Баспанамен қамту мәселесі біртіндеп шешілуде
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен кезекті аппараттық кеңесте әлеуметтік осал отбасыларды баспанамен қамту мәселесі қаралып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды.
Тақырып бойынша облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57 434 азамат тіркелсе, оның 31 055-і әлеуметтік осал топтарға жатады. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылуда.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, былтыр 18,4 миллиард теңгеге 2 190 пәтерлі кредиттік және жалдамалы 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде жыл қорытындысымен Тараз қаласының «Ұлы дала» ықшамауданында 850 пәтерлі 15 көпқабатты тұрғын үй, ал 14-ықшамауданда 200 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталыпты. Аталған қаржының 14,8 миллиард теңгесі облигациялық қарыз немесе құнды қағаздар есебінен жұмсалған. Сондай-ақ кредиттік тұрғын үйлерге қалалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге және 0,3 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен қаралыпты. Құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған тұрғын үйлер Тараз қаласындағы Сүлейменов көшесі мен бірқатар ықшамаудандарда да бар.
Сонымен қатар өткен жылы үнемделген қаражат есебінен қосымша 10 пәтер сатылып алынған. Атап айтқанда, Талас ауданында республикалық бюджет қаражаты есебінен 5 пәтер, ал Сарысу ауданында құнды қағаздар есебінен тағы 5 пәтер сатылып алыныпты. Сол сияқты республикалық бюджет есебінен 4,9 миллиард теңгеге 365 пәтер сатып алынған. Бір айта кетерлігі, бұл қаражат нысаналы мақсатты трансферттер ретінде бөлінгендіктен, қайтарымсыз қаржы болып есептеледі. Ал облигациялық қарыз тетігі арқылы 16,5 миллиард теңгеге 1 060 пәтер сатып алынып, бұл қаржы қайтарымды құрал ретінде жүзеге асырылған.
Ерлан Орынбаев сондай-ақ тұрғын үй саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары құрылысы басталып, белгіленген мерзімде аяқталмаған проблемалық 920 пәтерлі 13 тұрғын үйдің мәселесі толық шешілген. Аталған нысандар Тараз қаласында орналасқан.
Биыл кезекте тұрған 1 795 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр екен. Оның 350-і – әлеуметтік осал топтағылар. Ерлан Құрмантайұлының айтуынша, биыл 1 525 пәтерлі 32 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп, жыл қорытындысымен 1 445 пәтерлі 31 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Асқаров көшесінің соңындағы аумақта 1 176 пәтерлі 30 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Аталған жобалардың жалпы сметалық құны инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қоса алғанда 39,3 миллиард теңгені құрайды. Бұл жобаларды іске асыру үшін облигациялық қаражат есебінен 18,7 миллиард теңгеге өтінім берілген, ал мемлекеттік бағдарлама шеңберіндегі есептік құны 26,8 миллиард теңге болып белгіленген. Қазіргі уақытта бұл жобаларға алдын ала 5 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Егер аталған жобалар толық көлемде қолдау таппаса, осы жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіштерінің орындалмау қаупі жоғары.
Бұдан бөлек, Асқаров көшесінің соңындағы сметалық құны 61,4 миллиард теңге болатын 1 800 пәтерлі 36 кредиттік тұрғын үйдің жобалық құжаттамасы толық дайын екен.
Сарысу ауданында өткен жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс болған 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Аталған жобаға қажетті қаржы 2023-2024 жылдары толық көлемде бөлінгенімен, жобаға бірқатар өзгерістер енгізілуіне байланысты құрылыс жұмыстары баяулап кеткен. Сонымен қатар енгізілген ірі түзетулер тиісті құрылыс талаптарының толық сақталуына да әсер еткен. Осыған байланысты нысанның нақты қашан пайдалануға берілетіні белгісіз күйде қалып отыр.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының әкімінен жауап алды. Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың айтуынша, аталған жоба Жаңатас қаласындағы 2-ықшамаудандағы №32 тұрғын үйге қатысты болып отыр. Қазіргі уақытта аталған тұрғын үйде реконструкциялау жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Мердігер – «Гранд Строй Сервис» ЖШС. Жобаны қайта қарау нәтижесінде құны 705 миллион теңгеден 820 миллион теңгеге өсіп, айырмасы 115 миллион теңгені құрап отыр. Былтыр бұл қаражатты облыстық бюджеттен сұрату жоспарланған. Қосымша қаржы бөлінсе, нысанды жылыту маусымына дейін толық аяқтау көзделіп отыр.
Сонымен қатар аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтен қала бойынша пәтерлерді сатып алу тетіктері арқылы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында биыл қандай жоспарлар бар екенін сұрады.
Бақытжан Әмірбекұлының сөзіне сүйенсек, Тараз қаласы бойынша әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында барлығы 190 пәтер сатып алу жоспарланып отыр екен. Бұл мақсатқа 3,2 миллиард теңге қаражат бөлінген. Аталған пәтерлерді тамыз айында сатып алу көзделуде.
Сонымен қатар облыс әкімі Ерлан Орынбаевтан өз баяндамасында атап өткен Тараз қаласындағы «Вилена» ЖШС мен Шу ауданындағы «SHEBER BUILD» нысандарының алдағы тағдырына қатысты сұрақ қойды. Аймақ басшысы екі проблемалық нысанның құрылысын толық аяқтау жоспары қандай екенін және бұл бағытта қабылданып жатқан шараларды нақты айтуды сұрады. Басқарма басшысы жобаларға тиісті түзетулер енгізілгенін, соның нәтижесінде Тараз қаласындағы нысанды биыл толық аяқтауға барлық мүмкіндік бар екенін айтты. Ал Шу ауданындағы жоба бойынша қаржыландыру мәселесі әлі де толық шешілмегенін жеткізді.
Мұнан соң «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов баяндама жасады. Былтыр аталған банкте депозиттік портфель 85 миллиард теңгеге жетіп, 130 мың салымшы тартылыпты.
Мұнан соң аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев күн тәртібіндегі бірінші мәселені түйіндеп, жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар жиында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарының барысы қаралды. Бұл бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Азат Абдразаков баяндама жасады.
Ербол Шырақпайұлы өткен жылы Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында орын алған су тасқынын ескере отырып, Меркі, Жамбыл секілді аудандардың әкімдерінен көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысын сұрады. Сондай-ақ Тараз қаласының әкіміне тұрғындар тарапынан арық-атыздардың тазалығына қатысты жиі айтылатын сын-ескертпелерді назарға алуды, қаладағы каналдарды тазалау жұмыстарын күшейтуді міндеттеді. Сондай-ақ жауаптыларға көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықта сақтық шараларын күшейтіп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ