«Барселона» қатарынан екінші жыл Испания Суперкубогын жеңіп алды
Сауд Арабиясының Джидда қаласында өткен Испания Суперкубогының финалында каталониялық «Барселона» мадридтік «Реалды» 3:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды arainfo.kz
Ханс-Дитер Флик шәкірттері есепті 36-минутта ашты. Рафинья каталондықтарды алға шығарды. Бірінші таймның соңғы минуттарында ойын нағыз драмаға ұласып, қос команда қатарынан үш гол соқты. «Реал» сапынан 4 қазаннан бері алғаш рет гол авторы атанған Винисиус пен Гонсало Гарсия мергендік танытса, «Барселона» құрамынан Роберт Левандовски көзге түсті.
Екінші таймда ойын тағдырын 73-минутта шешкен Рафиньяның екінші голы айқындады. Ол қосалқы құрамнан алаңға шыққан Дани Ольмоның нәтижелі пасын сәтті пайдаланды.
Осылайша, «Барселона» қатарынан екінші жыл Испания Суперкубогын иеленді. Айта кетейік, бұл клуб тарихындағы 16-шы Суперкубок атағы.