Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам жауапқа тартылды
2025 жылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңсыз лотерея қызметін анықтау бойынша тұрақты мониторинг жүргізуде.
Комитеттің мәліметінше, мониторинг нәтижелері мен азаматтардан түскен өтініштер негізінде 2025 жылы 121 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматта түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған.
Хаттама шешімімен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді. Ал келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, заңнамаға сәйкес қаралады.
Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сәйкес, лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 200 АЕК-ке, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 750 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Сондай-ақ заңсыз қызметтен түскен табыс тәркіленеді.
Туризм және спорт министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілерде ұйымдастырылатын күмәнді ұтыс ойындары мен акцияларға қатыспауға шақырады.