Жамбыл жаңалықтары

Жамбылда жемісті жобалар жетерлік

Жамбыл ауданында жүзеге асып жатқан өміршең жобалар жетерлік. Бұл ретте ауданда инвестиция тартуға баса көңіл бөлініп, соның нәтижесінде қолданыстағы кәсіпорындардың жұмысы жандана түскенін, өндіріс көлемі де біртіндеп артып келе жатқанын айта кетуіміз керек.

ӨНДІРІС ӨРКЕН ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Жалпы аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі өнеркәсіп саласы десек, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартып, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруға ықпалын тигізуде. Бұрын аудан аумағында орналасқан «БиномСтройДеталь», «КазУпакТрейд» және «Достық продукт» кәсіпорындары белсенді жұмыс істегені баршамызға белгілі. Қазіргі уақытта осы үш өндіріс орны Тараз қаласының құрамына енгенімен, бүгінде ауданда 12 шағын өнеркәсіп нысаны ырғақты жұмыс істеп тұр. Аудандағы өнеркәсіп құрылымында өзгерістер болғанымен, өндіріс көлеміне кері әсері тимеген екен. Ал ауданда қалыпты жұмыс істеп тұрған аталған шағын өнеркәсіп қатарында «Амангелді мұнай өңдеу зауыты», медициналық бұйымдар шығаратын «Super Pharm», сондай-ақ гипс өндіретін «Кнауф Гипс Тараз» сияқты кәсіпорындар бар.

Өткен жылдың 11 айында ауданның өнеркәсіп саласында 39,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Нақты көлем индексі 103,3 пайызды құрап, өндіріс өткен жылмен салыстырғанда біршама артқанын көрсетіп отыр. Негізгі үлесті «Амангелді ГӨЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қосып отырса керек. Мұнда 16 миллиард 571 миллион теңгенің мұнай өнімдері өңделіп, 115,6 мың тонна өнім шығарылған. «Кнауф Гипс Тараз» кәсіпорны 475,1 мың тонна гипс тасын өндіріп, оның жалпы құны 899,1 миллион теңгеге жетті. Медициналық бұйымдар өндірісі де қарқын алған. «Super Pharm» серіктестігі 6 миллиард 234 миллион теңгеге матадан жасалмайтын 76,5 миллион медициналық бұйым шығарса, «Ерсад» серіктестігі 1 миллиард 524 миллион теңгеге 287 мың дана осындай өнім өндіріпті. Біз өткен аптаның жұмасында Жамбыл ауданына арнайы барып, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы және бірқатар бөлім басшыларымен, инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан іскер азаматтармен тілдескен едік. Аудан әкімінің айтуынша, желтоқсан айына дейін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 33 миллиард 828 миллион теңгені, яғни 157,6 пайызды құрапты. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 26 миллиард 782 миллион теңгені немесе 142 пайызды көрсеткен. 2025 жылы жалпы құны – 1,8 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылса, 71 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған.

– Ауданда әртүрлі салалар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мысалы, туризм саласын дамытуға да баса назар аударылуда. Бұл бағытта 700 миллион теңгеге бір жоба жүзеге асырылып, 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Тарқата айтсақ, Көлқайнар ауылдық округі аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «Арзан Сити-3» жол бойындағы қызмет көрсету орталығы жыл басында іске қосылған еді. Мұнда 500 орындық кафе, 14 бөлмелік қонақ үй және дүкен, монша қалыпты жұмыс істеп тұр.

Осы жылы 68,1 миллиард теңгені құрайтын 12 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Сол арқылы 253 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Оның ішінде 2025 жылдан өтпелі 3 жоба бар. Атап айтқанда, Көлқайнар ауылдық округі аумағынан «АзНұр» шаруа қожалығы күніне 8 тонна сүт өндіретін тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 1,8 миллиард теңге, жаңа ашылатын жұмыс орындарының саны – 15. Жоба биыл аяқталады. Осы ауылдық округ аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан «Таң Петройл» ЖШС қызмет көрсету орталығының құрылысын қолға алды. Жоба аясында бір жанар-жағармай құю бекеті, асхана, дүкен ашылатын болады. Жоба құны 600 миллион теңге болса, ашылған жұмыс орны – 10. Бұл жоба да биыл іске қосылмақ. Сол секілді Ақбастау ауылдық округіне тиесілі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойынан жеке кәсіпкер Шавкат Рыжыбаев жылына 240 мың балапан өсіретін ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның құны шамамен – 1 миллиард теңгеге жуық. Ашылатын жаңа жұмыс орны 8 адам деп белгіленсе, оның да орындалу мерзімі осы жылға тиесілі.

 

ИНВЕСТИЦИЯ -ЕЛ ИГІЛІГІ

Негізінде 2026 жылға жаңадан 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нақты айтқанда, Бірлесу-Еңбек ауылы аумағынан «Кнауф-Гипс-Тараз» ЖШС гипсокартон және құрғақ қоспаларын өндіру зауытын кеңейтуді іске асыруды қолға алуда. Іске асыру мерзімі – 2026-2027 жылдар аралығы. Осы мақсатта 28 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның құны – 14,5 миллиард теңге. Жобаның қуаты жылына 22 миллион шаршы метр гипс және гипсокартон өндіруге арналған. Осы арқылы 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Зауытты 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу көзделуде. Бұл тұрғыда инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, соның аясында электр желісі, газ құбыры жүргізілмек. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау секілді тиісті мекемелерден рұқсат алынып, құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүргізіліп жатыр.

Айшабибі ауылдық округінің Әулиекөл ауылы аумағынан «KEGOC» акционерлік қоғамы электр стансасын салуда. 7 миллиард теңгелік жоба ПС500/220/10кВ қуатында жұмыс істейді. осы арқылы 10 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге электр стансасын кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Өткен жылы тиісті трансформатор құрылғылары сатып алынған болатын. Осы ауыл аумағынан «Juru-Masdar» (Abu Dhabi future energy company) компаниясы 25 шақырым әуе электр желісін жүргізуді жоспарлауда. Жоба 2026 жылдың 1 тоқсанында басталып, 2027 жылдың басында аяқталады. Жобаның құны – 10 миллиард теңге. Жұмыс орны – 40 адам. Осы серіктестік Талас және Сарысу аудандарында желден қуат алатын электр қондырғыларын орнатқан. Әулиекөл ауылы аумағында орналасқан «КEGOC» акционерлік қоғамының 500кВ қосалқы стансасына осыны қосу көзделуде. Сол сияқты Айшабибі ауылдық округінде «ГЭС МЫРЗАТАЙ» ЖШС бу-газ қондырғыларын өндіру зауытын іске қосуды жоспарлауда. Құны 30 миллиард теңгелік бу-газ жобасының қуаты 50 МВт-дан басталып, кейін 200 МВт-ға дейін ұлғайтылмақ. 60 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілген жоба үшін бүгінде аудан әкімдігі тарапынан 7 гектар жер бөлініп, өндіріс аймағында барлау-бұрғылау жұмыстары жүруде. Осы ауылдық округте «Dostar brendfish» ЖШС балықшаруашылығын ашуды ойластыруда. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Қуаты  жылына 50 тонна балық өсіруге негізделген. 5 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге тиісті жер телімі берілді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Гродеково ауылында да «Әмір» жеке кәсіпкерлігі балықшаруашылығын ашудың қамын жасады. 120 миллион теңгені құрайтын жоба аясында жылына 60 тонна балық өсіру көзделген. Мұнда да 5 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылмақ. Бүгінгі күнге кәсіпкер тиісті жер телімін алып, бассейнді салумен айналысуда. Ақбастау ауылдық округінде «Еркежан» шаруа қожалығы балықшаруашылығын ашпақшы.  Жоба құны – 300 миллион теңге. Қуаты жылына 40 тонна балық өсіру жобасы бойынша 5 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі күнге тиісті жер телімі берілді. Айшабибі ауылдық округінде «БАМ Холдинг» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын салмақшы. Құны 800 миллион теңгеге бағаланған жоба шеңберінде бес адам жұмыспен қамтылатын болады. Қуаты жылына 5000 тонна көкөніс сақтауға арналған. Қазір кәсіпкер тиісті жер телімін алып, құрылыс-монтаж жұмыстарымен айналысуда. Сол секілді «Дауымбаев Омархан» жеке кәсіпкерлігі жолаушыларға қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлауда. 1 миллиард теңгелік жоба барысында жылына 25 мың келуші қабылданатын болады. Осы арқылы 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі күнге тиісті жер телімі алынды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде.

Жамбыл ауданынан Тараз қаласына бірқатар елді мекен қосылғанда жалпы құны 21,2 миллиард теңге болатын төрт ірі инвестициялық жоба бірге кетті. Мысалы, Бектөбе ауылы аумағында «Алель Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құс етін өңдейтін зауыт салған. Жобаның жалпы құны 16 миллиард теңге. Осы ауылда «Алит Холдинг» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытты іске қосқан болатын. Бұл зауыт қазір құрылыс материалдарына қажетті өнім шығаруда, жобаның құны 3,6 миллиард теңгені құрайды. Жамбыл ауылдық округі, Қоңыртөбе ауылы аумағында «ТРЗ Агро» ЖШС көкөніс сақтау қоймасын ашқан. Жобаның құны – 1,6 миллиард теңге. Сонымен қатар Ақбұлым ауылдық округі аумағында «Азия Ботлерс» ЖШС алкоголь және алкогольсіз өнімдер шығаратын цехті іске қосқан еді. Жобаның құны 280 миллион теңге, – дейді аудан әкімі.

Ауылшаруашылық саласында былтыр 4 жоба іске асырылыпты. Жалпы құны 1,1 миллиард теңгені құрайтын осы жобалар аясында 21 жаңа жұмыс орны құрылған екен. Осы ретте біз «Ализа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі көкөніс сақтау қоймасы жобасын жүзеге асырып жатқан Ербол Еркебаевпен де тілдестік.

 

ШАРУАЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛУДЕ

Гродеково ауылдық округінде жеке кәсіпкер Дариғаш Ақылбекова жылына 90 тонна сүт өңдейтін цех ашыпты. Жобаның құны 50 миллион теңге болса, жұмысқа 8 адам алынған. Осы ауылдық округте «Карим Жансерік» шаруа қожалығы жылына 10 тонна балық өсіру үшін бассейн салыпты. Жобаның құны – 75 миллион теңге, 2 азамат жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар «Жуманов Саламат» шаруа қожалығы да 35 тонна балық өсіруге арналған өз бассейнін аяқтапты. Жобаның құны 95 миллион теңге болса, жұмысқа 3 адам тартылған.

Аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың сөзіне сүйенсек, Жамбыл ауданы бойынша 2025 жылға ауылшаруашылығы саласында 525 шаруашылыққа 3 миллиард 147 миллион теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы аудан бойынша 64 шаруашылық 1,5 миллиард теңге несие алған. Бұдан бөлек, «Дихан» несиелік серіктестігі арқылы облыс бойынша барлығы 26 нысан 444,5 миллион теңге несиеге қол жеткізсе,  соның ішінде ауданнан егіншаруашылығында 3 нысан 77,9 миллион теңге, мал шаруашылығынан да 3 нысан -23,3 миллион теңге, барлығы 6 нысан 101,3 миллион теңге несие алыпты.

Айта кету керек, ауданда 31 елді мекен толығымен ауызсумен қамтылған. 2024 жылдан өтпелі жобалардан Жаңаөткел және Өрнек, Жұма ауылдарындағы ауызсу жүйесінің құрылысы былтыр аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Сонымен қатар бұрнағы жылдан өтпелі Бектөбе, Қызылшарық елді мекендеріндегі ауызсу жүйесінің құрылысы да толық аяқталып, Тараз қаласы әкімдігінің теңгеріміне өткізіліпті. Сондай-ақ, Аса және Айша бибі ауылдарында халық санының өсуіне және жаңа тұрғын үй алқаптарының қосылуына байланысты ауызсу тапшылығын болдырмау мақсатында екінші көтергіш сорғы стансасының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған екен. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 293,5 миллион теңгені құраған. Оның 803,5 миллион теңгесі Аса ауылына, ал 490,0 миллион теңгесі Айша бибі ауылына жұмсалмақ. Жобаны республикалық және облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін тиісті орандарға бюджеттік өтінім тапсырылыпты.

Аудан бойынша жаңа жылға дейін 31 елді мекеннің ішінде 28-і табиғи газ жүйесімен қамтылған болатын. Бұл көгілдір отын тұтынып отырған елді мекендер бойынша 90,3 пайызды құраған еді. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерінің магистралды газбен қамту жобасы үшін 439 миллион теңге қаралса, Тоғызтарау, Жаңа Өткел, Құмсуат, Сеңгірбай елді мекендерін ауылішілік газбен қамту және Сеңгірбай ауылына дейін магистралды газ құбырының құрылыс жұмыстары аяқталған болатын. Бүгінде нысан қабылданған, ол үшін 394,2 миллион теңге жұмсалған. Бұған дейін Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерін газға қосу үшін Талас ауданының магистралды газ құбыры құрылысының аяқталуы күтілсе, осы аталған 3 елді мекен табиғи газға жақында қосылып, аудандағы елді мекендердің газға қосылу көрсеткіші 100 пайызға жетіпті.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ