыздықты күшейтіп, өзге мұсылмандарды «адасқандар» немесе «кәпірлер» деп айыптау арқылы жікке бөлушілік тудырады. Мұндай көзқарас ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімге зор нұқсан келтіреді. Сонымен қатар салафилік идеология отбасылық құндылықтарға да қауіп төндіреді. Кейбір жастар ата-анасын, туған-туысын «дұрыс жолда емес» деп айыптап, олармен қарым-қатынасын үзетін жағдайлар кездеседі. Бұл – қазақ қоғамына жат, қауіпті құбылыс.
Ең алаңдатарлық мәселе – салафизмнің радикалдануға алып келу қаупі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көптеген террористік ұйымдардың идеологиялық негізінде осы ағымның радикалды тармақтары жатыр. Қазақстандық азаматтардың Сирия мен Ирактағы қақтығыстарға қатысуы, экстремистік ұйымдарға қосылуы осы идеологиямен тығыз байланысты болды. Бұдан бөлек, кейбір салафилік топтар зайырлы мемлекетті, оның заңдарын мойындамай, қоғамға қарсы ұстаным қалыптастырады. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді.
Қазақстан мемлекеті салафизмге ресми түрде толық тыйым салмағанымен, оны деструктивті діни ағым ретінде таниды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылмандар үшін ханафи мәзһабын ұстануды дұрыс бағыт деп жариялаған. Мемлекеттік органдар, Дін істері комитеті мен құқық қорғау құрылымдары радикалды діни насихаттың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. 2016 жылғы Ақтөбедегі оқиғадан кейін радикалды ағымдарға бақылау күшейтіліп, діни ұйымдар мен оқу орындарына қойылатын талаптар қатаңдатылды.
Салафизм – тек діни мәселе ғана емес, ол қоғамның бірлігіне, рухани тұтастығына, жастардың болашағына және мемлекеттің қауіпсіздігіне төнетін кешенді қауіп. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде дін бостандығы мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтауы тиіс. Бұл жолда ең басты міндет – халықтың, әсіресе жастардың діни сауатын арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын нығайту, дін мен ұлттық мәдениетті үйлестіре отырып тәрбие беру. Саналы, білімді, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу – қоғамның ең маңызды мақсаты.
Ахат ҚАЙЫПБЕРГЕНҰЛЫ,
Әбдірашит ата мешітінің имамы,
Талас ауданы