Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 114 жыл. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның туған күніне орай Тараз қаласындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді.
Іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен белсенді жастар қатысты.
Жиналған қауым ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаның жарқын бейнесін еске алып, рухына тағзым етті.
Белгілі журналист, қоғам қайраткері Жанабай Миллионов өз сөзінде ұлы тұлғаның халқымен біте қайнасқан тағдырына ерекше тоқталды.
Іс-шара барысында Дінмұхамед Ахметұлының адамдық болмысы мен биік тұлғалық қасиеттеріне ерекше мән берілді. Қарапайымдылығы мен принципшілдігі, жоғары адамгершілігі мен айналасындағы адамдарға деген терең құрметі ел жадында мәңгі сақталғаны айтылды.
Дінмұхамед Ахметұлының елге адал қызметі мен мемлекетке, қоғамға деген шынайы әрі кәсіби көзқарасы көптеген буын үшін өнеге болып қала бермек. Қазақ халқының ардақты перзентінің өмір жолы – әділдік пен парасаттың, елге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ