Жаңа технологиялар – жаңа мүмкіндіктер
Ауылшаруашылығы – экономиканың жетекші салаларының бірі. Қазіргі уақыт асыраушы салада инновациялық энергия үнемдеуші технологияларды қолдануды талап етуде. Осы ретте энергия үнемдеуші технологиялардың тиімділігінің әсері жайлы ой қозғамақпыз. Әсіресе бұл Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облысы секілді оңтүстік өңірлерде дамыту айтарлықтай маңызға ие.
Қазақстанның ауылшаруашылығы соңғы жылдары жаңа даму кезеңіне қадам басты. Әсіресе еліміздің ең ірі аграрлық аймақтарының бірі саналатын оңтүстік өңірлерде инновациялық энергия үнемдеуші технологияларды енгізу – өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі жолына айналып келеді. Бұл бағыт ауылшаруашылығы өнімінің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, табиғи ресурстарды сақтауға, шаруалардың табысын арттыруға, сондай-ақ өңірдің экологиялық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибеде ауылшаруашылығындағы энергия тиімділігін арттыру – алдыңғы қатарлы елдердің негізгі тренді. Қазақстан да бұл бағыттан тыс қалған жоқ. Заманауи технологиялар шаруашылықтарға суды, электрді, жанармайды аз тұтынуға мүмкіндік беріп, өнімнің сапасын жақсартуға және экологиялық таза өндірісті дамытуға жол ашады.
Соңғы жылдары электр энергиясы мен жанармай бағасының қымбаттауы шаруаларға айтарлықтай салмақ түсіруде. Оның ішінде энергияны көп тұтынатын жылыжайлар, суару жүйелері, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін бұл мәселе күн тәртібінен түскен емес.
Ауа райы ыстық, егістік алқаптары көлемді оңтүстік өңірлерде энергияны тиімді пайдалану ең қолайлы амал десек болады. Сондықтан энергия үнемдеуші технологияларды енгізу – нарықтық бәсекеде қалудың маңызды шарттарының бірі. Осы мақсатта әлемдік тәжірибеде ауылшаруашылығында энергияны үнемдейтін жаңа технологиялар енгізілу қажеттігі туындайды. Бұл технологиялар шаруашылықтарға суды, электрді, жанармайды аз тұтынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар фермерге өнімнің сапасын жақсартып, экологиялық таза өндіріс жүргізуге жағдай жасайды.
Қазіргі таңда аймақтардағы энергияны көп тұтынатын негізгі салаларды сөз етсек, олар – суару жүйелері (насостар, сорғылар), жылыжай кешендері, мақта, бақша және жеміс-жидек өнімдерін өңдеу кәсіпорындары, қойма логистикасы мен салқындатқыш жабдықтар. Бұлардың барлығы инновациялық технологияларды қажет етеді.
Ауылшаруашылық өндірісінде инновациялық энергия үнемдеуші технологиялардың бірі – тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері. Тамшылатып суару дегеніміз – суды топыраққа нақты дозамен жеткізетін арнайы жүйе. Бұл жүйе су мен энергияны 20-30 пайыз аз тұтынуға жағдай жасайды.
Екінші – күн энергиясын пайдалану. Күн панельдері мен күн коллекторлары қазір шаруашылықтарда су сорғыларын, жылыжайдағы жылыту жүйесін, тамшылатып суару автоматикаларын жұмыс істетуге қолданылып жатыр. Оңтүстік өңірлерде күн сәулесінің жылдық ұзақтығы жоғары болғандықтан, күн панельдері электр энергиясын өндіріп, фермерлердің энергияға тәуелділігін азайтады. Бұл инвестиция 3-5 жыл ішінде толық қайтарылады.
Үшіншісі – энергоүнемдеуші жылыжайлар. Жылу оқшаулағыш материалдар, автоматтандырылған климат-бақылау жүйесі, LED-жарықтандыру және инфрақызыл жылытқыштар шығынды 45 пайызға дейін төмендетеді. Осылайша, фермерлер энергияға жұмсалатын шығынды төмендетіп, өнімділікті сақтайды.
Төртіншісі – деректерді талдауға негізделген «Ақылды фермерлік» (smart farming) сенсорлар. Олар топырақтағы ылғал, өсімдіктің өсу жағдайы, ауа температурасы сияқты деректерді автоматты түрде өлшейді. Фермерлер бұл ақпаратты қолдана отырып, артық суарудан немесе электр энергиясын қажетсіз жұмсаудан қорғанады. Мысалы, автоматты суару жүйесі тек өсімдіктерге қажетті су мөлшерін береді. Дрондар, топырақ ылғалын өлшейтін датчиктер, спутниктік мониторинг шаруаларға нақты дерек беріп, артық шығынды болдырмайды. Осы технологияларды енгізген шаруашылықтарда жанармай шығыны 15-20 пайызғаға, тыңайтқыш пен су тұтыну – 25, ал жұмыс күші шығыны 10-12 пайызға азайған.
Жоғарыда атап өткен инновациялық технологияларды шаруашылыққа еңгізудің экономикалық тиімділігі оңтүстік өңірлерде жүргізілген зерттеулер нәтижелері бірнеше нақты әсерін төмендегідей көрсетті. Атап айтқанда, өнімнің өзіндік құны төмендейді. Энергия шығындарының азаюы және су үнемдеу есебінен өнім 12-25 пайызға арзан түседі. Шаруалардың табысы да артады. Өнімділік өскен сайын нарықтағы табыс 30-40 пайызға дейін көбейеді. Ресурстар тиімді пайдаланылады.
Энергия үнемдеу – табиғи ресурстарға түсетін салмақты азайтады, бұл экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Инвестициялық тартымдылық та күшейеді. Энергия үнемдейтін технологияларды қолданатын шаруашылықтар субсидия, грант, несие алу кезінде басымдыққа ие болады.
Зерттеу нәтижесінде алынған табысты мысалдарды сөз етсек, Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тамшылатып суару жүйесін енгізген шаруашылықтар мақта өнімділігін гектарына 28 центнерден 40 центнерге дейін жеткізген. Сарыағаш ауданындағы жылыжайлар күн энергиясын пайдалану арқылы жылдық электр шығынын 50 пайызға азайтқан. Отырар ауданында күн панельдерімен жұмыс істейтін сорғы стансасы тәулігіне 2 мың текше метр суды тегін көтереді. Шымкент қаласының маңындағы фермерлер дрон көмегімен тыңайтқышты дәл нүктеге беріп, шығынды 25 пайызға қысқартқан.
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы 1,9 миллион гектар суармалы жердің тек 26,3 пайызы немесе 397,3 мың гектарына заманауи су үнемдеу технологиялары енгізілген. Ал суармалы жердің 75 пайызы оңтүстік өңірлерге тиесілі. Бұл – инновациялық технологияларды барынша кеңінен енгізу қажеттігін көрсетеді.
2025 жылы Жамбыл облысында іске қосылған «Kaz Kaspiy Hydro Sement Technology» зауыты жылына 20 мың гектар алқапқа арналған тамшылатып суару жүйелерін шығаруды бастады. Бұл – отандық агроөнеркәсіп үшін маңызды жаңалық. Қазіргі кезде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан күн энергиясын ауылшаруашылығында, яғни жылыжай, ферма, кейбір суару жүйелерінде электрлік қажеттіліктер бойынша қолдануға бағытталған нақты жобалар бар. Бірақ – олар әлі де сирек, масштабтары көбіне кіші. Егер мемлекет, жеке сектор, фермерлер арасында осы бағыт белсенді көтерілсе, Солтүстік өңірлермен салыстырғанда Қазақстанның оңтүстік аймақтарындағы күн энергиясы + агро жүйесі тиімді әрі болашағы бар маңыздылыққа айналуы мүмкін.
Жаңа технологияларды енгізу барысында шаруалар бірқатар мәселеге тап болады. Атап өтсек, бастапқы инвестиция көлемінің жоғары болуы, ақпарат пен кадр жетіспеушілігі, сервистік қызметтің дамымауы, технологияларды енгізуге арналған инфрақұрылымның жеткіліксіздігі секілді мәселелер мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейтуді қажет етеді.
Бүгінде Қазақстанда энергия тиімділігін арттыруға бағытталған бірнеше ірі бағдарлама жүзеге асуда. Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жобасы фермерлерге энергияны үнемдейтін технологияларды енгізуге көмек көрсетеді. 2021-2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы – инвестицияларды тарту мен энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. Субсидия және арзан несие бағдарламалары жаңартылатын энергия көздері мен «ақылды» жүйелерді сатып алуға жол ашуда. Бұл бастамалар инновациялық технологияларды енгізген шаруашылықтарға елеулі қолдау көрсетеді деген сенімдемін. Осындай бағдарламалар аясын кеңейтіп, инновацияға бет бұрған шаруашылық бәсекеге қабілетті, табысты және экологиялық жауапты аграрлық модельді қалыптастыра алады және ел экономикасына зор үлес қосады. Оңтүстік өңірлерде ауылшаруашылығы үшін инновациялық энергия үнемдеуші технологиялар жай ғана жаңашылдық емес, бұл экономикалық тиімділіктің, экологиялық тұрақтылықтың және аграрлық саланың ұзақ мерзімді дамуының негізгі факторы.
Судың тапшылығы артқан, энергия бағасы өскен қазіргі кезеңде бұл технологияларды қолдану бүкіл өңірдің аграрлық болашағын анықтайтын маңызды мәселе болып тұр. Қазіргі таңда энергияны үнемдеу ауылшаруашылығы үшін стратегиялық қажеттілік болып тұрғаны да айдан анық.
Риза АСЕМОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы
Халықаралық Тараз университеті қаржы және
есеп кафедрасының сеньор-лекторы,
Сакен АБДИБЕКОВ,
Х.Д. Чурин атындағы «Менеджмент және
агробизнесті ұйымдастыру» кафедрасының
профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты