Әлеумет

«Біздің ұсынысымыз халықтың пікірімен ұштасты»

Елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар партиялардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігін арттыра түскені анық. Демек, облыста қандай да бір партия атынан сайланған түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының ұстанымы мен бастамалары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте біз «Ақ жол» Демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мұханбеталы Шалқарбековпен сұхбаттасқан едік. Сұхбат барысында еліміздегі саяси реформа, Мемлекет басшысының бір палаталы Парламент құру бастамасы және Президенттің ел экономикасын дамытудағы рөлі әңгіме өзегіне айналды.

– Мұханбеталы Жеңісұлы, сіз үшін 2025 жыл несімен есте қалды?

– Жалпы, өзім 2025 жылды жайлы жыл болды деп есептеймін. Себебі, ең бастысы деніміз сау, ел жұртымыз аман болып, тұрақтылық пен тыныштық сақталды. Ал еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде орын алған оқиғалар тұрғысынан алсақ, ол әрине – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың Ақ үйде өткен кездесуі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауы, Ұлттық құрылтай, «Орталық Азия - Қытай» саммиті және Презиенттің Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын және барлық ауыл әкімдерінің басын қосып, өткізген форумы.

Бұл оқиғаларға барша қазақстандықтар құлақ түре назар аударғаны анық. Себебі мұндай басқосуларда еліміз, халқымыз үшін маңызды шешімдер қабылданатыны анық.

– Нақты қандай шешімдерді атап өтер едіңіз?

– Биліктің қандай да болсын шешімі ең бірінші мемлекет мүддесі мен халқымыздың қамы үшін қабылданатыны белгілі. Олар, әрине бір сөзбен айтқанда, бірінші кезекте сыртқы саясаттағы ынтымақтастық, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған қадамдар ғой. Солардың бірі- Қазақстан мен АҚШ Президеттерінің кездесуі нәтижесінде жасалған стратегиялық әріптестікті кеңейтуге арналған 17 миллиард доллардан асатын инвестициялық келісімдер.     

Ішкі саясаттың басты бағыттары мен ел экономикасын әрі қарай дамытудың жолдарын белгілейтін Президеттің Жолдауында инвестияция тарту, өнеркәсіптегі өсім көрсеткіштері мен жаңа өндірістердің іске қосылуын, ауылшаруашылығын қолдау шараларын жүйелендіру, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық қызметтерін ынталандыра отырып, қызмет сапасын жақсарту сияқты өзекті әрі кезекті қадамдар жан-жақты айтылды. Сондықтан оларға қайта тоқталудың қажеті жоқ.

Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі – Парламентті реформалау және бір палаталы жүйеге көшу туралы ұсыныс ерекше назар аударуға тұрарлық. Өздеріңізге белгілі, бұл бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, Президенттің тікелей басқаруымен Конституция мен оған тәуелді заңнамаларға енгізілетін өзгертулерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыс тобының құрамынан табылған «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевпен бірге  ақжолдықтар бұл саяси реформаларға өз ұсыныстарын беріп, демократиялық құқықтарын іске асыруға мүмкіндік алды. Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен барлық ауыл әкімдері бас қосып, ашық диалог ретінде өткізілген жиын да 2025 жылдың жаңалығы болды. Бұл атқарушы биліктің ең төменгі сатысы саналатын ауыл әкімдері мен Ел Президентінің алғашқы кездесуі. Тәуелсіз елдің тарихында мұндай алқалы жиын болған емес. Үкімет, Парламент, ауыл әкімдері жиналған алаңда жоғарғы биліктің құлағына жете бермейтін мәселелер талқыланып, ауыл әкімдерінің қызметіне қан жүгіртетін бірқатар маңызды шешімдер қаралды.

– Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы бастамасына пікіріңіз қалай?

– Әрине құптаймын. Жоғарыда айтқанымдай, Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының құрамында «Ақ жол» партиясының төрағасы болғандықтан, бұл мәселе кеңінен талқыланып,  барлық өңірлерден ұсыныстар жинақталды. Біздің  облыстық филиал да бірқатар ұсыныстар әзірлеп, партиямыздың қарауына жолдадық. Солардың ішінде біздің ұсынысымыз халықтың пікірімен ұштасты. Яғни, біздің ұсыныстарымызда бірінші кезекте жаңа Парламетті кәсібилендіру туралы ұстаным көрініс тапты. Мысалы, қазіргі Мәжілістің депутаты болу үшін жасың 25-ке толса болғаны. Яғни, кандидатқа білімі мен оның іс тәжірибесіне деген ешқандай талап жоқ. Парламент – еліміздің ең жоғары заң шығарушы органы. Ол жерде кез келген адам отырмауы керек. Сондықтан жаңа Парламент депутаттарына қойылатын біліктілік талаптарын Конституцияда және конституциялық заңнамаларда бекітуді ұсындық. Сонымен қатар жаңа Парламентте қазіргі Сенаттың құрылымы сияқты барлық өңірлерден сайланған өкілдердің болуын заңнамада қалдыруды да құптадық. Ең бастысы мынада деп ойлаймын, егер мұндай реформа ертең жаңа Парламеттегі депутаттардың санын қысқартып, олардың сапалық құрамын жақсартпаса, Президенттің бір палаталы Парламент құру туралы бастамасынан халық күтіп отырған нәтиженің болмауы да ықтимал.

– Президенттің аудан әкімдерінің сайлауына қатысты мәселені қайта қарауды тапсырғаны баршаға белгілі. Сіздің ойыңызша аудан әкімдерін халықтың сайлағаны дұрыс па?

– Бұл, әрине, үлкен дайындықты қажет ететін саяси реформа болмақ. Сондықтан да болар, қоғам өкілдері және Парламенттің кейбір депутаттары әртүрлі фактілерді келтіріп, «аудан әкімдерін сайлау бюджетке қосымша шығын әкеледі және бұл қажетсіз науқан» дегенді айтты. Бюджет қаржысы жағынан келсек, әрине тиімсіз. Қайта-қайта сайлау өткізудің бюджеттен де басқа кері әсері болуы мүмкін. Дегенмен бұл әлемдік практикада бар шара. Сондықтан қандай да болсын сайлауды дайындамастан бұрын оң мен солды айқындап алған дұрыс. Жалпы менің ойым, егер де сайлау жүйесінде түбегейлі реформа жүргізіліп, халықтың еркін таңдау жасауына жаңа үлгідегі модель әзірленсе, барлық сайлаудың тиімдігі болары сөзсіз. Айта кету қажет, «Ақ жол» партиясы электрондық дауыс беру және санау жүйесін енгізу туралы бірнеше жылдан бері мәселе көтеріп келеді.

– Сіздің облыстық мәслихатқа «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат екеніңізді білеміз. Жалпы, көппартиялы Парламент дейміз, мәслихаттардағы саяси партиялардың өкілдері дейміз, солардың қызмет тиімділігі қаншалықты? Неге бізге жаңа Парламентті тек бір партиядан құрмасқа?

– Сұрақ орынды. Ешкімге жаңалық емес, кейде сайлаушыларымыздың өздері барлық саяси партияларды біле бермейді. Депутаттарға деген де көзқарас әртүрлі. Оған себеп те жоқ емес, келісемін. Барлық аспаздың тағамы бірдей тәтті болмайды, барлық дәрігердің немесе автослесарьдің біліктілігі тең емес. Сол секілді саяси партияның құрамы болсын, мәслихат депутаттарының корпусы болсын, барлығы түрлі сала мамандары мен білімі мен тәжірибесі әртүрлі азаматтардан тұрады. Сондықтан өзге саяси партиялардың қызметі мен олардың депутаттары туралы айта алмаймын. Дегенмен, мен өзім мүшесі болып саналатын «Ақ жол» партиясының 2025 жылы атқарған жұмыстарына қысқаша тоқтала кетейін. Айта кету қажет, Парламент Мәжілісінде 6 ғана «ақжолдық» депутат бар. Дегенмен жаңа Салық кодексі төңірегіндегі пікірталас, кәсіпкерлерге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айып тағуды жою, сирек жер металдарының бақылаусыз шығарылуына қатысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен болған арадағы дау кәсіпкерлер мүддесін қорғауға бағытталды. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың IT-жобаларға шамадан тыс әрі негізсіз шығын жұмсауы жөніндегі Үкімет және әкімдіктермен пікірталас, цифрландыру мен жаңа технологияларды ілгерілетуге бағытталған бастамалар да еліміз үшін қолға алынған маңызды істің бірі еді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының парламенттік реформаға қатысты ұстанымы, квазимемлекеттік компаниялардың жосықсыз бәсекесінен жеке кәсіпкерлерді қорғау мәселесі бойынша «Ақ жол» партиясы депутаттық фракциясының Үкіметпен болған дауы да фракцияның принципті позициясын көрсетті. Бұдан бөлек, Үкіметтің 2024 жылға арналған бюджеттің орындалуы туралы есебіне қарсы дауыс беруі «ақжолдықтардың» табанды еңбектері мен батыл шешімдерінің айқын көрінісі болды.

Сөз жоқ, 2025 жылы «Ақ жол» партиясы ең үлкен жұмыс көлемін жаңа Салық кодексі жөніндегі пікірталастарға арнады. Соңында кәсіпкерлік қызметке күш түсіретін жаңа Салық кодексіне қарсы дауыс берді. Арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға рұқсат етілген кәсіпкерлік қызмет түрлерін (ЭҚЖК – ОКЭД) сақтау жолындағы «Ақ жол» Демократиялық партиясының күресі де сәтті аяқталды. Барлығымызға белгілі, 2025 жылдың 26 қыркүйегінде Үкімет 795 ЭҚЖК түріне АСР қолдануға тыйым салынған тізім жариялады. 2 қазанда «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкіметке бұл шешіммен үзілді-кесілді келіспейтінін білдіріп, бұрынғыдай тек 44 ЭҚЖК түріне ғана тыйым салуды сақтау қажеттігін алға тартты. Артынша, 16 қазанда Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет АСР қолдануға тыйым салынатын ЭҚЖК-нің 44 түрінен тұратын тізімді сақтайтынын мәлімдеді. Қалған 1067 кәсіпкерлік қызмет түріне АСР қолдануға рұқсат берілді.

– Ал облыстық мәслихаттың атқарған жұмысы туралы, жалпы өзіңіздіз депутаттық қызметіңіз жайлы не айтар едіңіз? Сайлаушылардың көңілінен шығатын іс атқара алдық деп ойлайсыз ба?

– Жалпы облыстық мәслихатта атқарылған шаруалар туралы ақпарат тарату менің өкілеттігіме кірмегендіктен, қандай да бір істерді баяндау дұрыс болмайтын шығар. Оның үстіне, облыстық мәслихаттың қызметі мен сессияларда қаралған мәселелер туралы халық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар деп ойлаймын.

Ал менің жеке қызметіме келсек, мен облыстық мәслихаттың экология, өнеркәсіп, құрылыс, табиғи ресурстар, агроөнеркәсіпті және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасымын. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының төрағасымын. Облыстық мәслихаттағы комиссияның аты айтып тұрғандай, бұл сан саланы қамтитын жұмыс. Комиссияда менімен бірге 18 депутат бар. Олар, «АMANAT», «Ауыл», «Республика», «Қазақтанның халықтық» партияларының өкілдері. Жұмысымыз мәслихатпен бекітілген күн тәртібі мен кестелерге сай ұйымдастырылады. Негізінен ол комиссияның құзырына кіретін мәселелерге жергілікті бюджеттен бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуы, бағдарламалардың іске асырылу барысын зерделеу, жұмыс нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсынымдар әзірлеу сияқты шаруаларды қамтиды.

Өткен жылы комиссия тарапынан Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс, тұрғын үй, өнеркәсіп, кәсіпкерлік салалары және коммуналдық-шаруашылық қызметі бойынша бірқатар зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтар болсақ, мектеп, аурухана, ауызсу, әлеуметтік нысандардың құрылыстары, мекемелердің қысқы от жағу маусымына дайындықтары зерделенді. Сонымtн қатар зерделеу барысында өңірдегі спорттық нысандардың жағдайы мен олардың тұрғындарға қолжетімділігі, елдімекендердегі тазалық, экологиялық мәселелер, табиғатты қоhғау және орман шаруашылығын дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламалардың іске асырылу барысы сияқты бірқатар тақырыптар қамтылды. Әрине, бұл салалардағы барлық шаруалар адами ресурстардың күшімен іске асырылып жатқандықтан, оның нәтижелері де әртүрлі. Барлығы жақсы деп те айта алмаймыз, жұмыс жоқ деуге де ауыз бармайды.

Комиссия мүшелерінің негізгі міндеті – атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын зерделеу, көзге көрініп тұрған кемшіліктер болса оларды көрсету. Бұл ретте жергілікті мамандардың ұсыныс-тілектерін тыңдау және осылардың негізінде қалыптасып отырған жағдайды мәслихаттың сессиясына шығарып, кем-кетікті түзетуге ықпал жасау ескеріледі. Мысалы, 2025 жылы «Көктемгі су тасқынына дайындық іс-шаралары туралы су тасқыны қауіпті кезеңде төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар» және «Көктемгі абаттандыру, санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар» зерделенді. Атқарылған жұмыстар көп. Дегенмен депутаттарды алаңдатқан мәселелер де жоқ емес. Солардың ішінде инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес, Тараз қаласының, Байзақ, Мойынқұм, Тұрар Рысқұлов аудандарының әкімдіктері мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны көпірлер мен дренажды арналарды жөндеуге, арналарды тазартуға, су торабының ақаулы шандорын (шлюзді ашу механизмі) ауыстыруға, су өткізу құрылыстарын орнатуға қатысты шараларды толық орындамаған.

Елді мекендердегі абаттандыру, көгеріштендіру жұмыстарында да қалыптасып отырған жағдай сессия жұмысына шығарылды. Жалпы зерделеу жұмыстары барысында облыс аумағында 2024 жылы отырғызылған көшеттердің басым бөлігінің қурап кеткендігі анықталған. Тараз қаласы, Балуан Шолақ көшесіндегі «Мамыр» саябағын абаттандыру мақсатында жасалған жобаның сараптамасын жекеменшік кәсіпкерлік нысаннан алғаны және жоба құны 1 миллиардқа жуық теңгені құрағандығы депутаттар тарапынан сынға ұшырады. Өңірдің кәсіпкерлік саласын дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мен инвестициялар тарту бойынша атқарылған жұмыстар және «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының жұмыс тиімділігін зерделеуде жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, банктердің несиелеріне кәсіпкерлердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы салғырттық, кейбір ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүлікті кепілге алмау сияқты проблемалардың әлі де шешілмеуі мәселелері бойынша тиісті әкімдер мен мекеме басшыларына ұсынымдар берілді.

Енді «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының қызметі туралы айтсақ, мен төраға ретінде бұл қызметті 2021 жылдан бастап атқарып келемін. Бүгінде облыста партиямыздың 7 мыңнан астам мүшесі бар. Соңғы сайлау қорытындысы бойынша партия филиалы облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда 17 мандатты иеленді. Оның екеуі облыстық мәслихатта, екеуі Тараз қалалық мәслихатында. Депутаттарымыздың бір жылдық қызметі туралы айтуға уақыт жетпесі анық. Дегенмен, өзіміздің өңірдің экономикасы мен әлеуетін көтеруге бағытталған бір бағытымызды айтпай кетуге болмас. Бұл кәсіпкерлерді қолдауға арналған нақты шаралардың бірі. Салық кодексіне бөлшек сауда салығы бойынша енгізілген өзгерістен бастап «Ақ жол» Демократиялық партиясы оның мөлшерлемесін орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетуді табандылықпен талап етіп келеді. Мысалы, өткен жылы 1 желтоқсанға қарай мәслихаттардың басым көпшілігінде (республикалық маңызы бар 3 қала, облыстық маңызы бар 32 қала, 100-ден астам аудан) «Ақ жол» партиясы депутаттарының ұсыныстары қолдау тауып, АСР мөлшерлемесі 2-3 пайызға дейін төмендетілді.

Жамбыл облысында да бұл үрдіс жылда депутаттарымызбен жалғасын тауып отыр. Өткен жылы Тараз қаласы және аудан әкімдері мен мәслихаттарына депутаттық сауалдар жолдап, нәтижесінде 2026 жылға бөлшек сауда салығының мөлшері Салық кодексінде бекітілген 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді.

– Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған жұмыс сапары барысында Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қоюы және Тараздағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа батырдың есімін беруі қоғамда кең қолдау тапты. Мұның саяси, рухани әрі тәрбиелік мәні қандай деп ойлайсыз?

– Бұл жаңалықты бірнеше қырынан бағалауға болады. Ең алдымен біз Мемлекет басшысының Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беруін тарихи әділеттіліктің орнауымен байланыстыруымыз керек. Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі, өн бойында тұнған әскери әдіс-тәсілі мен қолбасшылық қабілеті тұтас адамзаттың әскери тарихына үлгі болғаны белгілі. Алайда батырдың бұл қабілеті және ұлт руханиятына сіңірген еңбегі ұзақ жылдар бойы ресми деңгейде толық бағаланбай келді. Президенттің осы Жарлыққа қол қоюы ұлттық тарихымызға деген әділ көзқарастың қалыптасқанын, ел ішінен шыққан батырларды лайықты дәрежеде ұлықтай алатынымызды көрсетіп отыр. Сонымен қатар мұның саяси жағынан да мәні  зор. Қазіргі таңда елімізде саяси реформалар жүргізіліп, ұлттық құндылықтарды жаңаша пайымдау үдерісі жүріп жатыр. Осындай кезеңде Мемлекет басшысының тарихи тұлғаға қатысты батыл әрі әділ шешім қабылдауы бір жайтты меңзегендей. Яғни бұл Отан, ел-жер, мемлекет үшін ардан аттамай, адал жолмен жүре білген, әділдікті ту еткен тұлғалардың бағасы еш уақытта ескерусіз қалмайтынын аңғартады.

Тараз қаласындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беру мәселесіне келсек, мұны болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарас деп білемін. Осы арқылы біз тұтас бір тәрбиелік идеологияны қалыптастыра аламыз. Әскери мектеп табалдырығын аттаған әрбір жасөспірім батырдың өмір жолымен, ерлігімен, тәртібімен, Отанға деген адалдығымен күн сайын бетпе-бет келіп отырады. Мұндай рухани орта жас ұрпақтың бойында патриотизмді, жауапкершілікті, елге қызмет ету ұғымын ерте жастан қалыптастырады. Өйткені Мемлекет басшысы еліміздің әр өңірінде осындай мектептер ашу қажеттігін сөз еткен болатын. Президенттің бұл бастамасы аймақтардағы әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуге серпін береді деуімнің мәні осында. Негізінде әскери мектептер болашақ офицерлерді дайындауда саналы, тәртіпті, мемлекетшіл азаматтарды тәрбиелейтін ортаға айналуы тиіс. Бауыржан Момышұлының есімі дәл осындай мақсаттағы жұмысты жүзеге асыруда үлкен рөл атқарады. Оның жүріп өткен жолы кейінгі ұрпақ үшін тәртіптің, принципшілдіктің, ұлттық намыстың ерен үлгісі екені даусыз.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының бұл ісі болашақтың қамы, батыр есімін ұлықтай отырып, елімізе идеологиялық негіз қалыптастырудың алғышарты. Батырды ұлықтау арқылы біз жастарды ұлт тарихын құрметтеуге, елге адал қызмет етуге тәрбиелейміз. Мұны өз басым бүгінгі қоғам үшін аса қажетті әрі дер кезінде жүзеге асқан ірі істің бірі деп бағалаймын.

– 2026 жылдан не күтеміз? Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай өзгерістер болуы ықтимал?

Адам болған соң барлығымыз тек жақсыны қалаймыз. Биылғы жылға өз басым тек оптимистік көзқараспен, үлкен жоспарлар құрып, үміт артып отырмын. Өңірімізде, жалпы елімізде экономиканың даму тенденциясы сақталып отыр ғой. Биылғы жылы да осындай үрдіс жалғасады деген сенімдемін. Облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің қорытынды есептерінен оқып, көріп отырмыз. Инвестияның тартылуы, өндіріс орындарының құрылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – экономиканың ілгерілуіне оң септігін тигізетін факторлар. Өңірімізде бизнес жасауға қолайлы жағдайлар бар деп есептеймін. Сондықтан Ел Президенті тұрақты түрде айтып отырған инвестициялық ахуалды жақсартуымыз қажет. Жалпы өңірдің экономикасы мен әл-ауқатын арттыру тек Үкімет пен жергілікті биліктің міндеті деген пікір қате. Әр отбасы – кіші мемлекет. Сондықтан оның әрбір мүшесі қол қусырып отырмауы тиіс. Мемлекетке қарап алақан жайған адамға Үкімет ештеңе бермейді. Масылдыққа қарсы қоғам құру саясаты ашық айтылып отыр ғой. Осыған байланысты, отбасымыздың жағдайын, өңіріміздің экономикасын тек жұмыла отырып еңбек ету арқылы көтеруге болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ