Халық аманатын орындау маңызды
Облысымызға арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары 5 қаңтардан бастап Тараз қаласы мен облыстағы 10 ауданды аралап, жергілікті халықпен жүздесті. Осы аралықта депутаттар білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларындағы өзекті мәселелермен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Түрлі ұжымдармен кездесіп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, түйткілді мәселелерді бірге талқылады.
Кеке іссапар қорытындысы ретінде Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров, Гүлдара Нұрым және Әбутәліп Мүтәлі «AMANAT» партиясы облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарындағы депутаттық фракция мүшелерімен арнайы кездесті.
Кездесу барысында партияның Сайлауалды бағдарламасының өңірде іске асырылу барысын, заңнамалық деңгейде қолдауды қажет ететін мәселелерді және мәслихат пен Мәжіліс депутаттарының өзара үйлесімді жұмысын арттыру жолдарын талқылады. Сонымен қатар ауыл әкімдерінің құзыреттілігін күшейту мен жергілікті басқаруды нығайту мәселесі де күн тәртібіне шығарылды.
Ал өз кезегінде Гүлдара Нұрым аудан, ауылдарды аралау барысында бірқатар мәселелерге көз жеткізгенін тілге тиек етті. Ел-жұртпен жүздесу барысында сөз етілген және өзі байқаған шешімін күткен түйткілдердің түйінін тарқату жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Мәселен, депутат Қордай және Шу аудандарының арасындағы жолды жөндеу кезек күттірмейтін мәселе екеніне тоқталды.
Депутат Әбутәліп Мүтәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялғанына тоқталып, өңірді қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету жайын қозғады.
Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, ортақ талқылауға түсті. Атап айтқанда, өңірде туризмді дамыту, шаруаларға берілетін субсидия көлемін арттыру, әлеуметтік нысандарды жобалауда бірыңғай жүйе қалыптастыру туралы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күтім жасайтын жандарға төленетін жәрдемақыны көбейту, облыста тұқымшаруашылығын дамыту, «Ауыл аманаты» жобасы аясында берілетін несиенің көлемін ұлғайту және әлеуметтік сала мамандарының жалақысын қайта қарау мәселелері қозғалды.
Тараз қаласының Қолөнершілер қаласы ретінде қалыптасуы – үлкен мүмкіндік. Осы бағытта мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажеттігі де депутаттар назарына ұсынылды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ