Жаңалықтар

Oreo печеньесі «қауіпті» ме? Мамандар нүктесін қойды

Әлеуметтік желілерде Oreo печеньесінің зияны туралы тараған ақпаратты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды arainfo.kz

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, интернетте айтылып жүрген кремді салмасы «пластикалық желім» екені және печеньенің «артерияларды бітеп тастауы» мүмкін екені жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды және ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Мамандар бұл ақпараттың ешбір дәлелге сүйенбейтінін атап өтті.

Комитеттің хабарлауынша, 2025 жылы бақылау мақсатындағы сатып алу аясында Oreo печеньесінің үлгілері зертханалық тексеруден өткен. Зерттеу нәтижелері бойынша өнімдер микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша барлық белгіленген талаптарға толық сәйкес келген. Қауіпсіздік нормаларын бұзатын қандай да бір ауытқулар анықталмаған.

Сонымен қатар Oreo печеньесі Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тек Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келген жағдайда ғана сатылымға шығарылады. Бұл талаптар өнімнің қауіпсіздігімен қатар, оның құрамының, тағамдық құндылығының, өндіруші туралы ақпараттың және сақтау шарттарының дұрыс көрсетілуін көздейді.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды күмәнді дереккөздерге сенбеуге, әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпаратқа сын көзбен қарауға және тек ресми дереккөздерде жарияланған тексерілген мәліметтерге сүйенуге шақырды.